Ағылшын сөздігі жыл сөзін анықтады

Ағылшын сөздігі жыл сөзін анықтады
Фото: twitter.com/realhimachal

Танымал ағылшын сөздігі Collins English Dictionary 2020 жылдың басты сөзін анықтады. Ол сөз – "локдаун".

"Локдаун" ағылшын тілінен аударғанда "бұғаттау, қамау", "қатаң әрі күшпен орнатылған изоляция" дегенді білдіреді. Яғни, локдаун дегеніміз – төтенше жағдай кезінде тұрғындардың далаға шығуына тыйым салынуы. Коронавирустың өршуіне байланысты ел-елде, жер-жерде локдаун енгізіліп, енді бұл ұғым эпидемия мен дүлей апат кезінде қолданылатын шара деген ұғымға айналды.

Мамандар есептегендей, "локдаун" сөзі кейінгі 10 ай ішінде өте жиі (250 мыңнан аса) қолданылған. Ал былтыр 4 мың рет қана пайдаланылған. Мақала авторы, жазушы Дэвид Шаритмадари жазғандай, "локдаун" сөзі түрме лексиконында болған. Пандемияға дейін түрмедегі тәртіпсіздікке байланысты тұтқындарды камерасында ұстау жағдайын білдірген. 

"2020 жылы бұл сөздің мағынасы түбегейлі өзгерді десек те болады. Қазір көп адам білетіндей, локдаун сөзі қоғамдық денсаулық сақтау саласына қатысты. Ал бұл сөзді қолдану биыл өткен жылға қарағанда әлдеқайда өскен", - дейді автор.

Сондай-ақ "жыл сөзі" атануы мүмкін деген нұсқалар қатарында "coronovirus", "furlough" (ақысыз демалыс) және "social distancing" деген атаулар болған.

Айта кетейік, Collins сөздігі былтыр climate strike (климат ереуілі), 2018 жылы single-use (бір реттік), 2017 жылы fake news (жалған ақпарат) атауларын "жыл сөзі" деп таныған.

Н. Үсенова