«Той қазан-2015» фестивалі көпшілік көңілінен шықты

«Той қазан-2015» фестивалі көпшілік көңілінен шықты
Фото: massaget.kz

Бүгін, 19 қыркүйек күні Алматының Талғар ауданы "Алатау" шаңғы-биатлон кешенінде «Той қазан-2015» атты үлкен ұлттық тағамдар фестивалі  басталды деп жазған болатынбыз.

Қатарынан келген үш мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ халық Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне орай ұйымдастарылған бұл шара өз деңгейінде өтті.

Биыл үшінші жыл ұйымдастырылған шараның мақсаты – еліміздің ұлттық киімін, ұлттық тамағын, салт-дәстүрін дәріптеп, өзге ұлттарға кеңінен таныту. Фестивальде қазақтың ұлттық тағамдарымен бірге, өзге елдер асханасынан да түрлі тамақтар жасалды.­­

Халық өздері жасаған қолөнер бұйымдарын әкеліп, жәрмеңкеге қойды. Кей жәрмеңкелер табысы қайырымдылық шараларына жұмсалады. Жоба авторы Бекнұр Қисықов шараны енді халықаралық аяда ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Қонақтары зиялы қауымнан құралған шара мазмұнына орай, ішінде «КітапФест» фестивалі де ұйымдастырылды. Арнайы киіз үйлер тігіліп, ішіне атақты жазушылардың, блогерлердің жаңа кітаптары қойылып, таныстырылды. Қазбек Бейсебаев, Аян Құдайқұлов, Қанат Тасыбеков сынды бірқатар жазушылар кітабын оқырмандар осы фестивальден тауып, мәре-сәре болды.

Іс-шарада елімізге белгілі өнер иелері Нұрлан Абдуллин, Али Оқапов және «Хуун-Хуур-Ту» тобы өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін тапты.

Қазақтың ұлттық нақыштағы киімімен келген қонақтар өз үлгілерін «Ең үздік ұлттық киім» байқауына ұсынып, сынға түсті. Кез келген адам қатыса алатын бұл байқауда ұлттық тағамдар жөнінде және тілімізді дамыуға арналған орысша сөздердің аудармасы сұралып, үміткерлердің қазақ тіліне деген құрметі мен білімін тексерді.

Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен, «Беккер и К» компаниясының демеушілігмен өткен бұл шара келген меймандар көңілінен шықты.

@. @assel_assanova