Менің жазғы демалысым. Эстафета

Менің жазғы демалысым. Эстафета
жеке
блог

Өткен жолы эстафеталар туралы жазып едім ғой. Бүгін сол Айкона бастаған «Менің жазғы демалысым» тақырыбын ары қарай өзім жалғасам деп отырмын.

Мен үшін 2018-2019 жылы жаз ғана емес, жыл бойы демалыс болды. Өткен 2018 жылдың қыркүйек айында декреттік демалысқа кетіп, 2019-дың қыркүйегіне дейін әбден демалдым.

Мектепте оқып жүргенде жазғы демалыс десе, бірден қай жерге қыдырғанымызды жаза бастаушы едік қой. Тіпті демалыстың алғашқы екі айында еш жерге қыдырып үлгермесең, өз ауылыңнан басқа жаққа аттап шықпасаң, тамыз басталғаннан ата-анамызға: «Ертең мектепке барғанда жазғы демалыс туралы шығармада не жазамын?» деп қиғылық салатынбыз. Біреу үшін қыдырып, басқаларға айту үшін ғана демалатын сияқтымыз..)) Қазіргі инстаграмға жаңа сурет салу үшін ғана жаңа орынға барғысы келетіндер сияқты ғой))) Жарайды, бұл басқа әңгіме.

Маған тұрмысқа шықпай тұрып: «Болашақта қалада тұрғың келе ме әлде ауылда тұрар ма едің?» деген сұрақ жиі қойылатын. Мен сонда адамдары жайдары, тұрмысы біртоға ауылды да қимай, өркениетке бай, білімі мен мәдениеті жоғарырақ қаланы да қимай, «Жұмыс күндері қалада өмір сүріп, демалыс кезінде арқаны кеңге салып терең тыныстап келетін ауылда да бір үйіміз болуын қалаймын» деп жауап беретінмін. Балаларымыз болса театрды, түрлі мұражайды көріп, қаланың мектебінен сапалы білім алғаны жақсы, ауылдың таза экологиялық ауасында өсіп, табиғи тағамын жеп, еңбекке шымыр болып өскені де керек деп армандайтынмын. Тағы бірді айтып, бірге кетіп барамын, қысқасы, осы арманым орындалып, жолдасымның отпуск уақытын жаз мезгіліне жоспарлап, баламызды алып, жаздың бірнеше айын ауылда өткіздік.

Тауда, жайлауда болып, саумал, қымыз ішіп, киіз үйде тұрдық. От жағып, қазан қайнаттым, сиыр саудым, көмбе қазанға нан пісірдім деп өтірік айтпай-ақ қояйын, мұның барлығын жеңгем (абысыным) істеді, мен жанында «новичок» көмекші ғана болдым. Екі-үш рет жуас сиырды сауғаным болмаса, бие саууға үлкендер рұқсат етпей қойды, жаңадан үйретілген, әлі асау екен. Ағамызды теуіп жібергенін көріп, сауым уақытында алыстан ғана қорқа қарап тұратын болдым.

Таудағы демалысымыз аяқталуға жақындағанда жолдасымның әріптестерін шақырып, қонақ қылдық. Бұл жолы Д.Қонаев атындағы (өзі салғызған) Үлкен Алматы каналына бардық. Табиғаты тамаша, сылдырап аққан суы бар, ағысы қатты, үстінен қыл көпірмен өтесің. Сіздерге де осы ҮАК демалыс орнына баруға кеңес беремін. Біз киіз үй жалдадық, кәуап, сірне пісіріп, қонақтарды риза етіп жібердік.

Ауыл мешітінде құрдастар және келіншектері жиналып, ауызашар бердік. Бірінші рет үлкен дастарқанның азық-түлігін алудан бастап, жасалуына дейін бастан-аяқ ат салыстым.

Тамыз айы келгенде бірінен соң бірі қайныларым, қайын сіңлілерім қалаға (Алматыға) қыдырып келді. Оларды қыдыртамыз деген сылтаумен өзіміз де отбасымызбен қыдырып алдық, Президент паркіне, Гоголь атындағы Орталық Демалыс паркіне үш рет бардық. Көптен армандап жүрген қайыққа отырдым. Бір жылдан бері бірінше рет киноға барып, 8 айлық баламды алып кірдім. «Король Лев» мультфильмін тамашалап, әке мен бала қарым-қатынасы туралы біраз ой түйіп, жақсы әсермен шықтық. Арбатқа барып, жолдасым екеуміз суретшілерге портретімізді салғыздық (бірақ онша ұқсамай қалды). Жаз аяқтала бере қайтадан ауылға бардық. Бір-екі тойда болдық. Сонымен ұзаққа созылып кеткендей көрінген жазғы демалысымыз да тәмамдалды.

Ал эстафета таяқшасын Ақтоты Жапатова, Нұржамал Үсенова, Айбар Рысдәулет, Әлібек Оразбай, Құралай Айтқазықызы, Гульсая Бекенова, Кәусария Сәулехан атты блогерлерге ұсынамын. Сонымен қатар кез келген блогер осы эстафетаны жалғастыра алады.

Эстафета шарты былай: 
1. Сіз жазды қайда, қалай өткіздіңіз? барған жерлеріңізді міндетті түрде суретпен көмкерулеріңізді сұраймын, сонда пост қызықты болады. Бұл пункте міндетті түрде шетелге ғана барғаныңыз емес, ауылға, тауға, көлге жәй достарыңызбен қыдырғандарыңыз, от жағып отырған сәттеріңіз де болады. 
2. Барған жерлеріңізді сервисі ұнады ма? Бұл енді, келешекте сол жаққа барғысы келгендерге қысқаша нұсқаулық болар еді. 
3. Демалыс кезінде қандай қызықты жаңалықтар аштыңыз өзіңізге? Жүзуді, велик тебуді үйренсеңіз жаза кетіңіз. Қандай қызықты ойындар, опшым сіз үшін ерекшелікті жаза кетіңіз.