Бибігүл Құламан: "100 жаңа есім" жобасы – бұл тарих

Бибігүл Құламан: "100 жаңа есім" жобасы – бұл тарих

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен "100 жаңа есім" жобасының марапаттау салтанаты өтті. Талантты, жалынды жастар топ жарып, халыққа танылды. 2017 жылы басталған жоба қазір елдің үздік байқауларының біріне айналды. Нағыз амбициялы азаматтардың топ жарар алаңына айналды десек те артық емес. Ендеше аталмыш жобаның ерекшелігі мен елге тигізер пайдасы қандай? Қалай ұйымдастырылады? Іріктеу қалай өтеді? Бұл сауалдардың жауабын білу үшін жоба кураторы, ұйымдастырушы топ өкілі Бибігүл Құламанмен сұхбаттастық.

– "100 жаңа есім" жобасы Сіз үшін ерекше, жылы жоба екенін өзіңіз де айтып жүрсіз. Еліміз үшін де мерейлі шара деп білеміз. Жалпы бұл жобаны ерекше ететін не?

– Иә, мен үшін бұл өте ыстық, шырайы жылы жоба. 2017 жылы Елбасының бастамасымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынған ірі проект. Осы күнге дейін төрт маусымы өтті. Елімізде ұлттық, жалпыхалықтық конкурстар мен жобалар көп-ақ. Бірақ "100 жаңа есімнің" орны бөлек. Өйткені бұл байқауда басты орынға шығатын – адамның өзі. Оның тұлғасы мен бет-бейнесі, бүкіл болмысы. Соған қарап адамның тағдыры мен өмір жолын танимыз. Танимыз да қайран қаламыз. Жобаға қатысқан әрбір адамды жеке жоба деп қарауға болады. Әрбірінің бойында тұнып тұрған тағдыр мен ерік-жігер жатыр. Ашып қалсаң, құдды бір сыр сандық ашқандайсың. Сондай дарынды, мақсат-тілегі биік, ниеті ізгі, жаны адал жандар. Пейілі пәк, кәсіби білік-білімі тас-түйін, шұғылданар ісі өзгеше адамдармен жұмыс істей жүріп өзімнің де кәсіби жағымнан өскенімді, толысқанымды сеземін. Мұндай көрігі қызық ортада жүріп қалай жетілмейсің. Қалай биікке ұмтылмайсың? Мен үшін "100 жаңа есім" жобасы арманыма қанат бітірген, жүрегімнен орын алған жоба болды.

– Керемет! Жалпы жобаны ұйымдастыру, үздіктерді іріктеу мен жинау жұмыстарын қалай жүргізесіздер? Соны толығырақ айта кетсеңіз.

– Бұл – үлкен команданың жұмысы. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен кәсіби мамандардан құрылған ерікті команда. Бұл жерде жобаға бей-жай қарамайтын, жан-дүниесімен тілектес, ниеттес адамдар бас қосқан. Бәріміз тегін жұмыс істедік. Жобаның басынан аяғына дейін тік тұрып қызмет жасадық. Түнімен жұмыс істеген кездеріміз болды. Соның бәрі – жобаға деген жанашырлықтың белгісі. 

Енді жобаға қатысу мен іріктеу жайлы айтсақ. Жобаға қатысқысы келген азаматтар 100 жаңа есім сайтында өтініш беріп, анкетаны толтырып бізге жібереді. Кейде үздік азаматты мекеме мен ұйымдардың өздері де ұсынып жатады. Бізде байқауға қатысушы адамды іріктеудің арнайы параметрі, шектеуі болған жоқ. Өйткені жетістік деген түсінік әр адамға әртүрлі. Әр адам жетістікті әрқалай ұғынады. Біреу үшін ғарышқа ұшқан жетістік болса, енді біріне ауылына көпір салу – жетістік. Сондықтан мұғалім, не полицейде осынша мадақтама, медаль, жүлде болсын деген қағида болған жоқ. Бар фокус адамның өзінде ғана. Оның істеген ісі басты орында.

Байқаудың қызықтарын да айта отырайын. Күн сайын жүздеген анкета келеді. Бәрін сүзгіден, ой елегінен өткіземіз. Оқып отырып түрлі ойға шомасың. Бірінде ерлік пен ізгілік жатса, енді біріне еріксіз езу тартасың. Күлкілі сәттер аз емес. Кейде бір ауыз сөз не бір сөйлем жазып қана анкета жіберетіндер бар. Мәселен, "мен қарапайым ғана жазушымын" болмаса "мен мұғалім едім, мектепте сабақ беремін" деген сияқты қысқа ғана қайыра салады. Кейбірі автобиографиясын ойдан құрап жазады. Бізге келген анкетаның барлығын модераторлықтан өткіземіз. Яғни, жазылған деректерді тексеріп барып сұрыптаймыз. Сонда ойдан құрастырылған немесе басқа бір адамның өмірінен үзіп алынған оқиға мен деректер білініп қалады. Әрине, мұндай анкеталар келесі кезеңге өтпейді.

Басқа қызықты сәттер баршылық. Мәселен, 2019 жылғы іріктеуде 18 бен 39 жас аралығындағы азаматтар деген шектеу болған. Бізге 13-14 жастағы жасөспірімнен бастап 70 жасқа толған қарияларымыз хабарласып, өтінішін қабылдауды сұрағандар болды. Бірақ өкінішке қарай, біз оларды қабылдай алмадық. Жасөспірімдерге әлі де уақытың бар, өзіңді жетілдіріп, алдағы байқауға қатыс деп кеңес бердік. Ал ересек азаматтарға жергілікті байқау мен жобаларға қатысуды ұсындық.

- "Жобаға арнайы ойлаған нақты жаңашылдықтар мен кей креативті идеяларды республика көлемінде жүзеге асыра білдім" депсіз. Ол қандай идеялар екен, құпия болмаса, айта аласыз ба?

- Жоғарыда айтқанымдай, ұйымдастырушы команда – жобаға жанашыр, ерікті түрде қолғабыс етуге келген жандар. Олардың бәрі өзіндік идеямен, оймен келгендер. Бәрі жобада өзінің ізін қалдырғысы келеді. Оның үстіне, биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Соған орай, біз биыл жастарға көбірек мән берген жөн деп шештік. Қазылар алқасында жарқырап шығар жұлдыздарға көбірек мүмкіндік беруді өтіндік. Соның арқасында биыл жастар көп болды. Бұл бір жағынан, жастарға жол ашып берсе, екінші жағынан жастардың үлгі тұтарлық тұлғаларын іріктеп шықты.

Мәселен, АҚШ-тың хоккей клубына бас бапкер болған тұңғыш қазақстандық қыз Бұлбұл Қартаңбай мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеп, елордада хоккей академиясын ашқысы келетінін айтқан еді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те бұл бастамаға қосылып, оны қабылдап, академия ашуға көмектесетінін жеткізді. Енді міне жақында ғана Бұлбұл мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры болып танылды. Мұның бәрі жастарға жол ашу емес пе?!

"100 жаңа есім" жобасының үздіктерін марапаттау салтанатына биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысқанын, жастармен жүздесіп, танысқанын қаладық. Ұсыныс жазып, хат жолдадық. Президентіміз ұсынысты жерде қалдырмады. Салтанатты шараға қатысты. Үздіктердің алдында сөз сөйледі.

– Жалынды жастармен жұмыс істеген қалай екен? Қызығы мен шыжығы неде?

– Жоғарыда айтқанымдай, жоба осымен төртінші рет өткізілді. Мен соның екеуінде жетекшілік жасадым. Ұйымдастырудың басы-қасында болдым. 2019 жылғы жоба жеңімпаздарымен де, 2021 жылғы жеңімпаздарымен де аралас-құраласпын. Байланысымыз берік. "Жалынды жастар" деп дәл айттыңыз. 2019 жылы – 32 азамат, 2021 жылы – 30 адам жеңімпаз атанды. Өз қатарының осы үздіктері бір-бірімен кездесіп, бір ортаға жиналғанда не болатынын өзіңіз ойлай беріңіз. Нағыз жалын. Бірі-бірінен өткен. Өз ісіне берілген, өз еңбегін сондай сүйетін энтузиаст жандар. Бірімен-бірі тәжірибе алмасып, саласы жайлы айтқанда нағыз маман екенін байқайсыз.

2021 жылдың жеңімпаздары 

Мәселен, Қайсар Табынов адамдар мен жануарларға вакцина әзірлеумен айналысады. Ол екпе жайлы айтқанда таңды-таңға ұластырады. Ал ең жас химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов оқушыларға қалай сабақ беретінін, оларды қалай қызықтыратынын айтқанда, өзің де химияға қызығып кетесің.

Ал эколог Екатерина Вибені алайықшы. 60-тан астам ғылыми жарияланым авторы. Сырттай биязы, кірпияз көрінгенімен, сексеуіл жайлы айтқанда көзінде кәдімгідей от ойнап, "жанып" кетеді. Тіпті, "әріптестерім Арал түбінде күннің астында жұмыс істеп жатқанда менің президент алдында сөз сөйлегілі жүргенім не!" деп жылап та алған кезі болды. Яғни, оған жоғары мінберден көріну емес, әріптестерімен бірге бір күннің астында жүріп жұмыс істегені абзалырақ. Бұл да бір зор адамгершіліктің көрінісі.

Қарапайым ғана ауылдың жігіті Ахат Ракишевті алайыншы. Орта мектепте сызу пәнінің мұғалімі. Ауылы 50-60 үйлі. Солардың басын қосып, қаржы жинап, бір өзі жүріп ағаштан көпір салып берді. Таудай шаруа бітіргенімен, момын жігіттің бойында мақтангершілік пен тәкаппарлықтың табы да жоқ. Істеген ісін героизм деп емес, туған елі мен жерінің алдындағы парызы, борышы деп қарайды. Мен оның бойынан нағыз жігіттікті байқадым.  

Енді ойлаңыз... Осындай жандармен жүздескенде не болмаса олар бір-бірімен қалың қауым болып кездескенде, қалай жалын ұрмайды. Қалай өзіңе де, өзге де серпіліс бермейді? Мен жоба жеңімпаздарының бәрін мақтан тұтамын! Оны барлық жерде айтып жүрмін. 

- Жоба басталғалы бері 7672 өтініш түсіпті. Биыл жобаға 2790 өтініш түскен екен. Жартысына жуық. Сіздің ойыңызша, биыл неге қатысушылар көп?

- Біздің ойымызша, 2020 жылы әлемдік пандемияға байланысты жобаның кезекті маусымы өтпей қалды. Төртінші маусымын биыл ғана өткізе алдық. Яғни, екі жылдың қорытындысы десек болады. Бәлкім, қатысушының көп болғанына осы әсер еткен болар. Алдағы уақытта да "100 жаңа есім" жобасы жалғасып тауып, талай жанның бағын ашар деген ойдамыз.

Кейде бұл жоба ешкімге ештеңе бермейді деп сынап жататындар бар. Мен олай ойламаймын. Бұл – нағыз шеберхана. Жүз деген – шартты сан. 2017 жылы – 102 жеңімпаз, 2018 жылы – 29 жеңімпаз, 2019 жылы – 32 жеңімпаз, 2021 жылы 30 жеңімпаз шықты.

Меніңше, адам жоба маған не береді деп емес, мен жобаға не беремін деген ізгі ниетпен қатысуы керек. Оны мен жоба жеңімпаздарымен сөйлесіп, сұхбаттасып жүргенде көзім жетті. Олар – халқыма не беремін деген ынталы пейілмен жүрген азаматтар. Мұны жоғарыда отырған алқалы азаматтар да байқайды. Жолын ашуға көмектесті. Жеңімпаз орта бір-бірімен араласып, бір-біріне қолдау көрсетіп жүр. Талай жастың үлгі тұтар адамына айналды. Биылғы жеңімпаздардың бірі Дамир Нүркежанов айтпақшы, "шектеу – біздің миымыздағы дүние ғана".    

– Биыл жобаны ұйымдастыруда қандай ерекшеліктер болды?

– Биыл біз әлеуметтік салалармен бірге бөлек экология номинациясын енгіздік. Өйткені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесін жиі қозғап жүр. Ел экологиясы – бәрімізге ортақ. Бұрын бұл номинация қоғам номинациясының ішінде болған. Биыл бөлек өтті. Оны жоғарыда айтқан жас эколог, сексеуілтанушы Екатерина Вибе жеңіп алды.

Осы маусымға енгізілген тағы бір жаңашылдық – қазылар алқасына бұрынғы маусымның жеңімпаздарын қостық. Олар қазіргі қатысушыларды жақсы түсінеді деген ойда болдық. Өйткені олар да осы жолдан өткен, жаны сыры бір адамдар. Биылғы қазылықта Бауыржан Ракишев, Дина Байтасова, Әсел Баймұқанова сынды жеңімпаздарымыз отырды.

- Жобаның жеңімпаздар жайлы айтыңызшы. Кім немен айналысады? Істеген ісі, сіңірген еңбегі қандай?

- Алдымен, биылғы жеңімпаздардан бастайын. Мәселен, Талдықорғанда тұратын Дамир Нүркежанов робот техникасы мектебінің негізін қалаған жап-жас маман. Жасы небары 20-дан енді асқан. Мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан, future IT робототехника саласын меңгеріп, соны басқаларға да үйретіп жүр. Ең қызығы сол – қазір Дамирдің командасы зағип жандардың өмірін жеңілдетер құрылғы жасап жатыр. Яғни, таяқпен жүретін адамға кедергілерді сигнал арқылы жеткізетін браслет құрастырмақ. Соның бәрін ол шағын қалада жүріп істеп жүр.

Дамир Нүркежановтың алда бай да бақуатты, елге танымал азамат боларына сенемін. Өйткені ол – ісіне жауап беретін, бос сөйлемейтін азамат. Үлкен жобаларды бастап, әлемге франшизасын сатқысы келеді.

Дамирге көмектескен биылғы жылдың тағы бір жеңімпазы бар. Ол – кәсіпкер, меценат Дулат Тастекеев. Қайырымды істермен жиі айналысады. Әсіресе, пандемия кезінде көмектескен адамдары көп. Дулат Тастекеев тағы бір робототехника сыныбын ашу үшін Дамир Нүркежановқа 1 млн теңге көлемінде грант берген. Бұл да жоба жеңімпаздарының бір-бірімен араласып, өзара коллаборация жасағанының көрінісі.

Осындай коллаборацияға 2019 жылғы жеңімпаздар Эльнара Байназарова мен Дина Байтасованың еңбегін жатқызсақ болады. Эльнара Байназарова БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілі саналады. Еуропа мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасын зерттеуші жан. Ал Дина Байтасова – өнертанушы. Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты дамытқысы келеді. Екеуі бір-бірін тапқандай.

2019 жылдың жеңімпаздарымен 

2019 жылғы жеңімпаздардың ішінде Әсел Баймұқанованы айтқым келеді. Каспийдегі итбалықты зерттеген. Теңіз жануарын сақтап қалудың жолын айтып жүрген жас ғалым. Қызығы сол – Әселдің әкесі де итбалықты зерттеумен айналысқан екен. Жастайынан соны көріп өскен жасөспірімнің де бойында итбалықты сақтап қалу деген ой пайда болған. Кейде оны "итбалықтың амбассадоры" деп әзілдейміз.

Әйгерім Берекешова да 2019 жылдың жеңімпазы. Мамандығы – заңгер. Нью-Йорк қаласының қақ ортасынан қазақ заңгерлерінің басын қосып агенттік ашқан. Қазір АҚШ тұрмақ, әлемге танымал белді бренд компаниялармен жұмыс істейді. Оларға заңгерлік сүйемелдеу жасайды. Италия мен Үндістанда филиалдары бар. Әйгерім Берекешованы әлемдік деңгейде мойындалған заңгер десем артық айтпаспын.

Әдетте, актер мен әнші, ғалым мен спортшылар жұлдыз атанып, халыққа танымал болатыны белгілі. Ал заңгердің танымал тұлға атануы сирек екен.

Биылғы жеңімпаздар арасынан Серікжан Қажытаев айтқым келеді. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының тумасы. Жергілікті әкімдікте жұмыс істейді. Ал қолы бос уақытта әлем әдебиетін қазақ тіліне тәржімалайды. Қол боста деймін-ау, түн ұйқысын бөліп, көз майын тауысып, шетел туындыларын қазақшалайды. Бұл деген – жанкештілік қой. Оған ешкім ол үшін ақы төлеп жатқан жоқ. Бұл – оның жүрек қалауы, ақжарқын көңілдің ісі. Әдебиетті сүйетіні сонша – әдеби агенттік ашқысы келеді. Бұған қазір облыс басшылығы да назар аударып, оған әдеби агенттік ашуға қол ұшын беретінін мәлімдеді. Мәселен, Harry Potter-ді әлемге танытқан да – осы әдеби агенттік емес пе?!

Соңында айтқым келетіні – мынау. "100 жаңа есім" жобасы – бұл тарих. Тарихты өз қолыңмен жазып, таңбаңды қалдыру. Қазір жоба жеңімпаздары үшін жұлдызды сәт. Халыққа танылып, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, мерейі өсуде. Сүйіншісі көбейіп жатыр. Осы жұлдызды сәтті пайдаланыңыздар деп жиі айтамын. Соларға қарап өскелең ұрпақ бой түзейді. Үлгі алады. Небір ойлар мен істерге мұрындық болары анық. Ұлан Үсенов сияқты химия пәнінің оқытушылары, Бұлбұл Қартаңбай сияқты қыз балалардан хоккейшілер шықса, бұл жастардың арманы орындалғаны емес пе?!

Сұхбатыңызға көп, көп рақмет! Еңбектеріңіз жана берсін!


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді