Жаз - бәріне қуаныш сыйлайтын маусым - 2

Жаз - бәріне қуаныш сыйлайтын маусым - 2

Жалқаулық жадыраған жазбен бірге келеді. Ата-анамызға, ата-әжемізге еркін еркелеп, жұмыссыз жүреміз. Қораға қойды қама десе де, тіл алмай, білгенімізді істейміз. Жазғы демалыс осынысымен қызық болса керек. Олай болса, демалысты қызықты өткізіп, немен айналысуға болатыны туралы жазайық.

Басы

9. Тәтті балмұздақтардан құр қалмайық. Жазды балмұздақсыз елестету қиын. Егер дүкендегісін ұнатпасаңыз, оны қолдан жасап көріңіз. Ал жасалу жолын сайтымыздан таба аласыз.

10. Фильмдер көру. Ата-анамызбен бірге отырып көруге болатын фильмді таңдау қиын. Десе де трейлерін мұқият қарап, отбасымыздың көңілінен шығатындай фильм табуға болады. «Зерде» секілді мультфильмдер балаларды қызықтырып қана қоймай, көкейге салмақты ой қондырады.

11. Бақшаны баптау. Көкөністердің арасындағы арам шөптерді жұлып, гүлдер отырғызайық. Көркімен баурап, хош иісімен еліктіретін болады. Ал бақшадағы табиғи өнім қашан да құнды.

12. Шет тілін меңгеру. Бұл істің пайдасы мол. Ақыл-парасат дейгейін көтеріп қана қоймай, есте сақтау қабілетін жақсартады. Қазіргі таңда шет тілін меңгеру ешкімге таң емес. Екінің бірі біледі десек те болады. Сондықтан қатарластарымыздан қалмай, заман ағымына ілескеніміз жөн болар.

13. Жастармен бірге болу. Түрлі секта, қауіпті ұйымдар бар болғандықтан, сырласар досымызды тапқан кезде, абай болғанымыз жөн. Сырты бүтін, іші түтін жандар жаман істерге баулып, шылым шегуді, ішімдік ішуді үйретуі мүмкін. Мұның барлығы да өтпелі жас кезеңінде еліктіре түседі. Алайда жамандықтың шырмауына түсіп қалмайық. Ата-анамыз бізге үкілі үмітін артып отыр. Жастармен қосылып скейтборд, велосипед айдауға, түрлі аспапта ойнауға болады.

14. Жаңа іспен айналысу. Ол істі өзіміздің қалауымызға сай таңдағанымыз жөн. 

15. Жұмысқа орналасу. Бірінші қыркүйекте керек-жарағымызды әке-шешеміз түгендейді. Бұл жолы өзіміз ақша тауып, керісінше қаржылай көмек көрсетсек, қалай болады екен? Жазда оқушыларға арналған уақытша жұмысты көп жерден табуға болады. Көршіміздің ауласын сыпырсақ та, еңбекпен табылған дүние көзге оттай басылып, қымбат көрінеді.

16. Массагетпен бірге болыңыз! Сайтымыздағы материалдарды жазу барысында өзіңіздей оқырмандарға пайдасы тиер деген ойда боламыз. Жазғы демалысыңыздың қалай өтіп жатқандығы туралы бізбен бөлісуді ұмытпаңыз.  

Құрметті оқырман, қандай іспен айналыссақ та, ата-анамызға қолғабыс етуді ұмытпайық. Олардың ақ сүтін еш уақытта өтей алмасақ та, қартайған шағында бақытты өмір сүруіне жағдай жасай аламыз. 

Қ. Бүйенбай