Массагет бәйгесі. Сыйлықты ұтып ал!

Бүгін кеште Бразилия төріндегі Әлем Чемпионатының ширек финалдық кездесулері жалғасын таппақ. Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасуда. 

Турнирдің басты фавориті саналатын Нидерланды құрамасы мен осы мундиальдың тосын сыйы, ширек финалдан ешкім күтпеген Коста-Рика құрамасы кездеседі.

Аталған кездесуде өзбек төрешісі Равшан Ирматов қазылық етеді.

Нидерландықтар өздерінің айқын фавориттер екенін сезіне отырып, алдыңғы шепте үш шабуылшының жүйесін қолдануы мүмкін.

Костарикалықтар әдеттегідей өздерінің мықты қорғанысы мен команданы ширек финалға шығарған Кейлор Навасқа сенім артпақ. 

Костарикалықтар қарымта шабуылды тез ұйымдастыратын, мүмкіндігінше пайдаланып қалуға тырысатын команда есебінде танылды.

"Қызғалдақтар елінің" өкілдері осалдық таныта қоюы екіталай. Көпшілік мамандар нидерландықтар жеңіске жетеді деп күтуде. 

Әлем Чемпионатының ширек финалында Аргентина мен Бельгия құрамалары кездеседі.

Аталған кездесуде италияндық қазы Никола Риццоли төрелік етеді.

Аргентиналықтар аталған кездесудің айқын фавориті саналады. Бұл команда (Месси мен Ди Марияны қоспағанда) Бразилия жерінде өздерін әлі көрсете қойған жоқ. Команда капитаны жеңіске жетелеуде.

Серхио Агуэро жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайды. Кездесудің нәтижесі Лионель Мессидің шеберлігі мен көңіл-күй ауанына байланысты болуы мүмкін. 

АҚШ құрамасына қарсы ғаламат ойын өткерген бельгиялықтар бірінші минуттардан шабуылдауы мүмкін. Бельгиялықтардың орталық бөлігі жойқын күшке ие.

Ойынға Томас Фермален қатыса алмайды. Ал Мұса Дембеленің қатысу-қатыспауы белгісіз.

Қарсыластар Әлем Чемпионатында екі мәрте жолығысыпты. 1982 жылы топтық кездесуде бельгиялықтар сол уақыттағы әлем чемпиондарын 1:0 есебімен жеңсе, арада төрт жыл өткенде жартылай финалда Аргентина 2:0 есебімен жеңіске жете алған екен. 

Мамандар аргентиналықтардың бір доп айырмасымен жеңетінін айтуда. 

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген екі ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Екі ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: football.sport-express.ru; 112.ua