- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Мектеп оқушылары интернетті...
Мектеп оқушылары интернетті дұрыс пайдаланып жүр ме?
Қазіргі кезде бос уақытымның интернетте мардымсыз ақпарат қараумен өтеді деушілердің саны артып келеді. Оған не себеп болып отыр? Жалпы интеннетті қалай пайдалану керек? Осы сынды сұрақтар аясында Massaget.kz сайтының ұжымы Алматы қаласы №88 жалпы білім беретін мектеп оқушыларына шеберлік сағатын өткізді. Шеберлік сағатына 8, 9 және 10 сынып оқушылары қатысып, ғаламтор ресурстарын өз пайдасына қалай асыру керек екенін ұғынды.
Қазақ тілді жастарға арналған танымдық порталдың ұжымының оқушылармен кездесу кезінде қозғаған мәселелері:
1. Блог дегеніміз не, блогшының қызметі қандай?
2. Блогтың түрлері және маңыздылығы.
3. Форум туралы жалпы түсінік.
4. Жаңа медианың білім деңгейімізді көтерудегі маңызы.
5. Интернеттің танымдық ой көкжиегімізді кеңейтудегі орны.
6. Интернеттің тұлға болып қалыптасудағы пайдасы.
7. Тез танымал болып, өз атыңды шығарудағы мүмкіндігі.
8. «Massaget.kz» сайтының айдарларымен жеке-жеке таныстырып, әсіресе осы оқушылар танымына арналған «Алтын ұя» айдарын кеңінен талқылау.
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, ұжымның мақсаты мектеп бүлдіршіндеріне ғаламтор ішінен керегін әрі пайдалысын сүзіп алып, кері әсер беретін керексізін сызып тастауға үйрету болды. Алғашқы болып, сайттың спорт айдарына жауапты тілшісі Өмірбек Сансызбай «Интернет журналистика – жаңа медианың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында біршама тоқталып өтті. Расында оқушылардың күнделікті пайдаланып жүрген интернет ресурстары өздері сынды дарынды жастардың еңбегі екенін білсе де, тереңінен үңілмейтіндерін айтады. Қазіргі заманның негізгі ақпарат көзіне осы ғаламтордың айналып жатқаны және өзге де медиа және БАҚ өкілдерінің интернет платформасына ауысып жатқаны туралы айтылды.
Блог жаза білу де бірталай еңбекті қажет етеді. Қоғамда көптің ойында жүрген мәселені алға тартып, ой бөлісу әрбір блогшының ұшқыр ойы мен мардымды пайымынан құралады. Бұл туралы Massaget.kz сайтының жоба жетекшісі Еркебұлан Қайрахан айтып өтті. Расында мектептің алғы буыны біршама уақытын интернетте өткізсе де, бірде-бір рет блог жазып көрмеген екен. Бұл да интернет ресурстардың өз пайдаңа асырудағы қателіктердің алғышарты болғандықтан, блог жазып өз атыңды қоғамға таныта білу қажет екені де айтылды. Мысалы, белгілі бір сайттың 30 мың оқырманы болса, оның блог платформасына ерікті түрде жазылған блогты кем дегенде аталған көрсеткіштің жартысы қарайтынын ескеру керек. Егер оқырман өзекті тақырыппен ой бөлісетін болса, оның есімін де біршама оқырман тани бастары анық. Ал блог жазуға шектеу жоқ. Ол әрбір тұлғаның өз еркі.
Ал оқушыларға қызық әрі жақын тақырыпта сөз қозғаған Massaget.kz тілшісі Қарлыға Бүйенбай жиналған оқушыларды белсенді түрде қатысуға шақырды. Тілшіміз ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу мүмкіндіктерінің қазіргі қазақ тілді сайттарда көптеп қаралғаны туралы айтып өтті. Мысалы, ҰБТ кезінде талып қалған жағдайда қандай әрекеттер жасау керек екендігі немесе ҰБТ-ны тапсыруға психологиялық тұрғыдан дайын болуға көмектесетін мақалалардың қазақ тілді онлайн платформаларында табылатыны жайлы сөз болды.
Сөз кезегін ретімен нұсқап отырған Ербол Молдажанов оқушылардың жаңа өмірге дайын болулары үшін қазірден бастап әмбебап тұлға болып қалыптасуға талпыну керек екенін айтып өтті. Ол үшін әрине қазіргі заман талабына сай білімді, өз уақытын бақылай алатын, жеке пікірі қалыптасқан, көптеген өнерді игерген болуы керек.
Басты назар уақытты дұрыс үнемдей алуға бағытталды. Мектеп аясында алған білімнің студенттік өмірде қажет боларын және оның тереңдей түсетінін ескерсек, оқушылардың осы жастағы бар әрекеті ертеңгі болашағының бағдарына айналытыны анық. Осы мерзімді ғаламторда босқа өткізбей, танымдық әрі пайдалы сайттарды қолдану жолдарын оқушылар ұғына түсті.
Сурет: ©massaget.kz
Оқи отырыңыз:
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3
Үздік оқушылардың өмірде жолы болмайтыны рас па?
Ұстазыңызбен сыйыңыз жараспай жүр ме?
Әр мемлекеттің мектептері туралы қызықты деректер
Ж. Өрісбай