Ықылас Ожайұлының балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы

Ықылас Ожайұлының балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы

Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялады. Кітап оқып, кітаппен дос болып өскен баланың қиялы ұшқыр, кез келген іске алғыр болады. Балаларға арнап шығарма жазу, үлкендерге аранап жазғаннан гөрі қиын. Балалр әдебиетінде дәлдік пен барлық сұраққа жауап беру талап етіледі.

Кейінгі уақытта "қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптарды кітап дүкендерінде табылмайды" деген сөздер айтылып қалады. Осы орайда "Жазда балалар оқуы тиіс 5 кітап" айдарын қолға алып, еліміздегі белгілі ақын-жазушылар мен балалар әдебиеті қаламгерлеріне сауал жолдадық.

Бұған дейін "Гүлдер мен кітаптар", "Күзгі рандеву" сынды бірқатар кітаптарымен танымал болған белгілі жазушы Дидар Амантайдың "Жазда оқуы тиіс балаларға арналған 5 кітабын жариялаған болатынбыз.

Бүгін Массагет порталы 200-ге жуық танымдық, сараптамалық мақалалардың және "Адырна" өлең жинағының авторы, ақын Ықылас Ожайұлының "Жазда балалар оқуы тиіс 5 кітабын" ұсынады.

Белгілі ақын, Ықылай Ожайдың баларға оқуға ұсынған кітаптар тізімі:

1.    Даниэль Дефо – "Робинзон Крузо". Орыс тілінен аударған А.Құлыбекова

Бұл романда мінген кемесі апатқа ұшырап, жан баласы баспаған иесіз аралда қалған Робинзон Крузо есімді адамның басынан кешкен оқиғалары айтылады. Шығарманың негізгі мақсаты адам баласы  басына түскен ауыр тауқыметке еш мойымай, ақыл-ойы мен ерік жігерінің арқасында бәрінде  жеңіп шығуға болатындығын насихат етеді.

2. Шарль Перро – "Ағайынды Гриммдер" (ертегілер). Аударған К.Ұзақбаева мен Ә.Тауұлы

Біздерге "Қызыл телпек", "Ұйқыдағы ару", "Күлбикеш" ертегілерімен мәлім бұл есім  әлем жұршылығына аталған еңбегімен де танылған тамаша тұлға. Күллі ертегілерінің өн бойында  автор гуманизм мен адамгершілік идеясын ғана ту етеді.

3. Редьярд Киплинг – "Маугли". Тәржімалаған Р.Рақымбеков

Маугли – қасқырлар қамқорлығында өскен адам баласы. Кішкентайынан тұмса табиғат ішінде өскендігінен болар, ол аң мен құстың шөп пен судың тілін еркін меңгереді. Әрине, дүние дос пен дұшпансыз болушы ма еді!? Шерхан атты тарғыл жолбарыс оның ең қауіпті дұшпаны болса, Балу мен Багира шын достары еді.

Адам мен аң арасындағы қатынасты көрсеткен бұл шығарманың негізгі лейтмотиві аң да адамға қиын  сәттерде қамқор бола алатындығын көрсетеді.

4. Ж.К. Роулиң – "Хәрри Поттер". Ағылшын тілінен аударғандар –Н.Берікқажы, Д.Мәзен, С.Мұхамедияр

Жиыны жеті томға арқау болған бұл еңбекке Хогуартс сиқыр мектебінің оқушылары Хәрри Поттер мен оның достары Рон Уизли мен Хәрмиона Грейнжердің бастан кешкен оқиғалары себеп болады.

Шығарма Хәрри Поттер мен Лорд Волдеморттың  өзара  текетіресінен өрістейді.

Лорд Волдеморттың көздеген бар мақсаты – мәңгілік өмір сүру, сондай-ақ сиқырлы әлемді өз дәргейіне бағындырып, өзіне қарсы шыққандардың түгелдей дерлік көзін жою. Түптеп келгенде қазақтың "Аққа қара жоқ, қараға шара жоқ" қағидасы негізінде Хәрри Поттер ақырында өз мұратына жетеді. Дәлірек айтсақ, жақсылық жеңіске жетеді.

5.    Джеймс Фенимор Купер – "Могиканның соңғы тұяғы". Орыс тілінен аударған Т.Жанұзақов

Бұл романда әбден қан-қасап күрестен қалжыраған  үнді тайпаларының бостандық жолындағы жансебіл күресі сөз болады. Шығарманың ең басты кейіпкерлері әке Чингачгук пен оның ұлы Ункастың ерлік толы ғұмыры баян етіледі. Бұл исі адамзат баласына еркіндік пен бостандық атаулының қандай қастерлі екендігін, әрі оның бағасын білуді насихаттайтын ғажайып шығарма.

Т. Раушанұлы