Жылдың жастарға арналған үздік үш кинолентасы

Жылдың жастарға арналған үздік үш кинолентасы

Отандық кино қоржынға тағы бір туындыны қосқан Қайрат Нұртас пен киноның авторлары «Өкінішке» 500 мың доллар қаражат жұмсаған. Бірақ осы уақыт аралығында олар барлық қаражатты ақтап үлгерген. Бес апта бойы (11 сәуір күні жарыққа шықты) Қазақстан кинотеатрларында көрсетілу арқылы 626 мың доллар (94,5 миллион теңгеден аса) қаражатты жинап үлгеріпті. 

Айтпақшы, кинолентаның 46 көшірмемен шыққанын да айта кету керек. Отандық кино саласында бұл өз кезегінде рекордтық көрсеткіш саналады.

Қайрат Нұртастың өзі басты рөлін сомдайтын лирикалық кинофильм әншінің өмірінен сыр шертеді. Оқиғаның желісі бойынша, басты кейіпкер жан-тәнімен Сәния есімді сұлуға ғашық болады. Сәнияның рөлін отандық жас актриса Жәния Джуринская ойнаған. Қыздың бар ойлағаны – Қайраттың қалың қалтасы. Бикештің сұлу келбетіне есі кетіп, соқырдың халін кешкен жігіт оның сезімсіз екендігін сезе қоймайды. Сол қыз үшін отбасымен де, басқа да жақындарымен келіспей, үйінен кетіп қалады.

 

"Кино неге "Өкініш" деп аталды?" деген сұраққа Қайрат: "Киноның атын "Өкініш" деп қойған мен едім. Әдейі осылай қойдық. Жұрт "Бұл неге өкінді екен?" деп ойласын дедік", - деп қысқа қайырған.

"Киноның 70 пайызы шындыққа жанасады. Ондағы көптеген оқиғалар Қайраттың өмірімен тығыз байланысты. Кинодағы Қайраттың әкесінің баласына ашуланып ұрсуы да дәл өмірдегідей", - дейді әншінің анасы, әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова. 


Қазақстандық тағы бір кинокартина “Он и Она” (қырғыздар аудармасында: "Мырза және айым") жарыққа шыққан бір апта ішінде рекордтық көрсеткіштердің барлық межесінен асып түсті. Кино залдарына толассыз жұрттар ағылып, бірнеше аптаның ішінде өз шығынын (300 мың доллар) ақтап үлгерген.

Кино желісін тәтпіштеп отырғаннан бір қарап шыққан абзал. Бір ғана айта кетерлігі, кинода күлкіге толы қызықты әрі тосын сәттер көп кездеседі. Мысалы, көп эпизодтардың бірінде бас кейіпкер есек үстіне мініп жүруі тиіс болатын, бірақ пониге отырады. Реквизитор екеуін шатастырып алған болуы тиіс. Түсірілімді барымен жалғастыру тура келген. 

«Он и Она» жобасының пиар-компаниясы киноға кастинг жарияланған күні-ақ аталған туындының жарнамасын дайындап түсіріп, жұрт назарына ұсына бастаған. 


Актерлер өз істерінің кәсіби шеберлері болмаса да, кинода жақсы ойнап шығуға тырысқан. Кино өндіріс дамыған елдердің сюжеттік желілері қайталанса да, негізінен ел өңірінде болып жатқан оқиғалар қамтылуға тырысқан. Басты кейіпкерлер - Динара Бақтыбаева мен Жандос Айбасов.

21 наурызда прокатқа шыққан "Қазақфильмнің" «Ер Төстік және Айдаһар 3D» анимациялық фильмі алғашқы демалыста 31,3 миллион теңге жинаған. 

Айта кетерлігі, картина режисерлері - Жәкен Дәненов пен Рүстам Тұралиев.

Режисер Рүстам Тұралиевтың айтуынша, мультфильмді үлкен экранда көрген әлдеқайда әсерлі болатын көрінеді. Көрермен ертегінің атмосферасын жақсы сезіне алмақ.

Анимацияның сюжеті Ер Төстік эпосының мазмұнына негізделген. Басты рөлдегі персонажды танымал актер Дулыға Ақмолда дыбыстаса, Ер Төстіктің саяхаты кезінде жол бойы көмектесіп, жәрдем еткен басқа персонаждарды Азамат Қанапияев, Бейбіт Муслимов, Ержан Түсіповтер дыбыстаған. Жобаға, осылармен қатар, Елдар Отарбаев, Мерей Әжібеков, Қадырбек Демесін, Лида Кәден де ат салысқан.

Қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш ұлттық толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі төл мерекеміз Наурызда балақайларға базарлық ретінде ұсынылып, қара домалақтарды шаттыққа бөлеген еді. Қазіргі балалардың бағзы замандағы батырлар ерлігімен, бабалар мұратынан сыр шертетін ертегілерімен, аңыз-әңгімелерімен танысуы аса қуанышты іс. 

ке

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: yvision.kz; vk.com/onionakz; afisha.mail.ru; жеке мұрағаттан

Л. Лига