Бундеслига тарихындағы ең жылдам гол «Бавария» қақпасына соғылды (видео)

Бундеслига тарихындағы ең жылдам гол «Бавария» қақпасына соғылды (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Германия чемпионаты (бундеслига) тарихындағы ең жылдам гол мюнхендік «Бавария» қақпасына соғылды. Тарихи сәт «Хоффенхайм» мен «Бавария» кездесуінде орын алды.

Бундеслигадағы жылдам голдың авторы болып «Хоффенхайм» ойыншысы Кевин Фолланд атанды. Төреші ысқырығы шалынғанына 7 секунд өткеннен кейін-ақ Мануэль Нойер өз қақпасынан допты алып шығуға мәжбүр болды. «Бавария» клубының қорғаушысы Давид Алабаның өрескел қателігін шабуылшы сәтті пайдалана білді.

«Хоффенхайм» алаңында өткен ойында «Бавария» жеңіске жетті. Ең жылдам соғылған голға 41 минутта Томас Мюллер жауап қатты. 74 минутта Джером Боатенг екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. 11 метрлік айып добын алаң иелері өз пайдаларына жарата алмады. Нәтижесінде кездесудің соңғы минутында Роберт Левандовский алаң иелерін сан соқтырып кетті. 

О. Сансызбай