Массагет бәйгесі. Болжам жасап, iPad ұтып ал!

Массагет бәйгесі. Болжам жасап, iPad ұтып ал!

Бүгін футболдан Әлем Чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.

Бүгін «Н» тобыннан көш басындағы Бельгия құрамасы мен алғашқы ойында бір ұпайға ие болған ресейлік футболшылар бақ сынасады. Тағы бір ойын Оңтүстік Корея мен Алжир құрамаларының арасында өтеді. «G» тобынан бірінші турда немістерге есе жіберген Португалия құрамасы мен АҚШ құрамасы күш сынасады. Америкалықтар алғашқы ойында Гананы жеңген болатын. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Бельгия vs Ресей


Бельгиялықтардың Әлем чемпионатына жолы түспегелі біраз болып еді. Соңғы үш біріншілікке қатыса алмаған құрама биыл қайта қатарға қосылды. Алғашқы ойынды да жаман бастаған жоқ. Алжир құрамасын аяқтан шалған Марк Вильмотс шәкірттері әзірге үш ұпаймен көш басында келеді. Егер бүгін олар ресейлік футболшыларды қапы қалдырса келесі кезең жолдамасына ие болады. Фабио Капелло баптайтын Ресей құрамасы әзірге өз ойынын таппай келеді. Бірінші турда олар Оңтүстік Корея футболшыларымен тең тарқасып, көздеген мақсаттарына жете алмаған болатын. Алайда қоржынға түскен бір ұпай ресейліктерді 1/8 финал жолдамасына деген мүмкіндіктерін сақтап қалды.

Бапкерлер сөзі

Бельгия құрамасының бас бапкері Марк Вильмотс: «Алғаш жеребе тартылған кезде бұл топтың фавориттері ретінде Бельгия мен Ресей құрамаларының аты аталды. Біздің басты мақсатымыз - топтан шығу. Ресей құрамасы азиялық ұжымға қарсы сүреңсіз ойын өрнегін көрсетті. Олар біздер күткен жылдам ойын үлгісін көрсете алмады. Фабио Капелло тактиканы алмастырады деп ойлаймын. Біздің бірақ оған жауабымыз дайын. Менің ойымша, біздің футболшылар ертеңгі ұрпақ үлгі ететіндей Бельгия футбол тарихына жаңа парақтар қосатын болады», - дейді.

Ресей құрамасының бас бапкері Фабио Капелло: «Мен Вильмотсты футбол ойнап жүрген кезінен танимын. Бапкер ретінде ол өте керемет нәрселер жасап келеді. Өз мүмкіндігіңді пайдалануда сол секілді әрекет ету керек. Бельгия бұған дейін дәл осындай мықты команда болған емес. Бұған бапкердің еңбегі зор. Іріктеу кезінде Бельгия барлығын да таң-тамаша қылды. Олар жинақы, үздік ойыншылар топтасқан команда. Стандартты жағдайларда өте қауіпті. Бірақ мен өз командама сенемін», - дейді.

Бельгия мен Ресей құрамалары өзара сегіз рет кездесу өткізген. Оның үшеуінде бельгиялықтар жеңіске жетсе, төрт рет ресейліктер басым түскен, бір ойын тең аяқталған.

Бұл екі ұжымның Әлем чемионаты аясындағы соңғы екі ойынында Бельгия футболшылары басым түскен (ӘЧ-1986 4:3, ӘЧ-2002 3:2).

Екі құрама арасындағы 2010 жылы өткен ең соңғы ойында (жолдастық кездесу) Бельгия құрамасы 2:0 есебімен жеңіске жеткен.

Бельгия (шығуы мүмкін құрам) : Куртуа, Алдервейрелд, Вермален, Ван Бюйтен, Вертонген, Мертенс, Витсель, Дембеле, Де Брюйне, Азар, Лукаку

Ресей (шығуы мүмкін құрам): Лодыгин, В.Березуцкий, Д.Комбаров, Игнашевич, Ещенко, Шатов, Глушаков, Файзулин,  Жирков, Кокорин, Кержаков

Бельгия мен Ресей құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Алжир vs Оңтүстік Корея

Алжир құрамасы Әлем чемпионаты басталар алдында бұл топтың аутсайдері саналған болатын. Алайда африкалық құрама Бельгияға қарсы өткізген алғашқы ойында жақсы қырынан танылды. Аутсайдерлер атой салып жатқан біріншілікте бұл құраманың да бағы жанып кетуі әбден мүмкін. Бірінші ойында олар жинақылығымен және қарымта шабуылдардағы өткірлігімен көзге түсті. Дегенмен бір ұпайы бар Оңтүстік Корея футболшылары да 1/8 финал жолдамасы үшін аянып қалмасы анық. Сол себепті, бүгінгі ойын тартысқа толы болады деп күтілуде.

Оңтүстік Корея (шығуы мүмкін құрам): Чон Сон Рен, Юн Сок Ён, Ли Юн, Ким Ён Гвон, Хон Ён Хо, Ан Гук Ен, Ки Сон Ен, Ли Чун Юн, Сон Хон Мин, Ку Чжа Чхол, Пак Чу Юн

Алжир (шығуы мүмкін құрам): М'Боли, Мостефа, Халлиш, Гулям, Фегули, Бугерра, Меджани, Таидер, Бенталеб, Махрез, Судани

Алжир мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады. 

АҚШ vs Португалия

Кеше «G» тобынан Германия мен Гана құрамалары тең ойнап, бұл топтағы жағдайды шиеленістіре түсті. Бүгінгі Португалия мен АҚШ арасындағы ойын біраз нәрсенің бетін ашатын болады. Алғашқы ойында немістерге оңбай ұтылған (4:0) Португалия құрамасы бар өшін америкалықтардан алуы мүмкін. Егер Криштиану бастаған команда жеңіске жететін болса топтағы тартыс одан сайын қыза түседі. Ал, бірінші турда ганалықтарды жеңген АҚШ аяқ доп шеберлері жүрісінен жаңылмай үш ұпайға қол жеткізсе, келесі кезеңге жолдама алады. Америкалық футболшылар 1/8 финал жолдамасы үшін тартысты соңғы турға қалдырғысы келмесе бүгін қалай да жеңіске жетуге тиіс. Ойын алдында Португалия құрамасында аздаған қиындықтар орын алды. Бүгінгі кездесуге немістерге қарсы ойында алаңнан қуылған тәжірибелі қорғаушы Пепе мен ауыр жарақат алған қорғаушы Фабиу Коэнтрау шыға алмайды. Португалияның үздігі Криштиану Роналдудың да жарақаты сыр бергені туралы ақпарат құралдары жарыса жазуда. Алайда Германияға қарсы ойында өнер көрсеткен Криштиануды бүгін тағы да алаңнан көреміз деп үміттенеміз.

АҚШ (шығуы мүмкін құрам): Ховард, Безлер, Бизли, Кэмерон, Джонсон, Брэдли, Бедойя, Джоунс, Беккерман, Демпси, Алтидор

Португалия (шығуы мүмкін құрам) : Патрисиу, Перейра, Алвеш, Нету, А.Алмейда, Велозу, Мейрелеш, Моутинью, Нани, Роналду, Поштига 

Португалия мен АҚШ құрамалары арасындағы кездесулер статистикасы:

Әлем чемпионаты 2002, D тобы

05.06.2002. АҚШ – Португалия - 3:2 (3:1)

Құрама штаттар кубогы 1992, Финалдық кезең

03.06.1992. АҚШ – Португалия - 1:0 (1:0)

Жолдастық кездесу 1990

19.12.1990. Португалия – АҚШ - 1:0 (1:0)

Жолдастық кездесу 1980

07.10.1980. Португалия – АҚШ - 1:1 (0:0)

Жолдастық кездесу 1978

20.09.1978. Португалия – АҚШ - 1:0 (1:0)

Португалия мен АҚШ құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен 04:00-де басталады. Барлық кездесуді «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, 8 ұпайдан аспағандар рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Тағы айта кететіні, қатысушылар өтінішімен жарысқа қатысушылар шектелмейтін болды. Және жаңа ережелер туралы ақпарат кейінге шегерілді. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: monopost.ru

Л. Лига