Ресейлік ғалым Әлихан Бөкейханның өміріне арналған кітап шығарды

Ресейлік ғалым Әлихан Бөкейханның өміріне арналған кітап шығарды

Ресейлік Ғалым Виктор Козодой қазақ тарихында маңызды тұлға, Алашорданың негізін қалаушы көсем — Әлихан Бөкейханның өміріне арналған кітабын баспадан шығарды.

Кітаптың тұсаукесері алғаш рет Семей қаласында өткелі отыр. Ғалым кітапты баспадан алғанын, қуанышты екенін жақын күндері туындының тұсауын кесу үшін Семей қаласына келетінін айтты.

"Менің Семей қаласын таңдауым да тегін емес. Семей — Алашорданың алғашқы астанасы, Әлихан Бөкейхан үшін ерекше орны бар қала. Содан кейін Павлодар қаласында жалғасады. Ары қарай Нұр-Сұлтан қаласында форум кезінде кітап таныстырылады. Содан кейін Қарағандыға жол тартамыз. Кітаптың тұсаукесері Алматыда да кесіледі", - деді ғалым.

Виктор Иванович Козодой — орыс тарихшысы, 2012 жылдың 11 мамырынан 2014 жылдың 6 сәуіріне дейін Новосібір облысы губернаторының орынбасары болып қызмет атқарған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. Сібір басқару және бұқаралық коммуникациялар академиясында, 2018 жылы РҒА СБ Тарих институты директорының орынбасары қызметтерін атқарған.

Ғалым алғашында Алашорда көсемі туралы кітап жазу ойында болмағанын айтады. Ол Сібір революциясына қатысты тың деректер іздеп жүріп, Әлихан Бөкейхан туралы мәліметтерге кездескен. Кейіннен осы кітапты жазып шығуға бел буып кіріскен. Кітапты жазуға 2 жыл уақыт жұмсаған. Бүгінде туынды 1000 данамен жарыққа шықты. Жазу кезінде автор негізінен Торайғыров кітапханасының құжаттары мен мәліметтеріне сүйенген. Бұл ретте Алматы, Семей, Павлодар, Томск, Омбы, Самара, Орынбор мен Новосібір мұрағаттарынан өда ақтарған. Осылайша, ғалым жаңа туынды тарихшылар үшін пайдалы нұсқаулыққа айналатынына сенімді.

"Ол Қазақстан үшін өте маңызды рөл атқарды. Ресей үшін ол ұлттық, жалпы империялық деңгейдегі саясаткер болды", - дейді ғалым.

Ғалым кітапты жазу барысында 100-ден астам тарихшының, Қазақстандағы 19 мұрағаттың көмегіне жүгінгенін тілге тиек етті.

"Мен Қазақстандағы 19 мұрағатқа жүгіндім, соның төртеуінде өзім отырым жұмыс істедім. 30 жылын "Әлихантануға" арнаған Сұлтан Аққұлұлынан мәліметтер алдым. Бұл кітабымда көптеген тың деректер бар. Мысалы, біз белгілі тұлғаның туған жылын 1866 жылы деп жүрміз. 1917 жылы Томскте әр аймақтан өкілдер жиналған. Сол жерде Әлихан Бөкейхан өз қолыман анкета толтырған. Ол әлі сақтаулы тұр. Онда жасын 48-де көрсеткен. Демек, оның туған күні 1869 немесе 1870 жылы болады. Бұл дерек еш жерде жоқ", - дейді Виктор Козодой.

Тарихшы сонымен бірге Ресейде бұған дейін Әлихан туралы кітап жазылмағанын айтады.

"Мен алғаш рет осы ақпаратты білгенде қатты таңқалдым. Себебі, Ресей тарихын зерттеймін десеңіз, Әлихан Бөкейханды айналып өту мүмкін емес. Ол — тек Алашорда ғана емес, Ресей империясында да өзіндік орны бар маңызды тұлға", - дейді ғалым.

312 беттік кітапты алдағы уақытта ғалым қазақ тіліне аудару мәселесін қарастырып жатыр.

Айта кету керек, бұл қазақтың көрнекті саяси қайраткерінің өміріне толығымен арналған, бірақ, сонымен бірге, кітап — қарапайым тілде жазылған және әрбір оқырманға түсінікті болатын тұтас ғылыми еңбек. Әлихан Бөкейхан туралы кітаптың тұсаукесері қазан айында өтеді деп жоспарланған. Кітап Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында оқырмандарға жол тартады.

А. Оралқызы