- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- ӘЧ-2014. Бразилия өз...
ӘЧ-2014. Бразилия өз тарихында ең ірі жеңіліске ұшырады
Әлемнің бес дүркін жеңімпазынан мұндайды кім күткен?! Бразилия құрамасы өз үйінің төрінде немістерден ойсырай ұтылуда - 1:7. Бундестим өзінің қай жолғыдай мақтаулы ұжым екенін көрсетті, ал бразилиялықтарға бас шайқамай тұра алмайсыз...
Бразилиялықтардың бірінші минуттардан қарқыны қуантып еді. Қос қапталды іске қосу арқылы, Пеленің отандастары жылдам шабуыл ұйымдастырып көруге тырысқан. Марсело бастаған жігіттер стадионның ыстық қолдауымен қарсыластың осал жерін аңдап көруге мүмкіндік алғандай болған. Аңдағаны былай тұрсын, арбалғандарын аңғармай қалғандай. Өз айып алаңдарында доптан бас тартқан немістер, допты қарсыластың аяқ астына салып беріп қойды.
Сколаридің әлемдік деңгейдегі бапкерлермен бір қатарда иық теңестіре алмайтыны тағы бір мәрте әйгіленді. Команда көшбасшысыз қалғанда және қажетті екі бірдей ойыншысынан айырылғанда, тәжірибелі бапкер ойын мәнерін мүлдем басқа бағытта ауыстырып көру керек еді ғой. Мәселен, Оскар-Рамирес-Виллиан үштігі құба-құп.
Жалпы, Бернард пен Фредті бұл ойынға шығару керек пе еді?! Ертеңгі күні бұл сұрақтың қойылар-қойылмасы белгісіз, бірақ Челсидің жартылай қорғаушыларына сенім арту керек пе еді, бәлкім. Ыстық ақыл қосылғанда, мундиальға алынбаған Роналдинью мен Каканы ысырып былай қоя тұрып, Жозенің қол астындағы нөкерлер командалық ауызбіршілікке дайын болар ма еді деген ой туындайды.
Оның орнына, бірінші минуттардан сүйкімі кемімесе, арта түспеген Фредті шығарды, одан қалса команданы ұжымдық пас алмасуға емес, жеке бастың индивидуалдық шеберлігіне әзірлегені дұрыс болмады.
Қорғаныста Тиаго Силваның орнын басатын ойыншы жоқтығы көрінді. Жозе Моуриньюдің бір ауыз сөзінде жан бар секілді, команданың ойыны "ПСЖ"-ның осы бір қорғаушысына қарап бой түзейді десек, бүгінгі ойыннан кейін қателеспейміз. Не десек те, Бразилияның ойынын зерттеп, жік-жікке бөліп қарастырып жатудың өзі артық.
Ал "Неміс машинасы" әдеттегідей өз жұмысын жасады. Марселоның жиі шабуылға шығып, оң жақ бөлікте бос орын қалатынын ескерген немістер, бірінші минуттардан сол бөліктен шабуылдарын ұйымдастырып көруге тырысқан. Левтің шәкірттері бұл тұста да жаза баспады. Стандарттың біріншісін сол бұрыштан орындап, бірінші боп гол соқты да. Қалған уақытта мундиальда ұйқылы-ояу жүрген Месут та аянып қалмады.
Сонымен, Бразилия өз тарихында ең ірі жеңіліске ұшырап отыр, Мирослав Клозе Әлем Чемпионатының тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды, Германия құрамасы жартылай финалда бес доптан көп гол соққан бірден-бір ұжым атанды.
Естен шықпай тұрғанда, бұл ойында Суарестің тістегенін байқамай қалған бас қазы төрелік етті. Бір қызығы, қазақ жанкүйерлері "Қайрат"-"Ақтөбе" кездесуінен кейін, мұндай есепті Әлем Чемпионатынан көрерміз деп ойламаған болар. Ендігі жетпей тұрғаны, Сколаридің өз орнын босатуы. Оны алдағы уақытта шеше жатар, ал Германия құрамасы өздерінің Әлем Чемпионы болуға лайықты екендіктерін танытты.
ӘЧ-2014, жартылай финал
Германия – Бразилия – 7:1
Томас Мюллер, 11, Мирослав Клозе, 23, Тони Кроос, 24, 26, Сами Хедира, 29, Андре Шюррле, 69, 79 – Оскар, 90
Бразилия: Жулио Сезар, Давид Луис, Марсело, Майкон, Данте, Фернандиньо, Луис Густаво, Бернард, Оскар , Халк, Фред.
Германия: Нойер, Хеведес, Лам, Боатенг, Хуммельс, Хедира, Швайнштайгер, Кроос, Озил, Мюллер, Клозе.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: sports.ru
О. Сансызбай