Көкейімде - тереңдегі тамырым

Көкейімде - тереңдегі тамырым
Фото: Данияр Шаймергенов

Адамның болмысы шындық пен өтіріктің арасында адасып жүреді. Бетпердесінің қалыңдығы соншалық кейде тіпті өзіне тән мінездің қандай екендігін ұмытады. Өмір сүруге жетелейтін сөздерді айтқан кезде, жүрегін бір өксік жұлмалап, ұяла түседі. Жауапкершілікті талап етіп, бар істі қолға алатын сәтте қасқырдан қашқан қояндай жалтарады. Бұл айтылғандардың физикалық белсенділікке еш қатысы жоқ. Барлығы жан дүниеміздің саулығына қатысты айтылып жатыр. Қол жетпес дүниені жақсы көреміз. Бақыт құсын ұшқан кезде бірақ білеміз. Күн сайын шалыс бассақ та, кешірілмейтін істер жасаймыз. Ал үнсіздігіміз сабырымыздың шарықтау шегі. Үнсіз қалмаңыз. Үнсіздік тағдырға балта шабумен бірдей...

Баға жетпес, құнсыз асыл деп нені айтамыз? Шынайылықты. Осы сезім, осы қасиет өмір атты ұзақ жолда адам болып қалуға мәжбүрлейді. Кейде көп нәрсеге көз жұма қарайтын әдетіміз бар. Ол, сірә, бәрінен жалыққандығымызды білдіреді. Өмірдің әр сәті өз сабағын ұсынады. Ол сабақтың құны бәрінен де қымбат.

Қандай 3 сөзді айтуға қиналамыз? Біз бақыттың құшағында болғанда немесе мына дүниеден баз кешкенде, қандай сезімнің жетегінде боламыз? Бойымызды қорқыныш билеп, денемізді түршіктіретіндей осы сөздердің расымен де құдіреті күшті ме?

Бір сәт жүрегіңіздің үніне құлақ салыңыз. Сол кезде, шынайылыққа, махаббатқа, естелікке толы сөздерді айтуға қиналғаныңызға көзіңіз жетеді.

«Кешір»

Кешірім сұрау қашан да қиын болған. Дұшпанымыздың алдында тауымыз шағылып, басымызды игендей әсерде боламыз. Шалыс басқанымызды мойындаймыз. Ия, өмірді бірсарынды деп айту қиын. Өйткені күн сайын түрлі оқиғаға тап болып, қандай жауап қайырарымызды білмейміз. Бәрінен де адам болу қиын демекші, осы төрт әріптен құралған сөзге тән әрекеттер жасау бәріміздің қолымыздан келе бермейді. Тек батыл адам ғана бар жігеріп жиып, жасаған әрекеті үшін жауапкершілікті мойнына алады. Ал өзгелердің көңіліне қаяу түсіру арқылы өзімізді ар-ұятымыз мазалап, кек кернейді. Жиіркенішпен қарайтын сәттер де болады.

Кейде жанымызға жақын адамдардың әрекеті жүрегімізді мұздай қарып өтіп, кешіргіміз келмейді. Алайда кешіре білу – ұлылық. Осы кешірімнің арқасында адамдар алға қадам басып, өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа өмір бастайды. Жаңа жеңістерге ұмтылады. Ал өкпе мен реніш батпан болып, теңіздің түбіне қарай тарта береді. Жаңа өмір бастауға кедергі жасайды.

Өткен өміріңіздегі тазалық қана жаңа істерге жетелейді. Шын көңілімізбен кешірім сұрау арқылы жан дүниемізде тепе-теңдік орнағанын байқаймыз.

Бір ғана сөз өмірді құтқарып немесе көрге кіргізуі мүмкін. Бір ғана сөз өзгеге мүмкіндік беріп, кейде өзімізге деген сенімділікті жоғалтуға себепші болуы мүмкін. Қорықпас бұрын барлығын таразылап алғанымыз жөн. Жан тазалығы бізді, болашағымызды құтқарады. 

Жалғасы бар...

Қ. Бүйенбай