- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Мысық етін жейтін...
Мысық етін жейтін елдер
Адамдар сан ғасырдан бері мысықты үй жануары ретінде бағады. Сондықтан әлемдегі өркениетті елдердің басым бөлігі оны азық ретінде пайдаланған емес. Еуропа елдері мысықты ашаршылық кезінде ғана тұтынған-мыс. Ал жапондар мысық етін ХІХ ғасырға дейін тұтынып келген. Перуде көптеген дәмханалар қазіргі таңда да мысық етінен дайындалған тағамдар ұсынады. Мұхиттық аралдарда жергілікті тұрғындар мысық етін жеуге бейім болса, Камерун елінде ол үшін арнайы тағам фестивалі бар.
Жақында британдық ғалымдар бұл елдер қатарына Мадагаскар да кіретінін анықтады. Олар Антананариву қаласының 512 тұрғынына сауалнама жүргізіп, деректі түйіндеме жасаған. Мадагаскар тұрғындарының діни дәстүрі мысық етін тұтынуға шақырады екен. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 34%-ы өмірінде бір рет болса да мысық етін жеп көрген. Ал 54%-ы анда-санда тұтынып тұратынын білдірсе, қалғандары мысық етін күнделікті өміріндегі асы деп біледі екен.
Адамдар мысық етін не себепті тұтынатыны ғалымдарды таңдандырды. Азаматтардың басым бөлігі мұны аштықтан емес, тек дәмін татып көру үшін таңдайтынын мәлімдеген. Мұндай жағдай елдің алыс қыстақтарында әдеттегі күйге айналған. Расында Мадагаскарда ет тапшылығы жоқ. Олар мысық етін альтернативті, арзан әрі қолжетімді ас ретінде қарастырады.
Мамандар зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр. Енді олар ішкі қоғамдық белеңді үкіметке хабарлап, алдын алу жолдарын ұсынбақ. Олар көлік апатынан қайтыс болған не ауру жануарлардың еті адам денсаулығына зияны көп екенін білдіргісі келеді.
Ж. Өрісбай