Қаңтарда ауа райы қандай болады?

Қаңтарда ауа райы қандай болады?
Фото: smgpt.kz

Синоптиктер қаңтар айында ауа райының қандай болатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" орталығына сілтеме жасап.

Айдың алғашқы он күнінде республиканың басым бөлігінде Сібір антициклонына байланысты күн ашық, аздап аяз және түнде, таңертең тұман болады.

Ауа температурасы батыста түнде 5-13 градус, күндіз 0-5 градус суық болады; солтүстік пен орталықта түнде 20-25, шығыстың кей жерлерінде 30 градусқа дейін аяз, күндіз 15-20, шығыстың кей жерлерінде 25 градусқа дейін аяз болады. Тек оңтүстік пен оңтүстік-шығыста атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады: жауын-шашын, тұман және көктайғақ, түнде 3-13, күндіз 0-5 градус суық болса, еліміздің оңтүстігіндегі кей жерлерде 5 градус жылы болады.

Көпжылдық болжамдарға сәйкес, айтарлықтай аязды күндер шоқыну мерекесі кезінде күтіледі. Ол кезде солтүстіктегі ауа температурасы түнде 25-30, күндіз 20-25 градусқа дейін төмендейді; оңтүстікте түнде 17-22, күндіз 10-15 градус суық болады.

Жалпы, қаңтар айында ауа температурасы климаттық мәнге сай болады деп болжанып отыр, тек батыста нормадан 1 градусқа жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында нормадан аз түседі, ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облысының басым бөлігінде, Қостанай мен Қарағандының солтүстігінде, Оңтүстік Қазақстанның таулы аймақтарында, Жамбыл, Алматы облыстарында нормадан көп түседі, ал қалған аймақтарда жауын-шашын мөлшері нормаға сай болады.

О. Сансызбай