Бүгін – «Хабар» Агенттігінің құрылғанына 22 жыл

Бүгін – «Хабар» Агенттігінің құрылғанына 22 жыл
Фото: Хабар агенттігі

Бүгін – «Хабар» Агенттігінің құрылғанына 22 жыл. Алғаш рет 1995 жылы «Қазақстан телевизиясы және радиосы» құрамында «Хабар» ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігі болып құрылып, төрткүл дүниеге есігін айқара ашты. Қазіргі таңда Агенттік – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт арна тоғысқан ордасы.

«Хабар» Агенттігі» АҚ-ның құрамына республикалық «Хабар» мен «Хабар 24», «Kazakh TV», «ЕЛ АРНА» телеарналары кіреді. Қазақстан бойынша 99% телекөрермен аудиториясын қамтиды. Агенттіктің Қазақстаннан өзге Ресей, Италия, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, Бельгия елдерінде тілшілер қосыны жұмыс істейді.

Осы уақыт ішінде «Хабар» Агенттігінің» қызметкерлері мен телебағдарламалары ұлттық және халықаралық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болды. Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы тілшілерінің жұмыстары EMMY телевизиялық сыйлығының номинанты, Ресейде өткен «Золотой глагол» сайысының бас жүлдесін иеленген. «Город будущего» жастар бағдарламасы Жапонияда өткен халықаралық фестивальде әлемнің үздік ондығына енді. Севастополь қаласында өткен халықаралық байқауда «Хабар» Агенттігінің» бастамасымен түсірілген «Бауыржан Момышұлы» фильмі тарихи туындылардың ішінде лауреат атанды.

«Техникалық мүмкіндіктердің аздығы, алдына биік мақсат қойған сол кездегі ұжымға кедергі болған жоқ», – деп еске алады алдыңғы буын. Мәтінді қолмен жазып, терімшіге кезекке тұрған кездер қазір ертегі сияқты. Дегенмен білікті басшылықтың бастамасымен журналистердің ВВС, СNN сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы телеарналарында тәжірибе жинауы, ақпарат дайындауды жаңа белеске көтерді.

Ж. Жұмағұлов