- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Жұмысқа орналасуға қатысты...
Жұмысқа орналасуға қатысты кеңестер #2
Өзім университетті осы жылы бітірсем, менде еңбек өтілі қайдан болады? Тәжірибең жоқ деп жұмысқа қабылдамайтын болса, неше жыл бойына бір диплом алу үшін несіне тыраштандым? Бұл көпшілік студенттің ойы. Бұлай шамданып, жүйке жұқартудың қажеті жоқ.
Бірден мұндай мүмкіндік болмаса, алдымен тәжірибеден өтіңіз. Тәжірибеден өтетін жеріңіз жаныңызға жақын ба, ұжымы ұнай ма – осы мәселелерді зерттеп алыңыз. Тәжірибе уақыты аяқталғаннан кейінгі жұмысқа алу-алмау ықтималдығы қаншалықты екені де маңызды. Бұрыннан істеп келе жатқан қызметкерлерден қандай жағдайда орын босайтынын, қандай жағдайда жұмысқа қабылдайтынын анықтап сұрап алыңыз.
Тәжірибе кезінде өзіңізді барлық қырыңыздан танытып, жұмысты толық меңгеруге жаныңызды салыңыз. Адам тұрақты ісін тоқтатқан кезде ғана өзгелер назар аударады дейді. Бір жерде тәжірибеден өту уақытыңыз екі айдан ұзамағаны абзал. Тура екі ай өткен соң, рахметіңізді айтып, кететініңізді ескертіңіз.
Жанкешті қызметкерден айырылып қалғысы келмейтін, ақ пен қараны ажырата білетін басшы ісіңіз ұнаған болса, сізді қайтсе де алып қалады. Егер бос орын болмағандықтан амалсыз жұмысқа орналастыра алмаса, орын босаған сәтте бірінші сізді шақырады. Ал жұмысыңыз ұнамаған себепті қызметке қабылдамаса, онда да мұңаймаңыз. Өзіңіз үшін тәжірибе жинап, біраз нәрсе үйреніп шықтыңыз. Түк үйренбедім дегенде де, тым құрыса, адамдармен қалай араласуды меңгеріп, нағыз өмірдің дәмін таттыңыз.
Мамандығыңыз бойынша жұмыс істегіңіз келеді, бірақ мүмкіндік табылмай жүр. Не істеу керек? Бір ұстанымда қатып қалмай, кез келген табылып тұрған жаныңызға жақын қызметке орналасыңыз. Мүмкін, мамандығыңыз бойынша, шын қалайтын қызметіңізді сол жерде жүріп табарсыз. Бір жағдай екінші іске сеп болады ғой. Сол жұмыстағы әріптесіңіздің танысына қызметкер қажет болып, сізді ұсынар. Өмірде ғажайыптарға орын табылады.
@. @assel_assanova