Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...
жеке
блог

БАЗАРҒА БАРА ҚАЛСАҢЫЗ, ӘРІСІ ҚЫТАЙ МЕН ТҮРКИЯНЫҢ, БЕРІСІ ҚЫРҒЫЗДЫҢ КИІМ-КЕШЕГІНЕН КӨЗ ТҰНАДЫ. БАҒАСЫ ДА АРЗАН ЕМЕС. ТҮРКИЯДАН ЖЕТКІЗІЛГЕН БІР КӨЙЛЕК 25000 ТЕҢГЕДЕН БАСТАЛАДЫ. ОНЫ ҚЫМБАТСЫНҒАНДАР ӨЗГЕЛЕРДІҢ ТАУАРЫНАН ШЕРТІП ЖҮРІП КЕРЕГІН АЛАДЫ. ӨЙТКЕНІ, ТАҢДАУ БАР. БАҒАСЫ ДА, САПАСЫ ДА ӘРТҮРЛІ. БАСТЫСЫ – СҰРАНЫСҚА ИЕ. АЛ, ОТАНДЫҚ ӨНІМ ШЕ?

Бізде де өзіндік брендін танытып үлгерген дизайнерлер аз емес. Өкініштісі сол, атағынан ат үркердей болғанмен, бағасы да сондай. Соған қарағанда, олар ұлттық патриотизм, отандық өнім ұғымдары арқылы елде жаппай танылудан гөрі, бірден мол табысқа кенелуді көбірек ойлайтын секілді. Бәсінің қымбаттығын сапасының жоғарылығымен түсіндіруге тырысады. Дегенмен, «сапалы» дегеннің де ғұмыры бір маусымнан аса қоймайды.

Жасыратыны жоқ, батыстық сән үлгілері жауыр болды ма, әлде талғамның өзгергені ме, әйтеуір қыз- келіншектер қазақша үлгіде киінуді құп көреді. Байқасаңыз, түрлі салтанатты жиындарда ұлттық киім киіп жүргендер де бар. Киім үлгісі түгелдей ұлттық нақышта болмаса да, әйтеуір қазақи ою-өрнектің нышанын көресіз. Оған қоса әртүрлі зергерлік бұйымдарды (шекелік, сақина, шашбау, өңіржиек, сырға) заманауи киіммен үйлестіріп кию үрдісі жастар арасында кең таралған. Этностильдегі киім мен бұйым да соңғы кезде сұранысқа ие. Жастар күнделікті өмірде әшекеймен өрнектелген тақияны кәдімгі джинсимен жарастырып, қазақы

сырғамен көркемдеп киіп, ерекшеленіп жүр. Ұлттық өнердің заманға сай қайта жаңғыруы мен жандануының бұл да бір көрінісі іспетті.

Осы стилді ұстанушы арулардың бірі – жастар театрының актрисасы Әйгерім Силықова. Күнделікті өмірде ерекше сән үлгісімен жүретін Әйгерімді көпшілік те жақсы таниды. Таңданысын жасыра алмағандар оны киім үлгісіне жылы лебізін де ашық білдіріп жүр.

Оның ұлттық нақыштағы киімге қызығушылығы бала кезінде домбыра үйірмесіне қатысудан басталыпты. Домбыраның оюына сәйкестендіріп, қазақы үлгіде тіктірген бүрмелі көйлектері әлі күнге дейін сандығында сақтаулы тұр екен. Себебі, сахналық образдар болған соң күн сайын киюге келмейді. Кейде соларды заманауи үлгімен үйлестіріп киюді де ойлайды. Өйткені, заманауи киім мен этностилді үндестіру арқылы ұлттық құндылықтар мен мәдениетті дамытуға мүмкіндік барын ол жақсы түсінеді.

– Бастапқыда той-думанда қазақы нышаны бар киім киіп жүрдім. Тіпті, дизайнерлермен де сөйлесіп, үлгілерін қарастырдым. Бүрмелі көйлек кимесем де, үйлестіріп әшекей тағып не болмаса оюлы киіммен өрнектеп те киетінмін. Актриса болған соң, «елден ерек тұруы үшін киіп жүр» деген ой кім-кімнің де санасына келуі заңдылық. Алайда, қазақы нақыштағы киімдер мен бұйымдар – менің жан қалауым. Оған қоса instagram әлеуметтік желісін белсенді түрде жүргіземін. Соншалық белсенділіктің басты мақсаттарының бірі – қазақтың ұлттық киімі, тағамы мен аспабын жастарға ұлықтау. Құр

босқа ұрандатпай, көзге көрсетіп үлгі болып, бір адамның болса да қызығушылығын оята алсам сол бақыт, - дейді Әйгерім.

    Әлбетте, ұлттық киім қымбат, оның ешкім де жоққа шығара алмайды. Мысалы, оюлы тақияның бағасы – 10 мың теңгеден жоғары, мұны екінің бірі сатып ала алмайтыны анық. Сол себепті кез-келген ұнатқан киімді сатып алып, оған қазақы өрнек пен әшекейді үйлестіріп, қалауыңызша қолдан тігіп алуға да мүмкіндік бар. Өзі маржан әрі арзан. Оның үстіне бүгінде ұлттық нақыштағы киімге тек қыз-келіншектер емес, ерлердің де сұранысы артып барады.

Шынында, ұлттық нақыштағы жарасымды киімді де арзан бағамен киюге болады. Бірақ

бәрі де сіздің тапқырлығыңыз бен талғамыңызға байланысты.

Қазақы киім ұлттық мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде сәнге айналса, ұлттық құндылығымыздың мерейі де асқақ болары сөзсіз.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА