Асан қайғы шығармаларының зерттелуі

Асан қайғы шығармаларының зерттелуі

Жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады («Қымыз ішіп қызарып, мастанып неге терлейсің, өзіңнен басқа хан жоқтай елеуреп неге сөйлейсің?»). Ертеңгі халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла, көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді («Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан, Қарағай басын шалмай ма?»). Асан Қайғы осы «ақ шортан» мен «қарағай» бейнесін келесі бір толғауында кеңірек ашып, орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегенділік танытады. Халық басына төнген бұл қауіптің зардабын, оның немен тынатынын да дәл болжайды («Ол күнде қарындастан қайыр кетер, Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер, Ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?»). Асан Қайғы Қаласының жыр, толғаулары негізінен үлгі-өсиет, мақал-мәтел іспеттес болып құрылады. Жырау ру-тайпалық одақтардың генеалогиясын, халықтық әдет-ғұрып, дәстүрлерді дәріптеп, өмір сүрудің мәні туралы, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, үлкенді сыйлап-қастерлеу, олардың ақылын алу, бір-бірімен босқа қырқыспау, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті, қарапайым, адал, шыншыл, иманды болуға шақырады («өле-тұғын тай үшін, қонатұғын сай үшін, желке терің құрысып, бір-біріңмен ұрыспа»). Түсіністікпен үйлесімді өмір сүру үшін әр адам өзін-өзі жетілдіруі қажет, ізгілікті болу – бүкіл адамзат атаулының бәріне ортақ дейтін гуманистік тұжырым жырау шығармашылығының негізгі арқауы («Әділдіктің белгісі, біле тұра бұрмасауыл Ақылдының белгісі, өткен істі қумасауыл Жамандардың белгісі, жауға қарсы тұрмасауыл..»). Енді бір алуан жырлары тұрмыста түйген ой-тұжырым, болжау түрінде келеді («Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?»). Асан Қайғы есімі тек қазақ халқына ғана емес, басқа да ағайын халықтарға (қырғыз, қарақалпақ, ноғай тағы басқа) кеңінен тараған. Бұл орайда жырау толғауларындағы жоғарыдағыдай философия және психология мәні зор қанатты сөздердің атқарған өзіндік рөлі ерекше.