Жақсылық Қазымұратұлының балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы

Жақсылық Қазымұратұлының балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы
Фото: Жеке мұрағат

Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялады. Кейінгі уақытта "қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптар кітап дүкендерінде табылмайды" деген сөздер айтылып қалады. Осы орайда "Жазда балалар оқуы тиіс 5 кітап" айдарын қолға алып, еліміздегі белгілі ақын-жазушылар мен балалар әдебиеті қаламгерлеріне сауал жолдадық.

Дидар Амантайдың балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы


Бұған дейін "Гүлдер мен кітаптар", "Күзгі рандеву" сынды бірқатар кітаптарымен танымал болған белгілі жазушы Дидар Амантай мен 200-ге жуық танымдық, сараптамалық мақалалардың және "Адырна" өлең жинағының авторы, ақын Ықылас Ожайұлының және жазушы Әлібек Байболдың "Жазда оқуы тиіс балаларға арналған 5 кітабын жариялаған болатынбыз.

Ықылас Ожайұлының балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы

Бүгін Массагет порталы жазушы, ақын "Қара ала сырмақ", "Жапырақ жауған күз", "Әпке" өлеңдер жинағының авторы Жақсылық Қазымұратұлының "Жазда балалар оқуы тиіс 5 кітабын" ұсынады.

1. Мұхтар Мағауин – "Балақан"

"Балақан" – көрнекті жазушы М.Мағауиннің жуырда ғана "Жұлдыз" журналында (№ 3. № 4. № 5. № 6. / 2021)  жарияланған ғұмырбаяндық хикаяты. Автор бұл шығармасында өзінің ес білген сәби шағынан, университетке түскен бозбала кезіне дейінгі өмірін арқау етеді. Түрлі қызықты, мұңлы оқиғалар тізбегі оқырманды бірден баурап алады. Сондай-ақ, болашақ қаламгердің санасының қалай қалыптасқаны, өсіп-өркендеуі, дүниетанымының орнығуына әсер еткен жайыттар соншалықты нанымды әрі тартымды суреттеледі. Әсіресе соғыс, ашаршылық, Совет үкіметінің сұрқия саясаты, оның бала жүрегіне салған жазылмас жарасы оқырманын бей-жай қалдырмайды.

Балақан – адам баласының эволюциялық дамуын айғақтайтын шығарма.

2. Шыңғыс Айтматов – "Ақ кеме"

Көрнекті жазушы Ш. Айтматовтың "Ақ кеме" ("Белый пароход" орыс тілінен аударған Қалтай Мұхамеджанов) повестін кітапқа қызығатын әр бір оқырман қайыра оқып тұруы тиіс деп ойлаймын. Шығармада тау қойнауындағы қорықшы шал мен оның немересінің трагедиялы тағдыры арқылы бір дәуірдің болмыс-бейнесі ашып көрсетілген. Баланың уыз арманы, үлкендердің "түсініксіз әрекеті" мифологиялық наным-сеніммен біте қайнасып, дәуір шындығымен астасып жатыр.

Шығарма оқырманын ізгілік, адамгершілікке жетелейді.

3. Мо Янь – "Жәудір шалғам"

Нобель сыйлығының иегері Қытай жазушысы Мо Янның "Жәудір шалғам" («"Прозрачная красная редька". Қытай тілінен аударған Кәкеш Қайыржанұлы) хикаяты ертеректе жазған шығармасы. Автор үндемес Қара баланың тағдырын шығармаға тиек ете отырып, Қытайдағы "Тың игеру", "Болат қорыту" сияқты саяси наухандардың шынайы кейіп-кеспірін айпарадай ашады. Саяси наухандарға белсене ат салысқан адамдардың "түсініксіз" әрекеттеріне баланың қиялымен, баланың ой-арманымен жауап іздейді. Шығарманың оқиғасы өте қызықты әрі тартымды.

Белгілі аудармашы К.Қайыржанұлы хикаятты түп нұсқадан өте сапалы аударған. Шығарманың бояу-нақышын бұзбай, қазақы образды тілмен көркемдеп жеткізген.  "Жәудір шалғамның" тартымды тез оқылуының бір себебі осы.

4. Жоржи Амаду – "Құм жағалауының капитандары"

Латын Америкалық көрнекті жазушы Жоржи Амадудың "Құм жағалауының капитандары" ("Капитаны песка" орыс тілінен аударған Шәрбану Бейсенова)  романы әлем әдебиетінің қазынасына қосылған жауһар туынды.

Шығарма кейіпкерлері қалада қаңғып тіршілік еткен панасыз, иесіз жетім балалар. Оларды бірде милиция ұстап, жетімдер үйіне тоғытады. Енді бірде, содыр-сотанақтардан жәбір көреді. Бірақ бұған бола балалар мойымайды. Жетімдер үйінде тұрып қысым көргенше, құм жағалап өзінше тіршілік еткісі келеді. Осы жолда көптеген қиындықтарға жолығады. Жанашыр, жақын достарынан айырылады. Шығарманың түйіні баланың ой еркіндігі, өмір сүру хақысы. Ерлік, еркіндік, ізгілік, махаббат шығарманың өн бойынан білініп тұрады.

5. Тобық Жармағамбетов – "Қара жаңбыр"

Көрнекті жазушы Т.Жармағамбетовтың "Қара жаңбыр" хикаяты қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі. Сұрапыл соғыс, шалғайдағы жұпыны ауыл, әкесін аңсаған Ниязбек және оның қамкөңіл әжесі. Осының бәрі жинақталып соғыс кезіндегі қазақ өмірінің боямасыз тіршілігін құрайды. Шығарма кейде күлдіреді, кейде жылатады. Бір оқиғаны бір оқиға дамытып сюжеті барған сайын күрделене түседі.  

"Қара жаңбырда" табиғатпен адам үнсіз тілдеседі, тілсіз түсініседі. Адамның ішкі көңіл-күйі мен табиғат құбылыстары өзара жымдасып,  қабысып суреттелінеді. Қазақтың байырғы көркем тілі де осы шығармада тұнып тұр.

Т. Раушанұлы