"Той Қазан" фестивалінің билет құнына не кіреді?

"Той Қазан" фестивалінің билет құнына не кіреді?
Фото: tengrinews.kz

Көптеген адам «Той Қазан» фестивалінің билет құнына тамақ неліктен кірмейтінін сұрап жатыр. Бұл сұраққа Бекнұр Қисықов фэйсбуктегі парақшасында жауап берді.

Бекнұр Қисықов - "Той Қазан-2015" ұлттық тағамдар фестивалінің ұйымдастырушыларының бірі. Фестивальге қатысты сұрақтарға жауап беріп, қоғаммен байланыс ісімен араласады.

«Биыл билет құны – 3000 теңге. Бұл былтырғы бағадан екі мың теңгеге арзан. Әрі доллардың құны қымбаттағанын есепке алу керек. 3000 теңгеге:

1. Сусындар;
2. Қазақ эстрадасының әншілерінің қатысуымен концерт өтеді;
3. Әлемге танымал көмеймен ән айтатын Хуун-Хуун-Ту тобы мен Нариман Исеновтың концерті болады. Қонақтарды Нұрлан Абдуллин, Асылбек Еңсепов, Үркер тобы мен The Magic Of Nomads тобы қарсы алады;
4. Кәсіби актерлер ұлттық дәстүрлер жайында қойылым ұйымдастырады;
5. Спорттық сайыстар;
6. Қызықты ойындар мен байқаулар;
7. Каскадерлер шоуы;
8. Жазушылармен кездесу;
9. Барып-қайту жолы кіреді.

Тамақ аса қымбат болмайды. Мысалы, кәуап не палау мен нан 550 теңгеге сатылады. Демек билет 3000 теңге, тамақтану шамамен 2000 теңгеге шығады. Ал бұл былтырғы фестивальдегі бағадан әлдеқайда арзан.

Шараны өткізу үшін біраз ақша, уақыт пен еңбек керек. 3000 теңге 10 долларға тең, сол 10 доллар үшін наразылық естуге тура келеді. Достар, жағдайды түсінулеріңізді сұраймыз. Одан да көңіл көтеріп, би билеп, ән айтып қайтайық», - деп толық жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 19 қыркүйегінде Алматының Талғар ауданындағы "Алатау" шаңғы-биатлон кешенінде «Той қазан-2015» атты үлкен ұлттық тағамдар фестивалі өтеді. Ауқымды шараның ұйымдастырушылары Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілін олардың ұлттық тағамдары арқылы біріктіруді мақсат етіп отыр. Биылғы фестиваль Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған.  

Ф. Абилова