Роналду неше рет қызыл қағаз алып алаңнан қуылған?

Роналду неше рет қызыл қағаз алып алаңнан қуылған?
Фото: Whazupnaija

Танымал португалдық футболшы Криштиану Роналду Чемпиондар лигасында алғаш рет алаңнан қуылды. Бас төреші Феликс Брихтің осы бір шешімі футболсүйер қауым арасында қызу талқылануда.

Роналду - Чемпиондар лигасының ең үздік сұрмергені (120 гол). "Манчестер Юнайтед" пен "Реал" сапында жүріп, жасындай жарқылдады. Алайда "Ювентуспен" Чемпиондар лигасын сәтсіз бастады.

Португалдық ойыншы кезекті шабуыл кезінде "Валенсия" қорғаушысы Джейсон Мурильомен соқтығысып, соңы командалық қақтығысқа ұласты. Қапталдағы көмекшісімен ақылдасқан бас төреші Феликс Брих Роналдуға бірден қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Шабуылшы көз жасына ерік бергенмен, төреші бәрі кеш екенін ұқтырды.

Криштиану Роналду осыған дейін Чемпиондар лигасында қызыл қағаз алмағанмен, өзге жарыстарда алаңнан қуылған сәттері біршама. Біршама болғанда, осыған дейін 10 рет қызыл қағаз алған. Нақтырақ айтсақ:

1. "Астон Вилла" - "Манчестер Юнайтед" - 0:2 (2004 ж. 15 мамыр)

Роналдудың "Манчестер Юнайтед" сапына ауысып келген маусымы. Соңғы турда "Астон Вилламен" ойнап, командасының екінші голын соқты. Алайда ойында екінші сары қағазын алып алаңнан қуылды. Бірінші сары қағазын өтірік құлап сылтауратқаны үшін, екіншісін оффсайдта қалып, төреші ысқырығынан кейін гол салғаны үшін алды. Кейіннен ағылшын премьер-лигасындағы тәртіптік комиссия ойыншының бірінші сары қағаз алған сәтіне кешіріммен қарады.

2. "Манчестер Сити" - "Манчестер Юнайтед" - 3:1 (2006 ж. 16 қаңтар)

Криштиану алаң ортасында допты өзінен алыс ұзатып алып, Манчестер Сити ойыншысы Энди Коул допты алған сәтте ойын ережесін бұзды. Төреші бірден қызыл қағаз көрсетті.

3. "Портсмут" - "Манчестер Юнайтед" - 1:1 (2007 ж. 15 тамыз)

Ойын соңында манкуниандық ұжым бұрыштама добын көтеруге мүмкіндік алды. Оған дейін бір сары қағазы бар Роналду жартылай қорғаушы Ричард Хьюзбен ерегесіп, соңы командалық жанжалға ұласты. Нәтижесінде футболшы қызыл қағаз алып, үш ойынға шеттетілді.

4. "Манчестер Сити" - "Манчестер Юнайтед" - 0:1 (2008 ж. 30 қараша)

2008 жылы манкуниандық дербиде Роналду кезекті рет алаңнан қуылды. Шона Райта-Филлипсті шалып тоқтатқаны үшін сары қағаз алса, екінші сары қағазын бұрыштамадан асырылған допты қолымен тоқтатқаны үшін алды.

5. "Реал" - "Альмерия" - 4:2 (2009 ж. 5 желтоқсан)

Роналду алаңда қызуқандылыққа салынатын сәттер аз емес. Сондай ойындардың бірінде футболшы қарсыласының аяғынан әдейі теуіп, бірде қызыл қағаз алды. Дегенмен сол ойында шабуылшы гол соғып, нәтижелі пас берген. Бірақ пенальти соға алмаған еді.

6. "Реал" - "Малага" - 2:0 (2010 ж. 24 қаңтар)

Араға 1 айдан аса уақыт сала Роналду тағы да командасын 10 ойыншымен қалдырды. Бірінші тайм соңында футболшы дубль жасады. Ал 70 минутта қарсылас команда ойыншысының бетіне қолы тиіп, ереже бұзды. Бұл сәтті анық аңғарған төреші португалдық футболшыға қызыл қағаз көрсетті.

7. "Реал" - "Атлетико" - 1:2 (2013 ж. 17 мамыр)

Король кубогының финалы тартысқа толы болды. "Реал" 14 жылдан кейін барып, мадридтік дербиде қарсыластарына есе жіберді. Роналду гол соғып, есеп ашқанмен, 114 минутта алаңнан қуылды. Бұл сәтте қарсыласының қаттырақ келіп соққанына жүйкесі шыдамаса керек.

8. "Атлетик Бильбао" - "Реал" - 1:1 (2014 ж. 2 ақпан)

Роналду кезекті бір қызыл қағазын Бильбаода алды. "Атлетик" ойыншыларымен сөзге келген футболшы, бірнеше қарсыласының жағасынан алды. Нәтижесінде үш ойынға шеттетілді.

9. "Кордоба" - "Реал" - 1:2 (2015 ж. 24 қаңтар)

"Жай тұрған сәтте қарсыласына қарсы ойын ережесін бұзғаны үшін" футболшы қызыл қағаз алды. Бас төреші ойын соңынан осылай түсініктеме толтырған. Ал Роналду болса қолын бір сермеп, жейдесіндегі клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңгендегі танымбелгісін бір сүртіп, алаңды босатты. Кейіннен twitter желісінде осы қылығы үшін кешірім де сұрады.

10. "Барселона" - "Реал" - 1:3 (2017 ж. 13 тамыз)

Испания Суперкубогындағы екінші ойында Роналду бар-жоғы 24 минут ойнады. 58 минутта алаңға шығып, 82 минутта қызыл қағаз алды. Ал оған дейін бір гол соғып, корольдік клубтың жанкүйерлерін қуантып үлгерген еді. Алайда тағы бір гол соғатын сәтте футболшы жығылып төрешіден пенальти сұрады. Ал төреші пенальти емес, қызыл қағаз көрсетті.

"Валенсияға" қарсы ойында Роналду 11-ші рет қызыл қағаз алды. "Ювентус" ойын жағдайына байланысты шағым түсірмек. Содан кейін барып португалдық ойыншы қанша ойынға шеттетілгені белгілі болады.

О. Сансызбай