Қытайда 2000 жылдық тарихы бар жұмыртқа табылды

Хань империясының билік еткен заманына тиесілі тарихи жәдігерлердің табылған жерінде қазба жұмыстарын жүргізген археологтар ескі мазар ішінен 2000 жылдық тарихы бар жұмыртқа тауып алды.

Бұл туралы Шинхуа агенттігіне сілтеме жасай отырып, MyNet haber хабарлайды. Мамандар табылған жұмыртқаны тазартқаннан кейін оны тауық жұмыртқасына қатты ұқсатқан. Айтуларынша, бұл – Гуйчжоу провинциясындағы тарихи обалардан жұмыртқа табылып отырған алғашқы жағдай.

Ғалымдар Хань империясына дейінгі Шанг және Чжоу империясының дәуірінде марқұммен бірге қола заттарын да жерлеу салтқа айналса, ал Хань дәуірінде тұрмыстық заттарды бірге жерлеу дәстүрге айнала бастағанын алға тартты. Алайда бұл жағдайға қатысты ешқандай алдын ала болжамдарын айта алмады. Жұмыртқаның түрі мен осыншама жыл бұзылмай, сақталып келгендігін анықтау үшін археологтар одан ары зерттеу жұмыстарын жүргізбек.


Дереккөз:24.kz