Он адамның сегізі парашютпен секіруді армандайды

Он адамның сегізі парашютпен секіруді армандайды
Фото: rudaki.ru

Парашютпен секірген кезде ешнәрсемен тең келмейтін сезімнің жетегінде боласыз. Әр кез секірген сайын қанатын кеңге жайған құстай қалықтап, адреналин шығарасыз. Жерге аман-есен жетемін бе деп уайымдасаңыз да, бақыттың құшағында боласыз.

Шетелде жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, мұндайды 10 адамның 8-і бастан кешіргісі келеді екен. Бұл теория жүзінде. Алайда жеме-жемге келгенде, көбісінің батылы бара бермейді. Адамдардың туа біткен екі қорқынышы болады. Оның бірі – биіктіктен, екіншісі – қатты дыбыстан. Қалғандары өмір сүру барысында игеріледі. 

Парашютпен секіру үшін не қажет?

Жылы киім мен ыңғайлы аяқ киім. Жоғарыда жаздыгүннің өзінде суық екенін ұмытпаңыз. Жылы спорттық костюм мен жылы комбинезон қажет болады. Бұған қолғап пен көзілдірікті қосыңыз. Мұнымен қатар, бас киім мен крассовкінің маңызы бар. Майда заттарыңыздың барлығын жерде қалдырыңыз. Өзіңізбен бірге жақсы көңіл күй мен батылдықты ала барыңыз.

Денсаулық мәселесі. Кімдерге секіруге болмайды?

Ең бірінші рет секірген кезде, міндетті түрде медициналық тексеруден өтуіңізге тура келеді. Дәрігер сіздің қан қысымыңыз бен дене температураңызды өлшейді. Алайда денсаулығыңызға өзіңіз де мән беріңіз. Себебі кей ауруда парашютпен секіруге тыйым салынады. Мысалы, жақында сүйегі сынған адамдарға тыйым салынады. Мұнымен қатар, келесі аурумен ауыратын адамдарға парашютпен секіруге болмайды:

- қант диабеті;

- қояншық;

- психологиялық аурулар;

- тұмау мен суық тию;

- ортаңғы құлақтың ауыруы;

- гипертония.

Анаша қабылдап, ішімдік ішкен адамдар парашютпен секіру алаңына жіберілмейді. 

Нұсқаушымен бірге секіруге

Бұл – алғаш рет парашютпен секірушілерге таптырмас тәсіл. Осылайша өзіңізді барынша сенімді сезінесіз. Секіру биікте қалқып тұрған ұшақтың немесе тікұшақтың көмегімен жүзеге асады. Борттағы нұсқаушы аспалы жүйені қалпына келтірген соң, 3 500-4 000 метр биіктіктен секіру мүмкіндігі туады.

Парашютпен шамамен 50 секунд бойы секіресіз. Инструктормен секірген кезде, сізден ешбір әрекет талап етілмейді. Бар болғаны, нар тәуекелге бел буып, секіруіңіз керек. Жерге түсер сәтте құлау жылдамдығы 1м/с теңеседі.

Парашютпен жалғыз секіру

Ал бұл жерде жәй ғана ұшақтан секіру аздық етеді. Жеңіл құлау 3 секундке теңеседі. Артынша куполды ашуыңызға тура келеді.

Дайындық барысында нұсқаушы әрбір айтқан сөзіне мән беріңіз. Әрбір деталь маңызды. Олай болса, іске сәт!  

Қ. Бүйенбай