
блог
Қарияларымыздың қарттар үйіндегі жағдайы қандай?
Қарттарымыз - қазынамыз. Осылай деуімізге қарамастан, кейбір қариялар қара басы қауқайып осы күні бөтен босағаны паналап жүр. Қарттар үйінде зейнет жасындағы адамдарға тиісти қамқорлық көрсетіледі ме?
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 300-ден астам адамға қызмет көрсетеді. Олардың 240-ы қариялар. Қарттар үйіне қарияларымызды тағдырдың тауқыметі, басқа салған жалғыздық, сыйласатын ортаның жоқтығы мен бос уақыттың көптігі жетелейді екен. Орталықтың басты мақсаты - қарттар мен мүгедектердің оңалуы мен бейімделуін жүзеге асыру, жасы мен денсаулық жағдайына қарап, олардың тұлғалық дамуына, қоғамдағы өмірге ықпалдасуына тұрмыс жағдайларын жасау.
Күн сайын 6 дәрігер мен 15 медбике медициналық күтімді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, терапия жүргізіп, күшейтілген күтім жасау үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген бірнеше физиотерапиялық бөлім жұмыс жасайды. Мұның бәрі, әрине, қарттардың денсаулығы үшін жасалған.
Орталықта қызмет алушылардың еңбек терапиясына қатысуына үлкен көңіл бөлінеді. Бұл олардың денсаулығына оң әсерін тигізеді дейді дәрігерлер. Еңбек бөлмесінде қарттар өз қолдарымен түрлі сән және безендіру бұйымдарын жасайды. Олардың туындылары орталықтың қабырғалары мен сөрелерін безендіріп тұр.
Сонымен қатар, қызмет алушылардың жасы мен дене ерекшеліктерін есепке алатын арнайы жаттығу құрылғыларымен қамтылған емдеу-дене шынықтыру кабинеті де бар. Мұнда қариялар спортпен шұғылданып, бір сергіп қалады. Сонымен қатар, қарттардың тоғызқұмалақ, шахмат, волейбол, футбол секілді спорт түрлерінен қалалық жарыстарға қатысып, алған жүлделері де аз емес.
Зейнет жасына жеткен кезде жылулықты қара шаңырақтағы немерелерінің жанынан емес, «қарттар үйінен» тапқан қариялар орталықтан бар қамқорлықты алып отырғандарын айтады. Дәрігерлер мен қызметкерлер өте мейірімді, тіліңді табуға тырысады дейді тағы. Қарапайым адамның назары мен қамқорлығы – қарттардың өмірін ұзартады. Мұнда егде жастағы адамдар өздерін жалғыз сезінбеуі үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, бұл отбасының жылуын алмастыра алмайтыны сөзсіз.