Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды

ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып  жүрген суреткерлердің бірі, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды. Бұл туралы депутат Жанарбек Әшімжан өзінің facebook парақшасында жариялады.

"Классик жазушы, ІІ-Дүниежүзілік соғыстың ардагері, даңқты Әбдіжәміл ақсақал Нұрпейісов қайтыс болыпты. Иман байлығын берсін. Адамзаттың басынан өткен небір сұрапыл дәуірлерді тәнімен де, жанымен де сезінген Алып Жүрек ғасырға жақындап барып тоқтапты. Көрмеген көшесінен жарылқасын"- деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов – 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған "Курляндия" романын жазуға кіріскен. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл  Қазақ  мемлекеттік университетінде оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп,оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың  иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – "Жұлдыз" журналының бас редакторы да болып қызмет істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды.

1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылдан бастап ПЕН клубы жанынан "Таң-Шолпан" журналын шығарады.

Жазушы ретінде "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет белгісі", Қазақстан мемлекетінің "Отан" орденімен марапатталған.

Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының  иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан  Қазақстанда  үш  қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.

Қазақтың заңғар жазушысы, мемлекет қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов қазасына байланысты бүкіл қазақ жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

А. Оралқызы