Ұшқыш қыз Ардана Ботай экипаж командирі болды

Ұшқыш қыз Ардана Ботай экипаж командирі болды

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тұңғыш әскери ұшқыш қызы, "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы Ардана Ботай "Су-30СМ" көпфункционалды жойғышының экипаж командирі ретінде алғаш рет жеке ұшу сынағын орындады.

Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған Ардана барлығын жоғары деңгейде өткізді. Дербес ұшуға рұқсат беретін практикалық емтиханды  ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов қабылдады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында "Су-30СМ" жауынгерлік ұшағында экипаж командирі ретінде дербес ұшуды алғаш рет әйел адам орындады. Оның бұған жақсы дайындалғанын, көк аспанды бағындыруға деген ұмтылысын, жойғыш ұшқыш ретінде мемлекетіміздің әуе шебін күзетудегі міндеттерді орындап жүргенін атап өткен жөн. Ол жауынгерлік авиациядағы әйелдердің ерлермен тең дәрежеде күрделі міндеттерді орындай алатынын дәлелдеді, - деді авиация генерал-лейтенанты.

Еліміздегі әскери авиация саласындағы жалғыз ұшқыш қыз қазіргі таңда Қарағандыдағы авиабазада жұмыс жасайды. Жақында Талдықорғандағы авиация базасында бірер ай бойы арнайы оқуға қатысты.  

"Су-30СМ" ұшағымен жеке ұшу мен үшін кәсіби тұрғыда қалыптасуға жасаған үлкен қадам. Алдағы мақсатым техниканы жақсарту және жер үстіндегі, әуедегі мақсаттарға және топтық ұшуларға жауынгерлік қолдануға рұқсат алу үшін әрі қарай даярлық бағдарламасына машықтану дағдыларын пысықтау, - дейді ұшқыш қыз.

Ұшқыш қыз Ардана оқу-жаттығуға арналған әскери Л-39 ұшағымен алғаш рет 2018 жылдың сәуір айында ұшты. Бүгінде ол авиациялық эскадрильядағы жойғыштың аға ұшқышы. Бүгінде ол "Су-30СМ" жаңа буын жойғышымен ұшып жүр.

"Су-30СМ" 4++ буындағы көпфункционалды жойғыш ұшақ. Кез келген ауа райы кезінде ұшуға болады. Әуеде барлау, жер үстіндегі және теңіздегі нысандарды жоюға арналған. Ал бұл әскери ұшақта дербес ұшу үшін үлкен еңбек пен білім керек.

Жеке ұшуға рұқсат алу үшін бірнеше ай теориялық білім алып, осы әскери ұшақтың арнайы жаттығу жаттығу капсуласында сынақтан өтеді. Түрлі сынақтар мен емтихан нәтижесі оңынан болса ғана жеке ұшуға рұқсат алады.

Н. Үсенова