Бала тәрбиесі туралы жаңа жоба

Бала тәрбиесі туралы жаңа жоба
Фото: Khabar.kz

«Хабар» телеарнасы жаңа маусымында көрерменге «Ана мен бала» жобасын ұсынды. Бағдарламаны танымал әнші, бес баланың анасы Қарақат Әбілдина жүргізеді. Аптасына үш күн эфирге шығатын әлеуметтік ток-шоуда ана мен сәбиге қатысты мәселелер сөз болады. 

Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бір ауыз мағыналы сөзі қазақ халқы үшін бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп тұрғандай. Ал, бала тәрбиесі ол тікелей ата-анаға байланысты, сол себепті «Хабар» телеарнасы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі «Ана мен балаға» қатысты жаңа бағдарлама көрсетуде.

«Отандық телевизияда өмірдің маңызды, баға жетпес құндылығы – балалар жайлы, оларды қалай өсіріп, тәрбиелеу керектігі туралы ата-аналарға ақпарат, кеңес беретін бағдарлама жоқтың қасы. Сондықтан дер кезінде, нағыз керек уақытында ашылған, өте пайдалы, әсіресе жас аналардың көзін ашатын хабар. Өзім де осы бағдарламаны жүргізгеннен бері біраз түсініксіз сауалдарға жауап алдым. Эфирде отбасы құндылықтары туралы, күнделікті тіршілікке қажетті ақпараттар айтылып, мағыналы сұхабат жүргіземіз»,– дейді Қарақат Әбілдина. 

Сәби дүниеге келген күннен бастап, есейгенге дейінгі тәрбие мәселесі бағдарламаға арқау болады. Шығармашылық ұжым әр шығарылымда белгілі бір тақырыпты алып, сан қырынан саралайды. Мәселен, алғашқы бөлімде құрсақта берілетін тәрбие, аяғы ауыр әйел неге түйенің етін жемейді, «заманауи жөргектер» туралы балалардың ойы қандай – осы мәселелер ортаға салынады. Жазушы, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова келіп, баланы қырқыннан шығару жоралғысының қалай жасалатынын көрсетсе, студияға келген екінші қонақ Гүлбағила Ыбырайымова «Қалжалау» деген не, қалжаны кім жегізуі керек, жас аналарға берілетін быламықты қалай дәмді етіп пісіреді деген сауалдарға жауап берді. 

«Бағдарламаны көрген адам жаңа туған бала күтімі, әйелдің күтімі – барлық жағынан жан-жақты мағлұмат алады. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды қоспағанда, студиямызға ана мен баланың өміріне қатысы бар барлық сала мамандары шақырылып, нақты кеңестер беріледі»,– деді Қарақат Әбілдина. 

Сонымен қатар қазіргі таңда кез келген әйел затын толғандыратын артық салмақпен күресу, қыз баланың тәрбиесі, екпе салдыру сынды көптеген тақырыптар қозғалады. Бағдарламаны «Хабар» арнасында сейсенбі-сәрсенбі-бейсенбі күндері сағат 11:00-де немесе мына сілтеме арқылы көруге болады.  

М. Ақан