Мұқағалиға арналған 7 өнер туындысы

Мұқағалиға арналған 7 өнер туындысы
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Қазақ поэзиясының "Мұзбалағы", ақиық ақын Мұқағалиға қандай өнер туындысын арнаса да артық етпейді. Себебі ол, көзі тірісінде-ақ қара өлеңнің "Хан Тәңірі" атанып кетті. Әр ақын поэзия тауларындағы "Мұқағали" деп аталатын алып шыңға бір тағзым етпей өтпейді. Оған өлең арнамаған ақын кемд-кем шығар. Сондықтан Массагет порталы ақынға өлеңнен бөлек арналған өнер туындыларын тізіп шықты. 

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз

Мұқағалиға арналған мурал

2021 жылы Мұқағали Мақатевтің 90 жылдығына орай Алматыда "Ш.Айманов" атындағы "Қазақфильм" киностудиясының бастамасымен Алматы әкімдігінің қолдауымен ақынның бейнесі қабырғаға салынды. Муралдың авторлары –  Нұрболат Аманқұл мен Абай Сұлтан.
 
Мурал Әди Шәріпов пен Мұқғали Мақатаев көшелерінің қиылысындағы үйдің қасбетіне салынды.  Суреттің көлемі 190 шаршы метр. Муралды салу үшін автрлар 5 күн, қабырғаны дайындауға 1 апта уақыт жұмсаған. Сонымен қатар, суретшілер муралды салу үшін 50 литр бояу мен 100 аэрозоль баллонын қолданған.


 
Мұқағалиға арналған фильм

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жарыққа шығарған фильм ақиық ақын, аты аңызға айналған Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы 4-5 жылын баяндайды.

Кинотуындының сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров жазған.

"Мұқағали" фильмі халықаралық фестивальде жүлделі орынға ие болды

Фильм оқиғалары өткен ғасырдың 60-70 жылдарын суреттейді. Сондықтан Ермек Өтегенов бастаған суретшілер тобының еңбегі зор. Олар сол уақыттың бейнесін жинап, тұрмысын, инфрақұрылымын дәл көрсеткен. Фильмнің қоюшы операторы Едіге Нүсіпбеков.

 "Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін" сериалы

Ақиық ақынның 1973 жылдан 1976 жылға дейінгі өмір кезеңіне арналған. Осы уақыт аралығындағы ақын өмірінің ең күрделі және қызықты сәттері мен фактілері ашылады.

Режиссері – Азамат Сатыбалды, Дархан Саркенов. Сценариін Қанат Рамазан жазған. Мұқағали рөлін белгілі театр және кино актері Азамат Сатыбалды сомдайды.

Сериал 4 бөлімнен тұрады. Туындыда қаламгер тағдырының қиын-қыстау кезеңінде шығармашылығын мойындап, жанынан табылған ұлт тұлғалары – Бауыржан Момышұлы, Асқар Сүлейменов, Тоқаш Бердияров, Нұрғиса Тілендиев, Фариза Оңғарсынованың бейнелері бар.

Мұқағалиға арналған портрет

Мұқағали Мақатаевтың суретінің авторы жас суретші – Сұлтан Аманжол. Кенеп, майлы бояу. Көлемі 1м х 90 см.

Суретші бұл туындыны саларда көп ойланып, ақынның жас кезін бейнелегім келгенін айтады.

"Көбінесе суретшілер Мұқағалидың 40-тан асқан шағындағы образын бейнелесе, мен жас, жалындап тұрған кезін салдым. Сурет саларда алдымен бейнесін елестетіп, ойыңда пісіресің. Толық көңілімнен шығу үшін оны 3 апта салдым. Хан тәңірі екеуін бірге салуымның да маңызы зор. Себебі, Мұқағали осы таудай биік тұлға ғой. Оның Хан Тәңіріндей биік екенін, өз ауылында, ойланып отырғанын көрсеткім келді. ", - дейді суретші.

Қарасаз, қарашалғын, өлеңде өстім

Суретке қарап отырсаңыз жарқын, ашық бояулар аз. Күңгірт, бұлыңғыр. Суретшінің айтуынша, оның да өзіндік сыры бар.

"Жарқын бояуларды әдейі қолданбадым. Мұқағали портретінде жас ақынның жанайын десе жана алмай тұрған кезі суреттелген. Себебі, ақынды тірісінде көре алмаған адамдар, тобықтан қаққандар көп болды", - дейді автор.

Мұқағалиға арналған ескерткіш

Нарынқолдың Орталық алаңында Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші 2021 жылы ашылды.

Ескерткіш қоладан құйылған, тұғыр граниттен жасалған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 8,2 метрді құрайды. Автор-сәулетші – Рүстембеков, мүсінші – Кәкімов.

Бұдан бөлек Мұқағали Мақатаевқа арналған ескерткіштер көп. Соның бірі Алматы қаласындағы ақынның өз атына берілген көшеде орналасқан.

Ескерткіш 2002 жылы 16 желтоқсанда ашылды. Авторы – Н.Далбаев.

Биіктігі үш метрден асатын қола ескерткіште ақын орындықта ойланып отырғаны бейнеленген. Мүсінші Нұрлан Далбайдың айтуынша, ақын бейнесі оның жан дүниесінде бұрыннан бар, сондықтан эскиздері тез аяқталып, ескерткіш рекордтық мерзімде құйылған.

Мұқағалиға арналған пьеса

"Мұқағали" драмасының авторы "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, ақын  Серік Тұрғынбекұлы. Драма алғаш рет 2004 жылы сахналанған. Содан бері көрермендер тарапынан жоғары сұранысқа ие қойылымның бірі. Қоюшы режиссері – Болат Ұзақов.

Қойылым ақынның өмірінен бір үзік сырды баяндайды. Оның тірі кезінде бағаланбай, қоғамнан көрген қиянаты мен жан күйзелісін байқатады. Бір ғана ақын өмірі арқылы өмір сүріп отырған ортаның хал-ахуалын көрсетеді. Мақсат – өмірін поэзияға арнаған ұлы тұлғаның бейнесін театр өнері арқылы көрерменге насихаттау.

"Тәңір Тау" поэмасы

"Тәңір Тау" поэмасының авторы белгілі ақын, драматург Исраил Сапарбай. Ақын бұл туындыны жазуға көрген түсі себеп болған. Кейін оны поэма етіп жазып шыққан.

Поэмада тау іспетті Мұқағали суреттеледі. Ол тауға айналып Алматыға жылжып келеді.

"Бір күні түсіме Алатау кірді. Таудың басында – бұлт, аспан – ашық, ауа – мөп-мөлдір, тап-таза бір керемет көрініс. Сол көрініске қызыға қарап тұр едім, тауға жан бітіп, қалаға қарай жылжи бастады. Тау қалаға төніп келе жатыр!.. Жұрт тым-тырақай қаша бастады. Біреу жаяу жүгіріп барады, біреу машинамен. Біреу аузы ашылып не істерін білмей, өз көзіне өзі сене алмай, тауға қарап аңқиып тұр. Нағыз хаос басталды. Жаны жоқ тауға жан бітіп, үстіңе төніп келе жатқан ғаламатты кім көрді дейсің..."- дейді ақын поэмасы туралы.

Т. Раушанұлы