Массагет бәйгесі. Жеңімпаз атануға асығыңыздар!

Массагет бәйгесі. Жеңімпаз атануға асығыңыздар!

Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатындағы «Е» және «F» топтарының соңғы шешуші кездесулері өтеді. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.

«F» тобында екі кездесуден кейін Аргентина құрамасы плей-офф жолдамасын иеленді. Одан кейінгі бір жолдамаға Нигерия мен Иран құрамалары таласатын болады. Бірақ, Нигерияның мүмкіндігі мол. Ал Иранға бүгін Нигерияның Лионель Месси бастаған жігіттерден жеңілуін «тілеп», Босния және Герцеговинаны ірі есеппен жеңуі тиіс. Ал «Е» тобында Франция көш бастап келеді. 1/8 финалға өтіп үлгерді. Екінші жолдама бүгін Швейцария немесе Эквадорға бұйырады. Эквадорлықтар француздармен кездессе, Швейцария құрамасы топтың аутсайдері Гондураспен 3 ұпайды сарапқа салатын болады. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Нигерия - Аргентина кездесуінде африкалық командаға жеңіс ауадай қажет. Ал аргентиналықтардың бұл Әлем Чемпионатында әлі жеңілмегенін ескерсек, онда африкалықтарға өздеріне қажетті ұпайға қол жеткізу қиын болады.

Ал Иран құрамасы бір оймен, жалғыз тілекпен алаңға шықпақ. Олардың тағдыры, бір сөзбен айтқанда, қатар өтіп жатқан матчқа тәуелді. 

Естеріңізе болса, нигериялықтар Иран құрамасымен тең есеппен ойнап, Босниямен өткен ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл дегеніміз, африкалықтар бұл турнирде 1 ғана гол соғып, сол тұста өз қақпаларына доп жіберіп алмаған деген сөз. 

Аргентина құрамасы екі ойында да жеңіске жете алды. Боснияға қарсы өткен ойында Мароданың жерлестері 2:1 есебімен ұтып, жеңіске сенімді бастаса, ирандықтарға қарсы кездесуде ойын соңында ғана жалғыз голды соға алып еді.

Нигерия құрамасы бұл кездесуде ең аз дегенде бір гол соғатыны сөзсіз. Кейшидің қол астындағы нөкерлер аргентиналықтардың қорғаныстағы осалдығын пайдаланып қалуға тырысады. Ал өз қақпаларына мүмкін болып жатқан жағдайда гол жібермеуге ұмтылады.

Аргентиналық ойыншылардың бүгінгі кездесуде финалдық ойынға іштей дайындықпен жүретінін болжасақ, бұл сөзсіз қарсыласқа көмек болар еді. 

F тобының тағы бір өкілдері Босния және Герцеговина Иран құрамасымен кездесу өткізеді.

Босниялықтарға бұл ойын мундиальдағы соңғы ойындары болмақ. Себебі, Сушичтің командасының қоржынында әзірге ұпай жоқ. Ал нигериялықтармен тең есеппен ойнаған ирандықтаға топтан шығуға мүмкіндік бар. 

Иран бұл үшін босниялықтарды ұтуы қажет, өз кезегінде Нигерия қатар өтіп жатқан матчта Аргентинаға жеңілуі тиіс. 

Қос құраманың ойын өрнегі көңіл қуантады. Екі кездесуінде де командалар лайықты өне көрсетті. Иран құрамасы екінші деммен шабуылға ден қойып жүріп, нигериялықтармен тең есепті сақтап қалған болатын. 

Ирандықтар Аргентинаға қарсы өткен ойында да тең есепке бір табан жақын еді. Мессидің сол аяғы болмағанда, ұстап тұрар еді. Кездесудің бітуіне санаулы минуттар қалғанда ирандықтар Мессиден көз жазып қалған еді, "Алтын доптың" төрт дүркін иегері де айып алаңының сыртынына шірене соққы бағыттаған-ды... 

Босниялықтардың сапында талантты ойыншылардың бар екенін ескерсек және соңғы ойындарында жақсы пікір қалдыруға тырысатындықтарын бағамдасақ, онда Джеко бастаған жігіттерден бәрі күтуге болады.

Эквадор – Франция кездесуінде шартты түрде алаң иелері саналатын оңтүстік америкалықтар топтан екінші боп шығуға тырысады. Бірінші орынды Гондурас пен Швейцарияны тізерлеткен Франция құрамасы иеленіп отыр. 

Дей тұра, мына жайтты да назарда ұстаған дұрыс, егер француздар жеңіліп, қатар өтіп жатқан кездесуде Швейцария Гондурас қақпасына бес голдан артық доп соқса, онда Дешамның қол астындағы нөкерлер үйіне қайтады.

Эквадор құрамасының жеңіске жете қояюы қиын. Тең есеп ойға қонымды, бірақ француздар Швейцарияға көмек қылатын шығар. 

Дешам бүгінгі кездесуге негізгі құрамның мықты ойыншыларын шығаратын шығар. Бір жағынан көп тәкекелге барып жатпасы анық. Франция құрамасының екі кездесуде де ширақ қимылдағанын ескерсек, онда француздардың бас бапкері қол астындағы тәлімгерлерінің өнеріне тағы бір мәрте топтық кезеңде сүйсінбек..

Маракана стадионында өтетін ойында фрацуздар жеңіске жетуге ұмтылары анық. Дәл қазіргі уақытта Еуропаның командасы қарсылас менсінбей келуде.

Швейцария 1/8 финалға шығу үшін Гондурасты жеңуі тиіс және Францияның Эквадор құрамасын ұтқанын тілейді. 

Тең есеп те оларды келесі кезеңге шығармайды, себебі, Эквадор құрамасымен гол артықшылығы теңесіп тұр. 

Швейцария құрамасы соңғы минуттарда ғана Эквадорды жеңіп кеткен болатын, ал Францияға қарсы ойында осы мундиальдағы рекордты орнатып еді. 

Ал Гондурас бірінші ойында Францияға жеңілсе, кейінгі кездесуде Эквадорға ұтылған-ды. 


Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген төрт ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 12 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Төрт ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: isport.com; vseprosport.ru; fifa.com; rsport.ru; livesport.ru; nashidni.org

О. Сансызбай