Мамандықты дұрыс таңдай біліңіз

Мамандықты дұрыс таңдай біліңіз

Кәсіби қызметтің нәтижесі – кез келген жұмыстың негізі. Біздің өмірде неге қол жеткізгіміз келетіні туралы пайымның өзі біздің арманымызға жетуге мүмкіндік береді. Әрине, мамандық таңдағанда маманға тек қана білімі мен іскерлігі ғана емес, сондай-ақ, оның қабілеті мен жеке қасиеттерін дамыту деңгейі жағынан да қандай талаптар қойылатынын білу маңызды.

Мұндай ақпараттарды қайдан алуға болады?

Өз мамандығы туралы кәсіби маман ғана ұтымды айтып бере алады. Мамандық таңдау алдында кез келген жасөспірім белгілі бір мамандықтың иесі болып табылатын ересек адамдардың қасында болады. Олардың өз мамандықтары туралы қызықты әңгімелері жасөспірімнің қызмет саласындағы белгілі бір қызығушылықтарын дамытудың себепкері болуы мүмкін. Сонымен қатар, мамандарды ЖОО, колледждер, техникумдар мен басқа да мамандарды дайындайтын кәсіби оқу орындарынан табуға болады.

Ақпарат беруші мамандармен қалай кездесу керек?

Ең қарапайым тәсіл – ашық есік күндеріне келіп, өзіңізді қызықтыратын факультет әкімшілігі немесе кафедра қызметкерлерінен тиісті ақпарат алу. Сонымен қатар, ЖОО-ның кәсіби қызмет және сол мамандық бойынша оқудың ерекшеліктері туралы нақты ақпарат бере алатын қызметкерлерімен жеке кездесу жөнінде келісуіңізге де болады.

Таңдалған мамандықтың бағыты туралы ақпаратты қайдан алуға болады?

Бірнеше мамандық бойынша осындай белгілі бір ақпарат алып, өзіңізге не ұнайтынын және ненің ұнамайтынын, сондай-ақ, немен сәттілікке жететініңіз немесе жете алмайтындығыңызға қатысты шешім қабылдай аласыз. Мамандықтар туралы ақпаратты қаншалықты көп жинасаңыз, соғұрлым таңдауыңыз нақты әрі түсінікті болмақ.

Мамандықты жетік игеру үшін оқу орнын қалай таңдау керек?

Кез келген оқу орнының басты құндылығы оның оқытушылық құрамы болып есептеледі. Маман дайындау саласында ұстаздың кәсіби шеберлігі маңызды екені белгілі. Сабақ кестелерімен де толық танысқан жөн. Кестеде көрсетілетін пәндер, сондай-ақ, олардың әрқайсысына бөлінген сағат сандары аталған факультет ұсынатын білімнің көлемін бағалауға мүмкіндік береді. Оқу процесінің техникалық және материалдық жабдықталуына да (кітапхана, компьютерлік сыныптар, арнайы жабдықталған бөлмелер және т.б.) назар аударған жөн. Студенттердің, әсіресе, осы оқу орнының түлектерінің пікірін тыңдау керек.

Осы тұста өзім тәлім алып жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінде «мәдениеттану» мамандығының ашылғанын жария етіп, түлектерге құлаққағыс айтқым келеді. Егер таңдау пәніңіз дүние жүзі тарихы болса, сізде аталған мамандықтың иесі атануға мүмкіндік бар.

«Мәдениеттану» қандай мамандық?

Мәдениеттi зерттеудiң терең философиялық дәстүрлері бар. Ол басқа ғылымдардың, нақтырақ айтсақ, ең алдымен археология, этнография, тарих, психология, әлеуметтану ғылымдары өкiлдерiнiң қызығушылығын тудырады. Тек XX ғасырдың ортасында ғана мәдениеттi пән аралық зерттеу басталады. Мәдениет туралы қазiргi кезеңдегі пайым оның дағдарысын, адам мен табиғат арасында үйлесiмнiң мүмкiн болмайтындығын ұғыну ретiнде қалыптасты. Қазiргi уақытта мәдениеттердiң алуан түрлi типiн енгiзуге, оның негiздерi туралы теориялық ойлардан нақты мәдениеттану зерттеулерiн өткiзуге көшу мүмкiндiгiне жол ашылды. Мәдениеттанушы, ең алдымен мәдени қызметтiң нәтижелерiмен (мәдени шығармашылықтар тақырыбымен, өнiмдерiмен — мысалы, музыкамен, сурет өнерiнiң туындыларымен) айналысады, сондай-ақ, музыкатанушылар, өнертанушылар қандай теориялық позицияны ұстанатындығына тәуелсiз, мәдениет рухын (менталитетiн, мәдени парадигманы) игеруге бет бұрғанда мәдениет танушыларға айналады. Бұл жағдайда екiншi – мәдениеттің коммуникативтiк тобы пайда болады (қарым-қатынас жасау деңгейi, бiлiм беру және тәрбиелеу институттары). Ең соңында, оның ядросы, яғни архетипi — мәдени шығармашылық қызметінің құрылымы анықталады.

Жолдаған: Асет Мұхтаров

Сурет: bakhmetev.livejournal.com

Оқи отырыңыз: 

Мамандықтың бәрі жақсы: Журналист

Мамандықтың бәрі жақсы: Аудармашы

Мамандықтың бәрі жақсы: Дизайнер

Мамандықтың бәрі жақсы: Туризм ісі

Ж. Өрісбай