- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- Массагет бәйгесі. iPad...
Массагет бәйгесі. iPad иесі анықталар сәт таяу!
Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатының жартылай финалдық кездесулерінің екінші жұбы алаңға шығады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.
Бүгін екінші жартылай финалдық ойында Аргентина мен Нидерланды құрамалары күш сынасады. Кешегі өткен Бразилия мен Германия арасындағы алғашқы жартылай финалдық ойынның қалай аяқталғанын жанкүйерлер қауымы жақсы біледі. Бразилиялықтар өз тарихында ең ірі жеңіліске ұшырап, «неміс машинасынан» 7:1 есебімен тас-талқан болып ұтылды. Әлемнің бес дүркін жеңімпазының осындай ірі есеппен жеңілуін ешкім күтпеген еді. «Сенсацияға толы биылғы Әлем чемпионатында» талай қызыққа куә болудамыз. Германиямен финалда кездесетін екінші құрманы анықтар бүгінгі ойынның да қалай аяқталары беймәлім. Ендеше, қызықты ойыннан құр қалмаңыздар! Ал, біз әдеттегідей ойын алдындағы шолуға кезек береміз.
Нидерланды vs Аргентина
Нидерланды құрамасы Әлем чемпионатын жақсы бастады. Алғашқы ойында «Әлем чемпионы» деген атты арқалап келген әйгілі Испания құрамасын 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Екінші турда Аустралия құрамасынан 3:2 есебімен басым түссе, соңғы турда Чили құрамасының қақпасына жауапсыз екі доп соғып, өз тобының көшбасшысы екенін дәлелдей түсті. Топтық кезеңнен бірінші орын алған Луи Ван Гал шәкірттері 1/8 финалда Мексика құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал, 1/4 финалда «Өлім тобынан» бірінші орынға ие болып, гректерді жолда қалдырған Коста-Рика құрамасымен кездесті. Тартысты өткен кездесу тең аяқталып, ойын тағдыры пенальти арқылы шешілген болатын. Ол асудан да аман өткен құрама бүгін Оңтүстік Америкалық үздік ұжымдардың бірі Аргентина құрамасымен финал жолдамасын сарапқа салады.
Нидерланды құрамасы бүгінгі ойынды қоса есептегенде Әлем чемпионаты тарихында осымен бесінші мәрте жартылай финалға шығып отыр. Статистикаға көз жіберсек, төрт ойынның үшеуінде де жеңіске жеткен «Қызғалдақты елдің» өкілдері финалдық ойындарда ұтылып қалып отырған. Бір ойында жартылай финалдан аса алмай, үшінші орын үшін таласта жеңіліс тапқан. Демек, Нидерланды құрамасы үшін футболдағы өз тарихына өзгеріс енгізуге тамаша мүмкіндік туып отыр. Биылғы біріншіліктің басты фовариті саналған бұл ұжымның жеңімпаз атануға толық мүмкіндігі бар.
Бүгінгі ойынға Нидерланды сапыннан қорғаушы Рон Петер Влардың қатысу-қатыспауы белгісіз. Оның тізеден алған жарақаты сыр берген көрінеді. Команда капитаны Робин ван Персидің де асқазаны ауырып жүр екен. Бұл қиындық капитанға көсіліп ойнау үшін кедергі келтіруі бек мүмкін.
Нидерланды құрамасы (шығуы мүмкін құрам) : Силлессен, Де Врей, Инди, Хунтелаар, Куйт, Вейналдум, Депай, Снайдер, Блинд, Роббен, Ван Перси
Аргентина құрамасы топтық кезеңдегі үш ойында да жеңіске жетіп, өз тобының сөзсіз көшбасшысы атанды. Олар алғашқы ойында Босния және Герцеговина футболшыларын 2:1 есебімен жеңсе, келесі ойында Иран құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті. Ал, үшінші турда нигериялықтардан 3:2 есебімен айласын асырды. 1/8 финалда Швейцария құрамасымен кездесіп, негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Қосымша уақытта Анхель Ди Марияның соққан голы аргентиналықтарды келесі кезеңге алып шықты. Бельгия құрамасына қарсы өткен 1/4 финалдық ойында италиялық "Наполидің" шабуылшысы Гонсало Игуаин салған жалғыз гол ойын тағдырын шешті. Аргентиналықтар енді бүгін финал жолдамасы үшін Нидерланды құрамасымен күш сынасып көреді.
Бұл екі ұжым өзара сегіз кездесу өткізген. Екі құрама арасынан еуропалық команданың басымдығы айқын байқалады. Нидерланды құрамасы сегіз ойынның төртеуінде жеңіске жетіп, үш ойында тең ойнаған. Ал, бір ойын аргентиналықтардың пайдасына шешілген. 1974 жылы Германияда өткен Әлем чемпионатында бұл екі құраманың арасында өткен ойын 4:0 есебімен нидерландықтардың жеңісімен аяқталған. Екі ұжым араға төрт жыл салып келесі Әлем чемпионатының ақтық сынында қайта жолыққан екен. Ол бәсекеде Аргентина құрамасы қосымша уақыт арқылы 3:1 есебімен басым түсіп, Әлем чемпионы атанған.
Бүгінгі ойынға Аргентина сапынан мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы Анхель Ди Мария алаңға шықпайды. Ол Бельгияға қарсы ойында жарақат алып қалған болатын. Есесіне шабуылшы Серхио Агуэро құрама сапына қайта қосылатын болды.
Аргентина құрамасы (шығуы мүмкін құрам) : Серхио Ромеро, Пабло Сабалета, Маркос Рохо, Эсекьель Гарай, Хосе-Мария Басанта, Хавьер Маскерано, Лукас Билья, Энцо Перес, Лионель Месси, Гонсало Игуаин, Серхио Агуэро.
Нидерланды мен Аргентина құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 02:00-де басталады.
Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген бір ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!
Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар! Алғашқы ондыққа енген қатысушыларға арнайы сыйлықтар беріледі!
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: football.sport-express.ru; Vk.com
Н. Айдархан