Ақымақ, мен сені шын жүректен сүйемін!

Ақымақ, мен сені шын жүректен сүйемін!

Бұл қасіретті махаббат хикаясын тек жылап оқуға ғана болар, ғашықтығын, сүйіспеншілігін берсе де, қасіретін бере көрмесін басымызға. 

***

Жігіт тым тентек болып өсті. Сондықтан да оқу нәтижесі де тым шіркін-ай емес еді. Ал бойжеткен тәрбиелі, ибалы. Оқуда өз қатарластарының алдын бермейтін озат болатын.

Бірде әлгі жігіт бірнеше достарымен әзілдесіп отырып, группадағы қыздар жөнінде әңгіме бола қалды. Кілең желіккен жас жігітке не керек, ойын. Ойын болғанда қандай? Қыздардың жүрегін жаулау ойыны. Сонымен қызу әңгіме ішінде жігіт әлгі бойжеткеннің жүрегін жаулай алса, өзгелері келістіріп қонақ етуге келіседі. Қыздарды қолға қондыруда бірде-бір рет сәтсіздікке жолықпаған тәкаппар жігіт бірден келісіпті.

Сонымен махаббат ойыны басталады. Өз нысанасын бекіткен жігіт қыздың телефонына күн сайын хат жолдауды бастайды. Алайда бұл жігіттің тұрақсыз, қыздармен тек ойын ретінде ғана махаббат байлайтын мінезін өзгелерден естігендіктен, оның хатын ешқашан шындық деп есептеген емес. Тіпті, күн сайын хат жолдауын қоймаған жігітке бірде: «Егер мені шын сүйсең, онда менен аулақ жүр!» деп хат қайтарды. Алайда жігіттен келер хаттар толастамады...

Арада біраз уақыт өткен соң, бір күні түнде жігіт ең соңғы хатын жазуға бел байлайды. Қыздан ешқандай жауап жоқ. Ол ақыры үмітін үзеді. Алайда, ертесі күні сабақтан қалмайтын сұлу бойжеткен университетке келмей қалады. Бұрындары тек хат қана жазатын жігіт мұны орай деп біледі де, оған телефон шалады. Бойжеткен әрбір телефонды қабылдамай, басып тастап отырады. Бұл жолы да ең соңғы телефонды шалуға бекіген жігіттің ойда- жоқта телефоны қабылданады. Ол телефоннан қыздың өксіп жылап отырғанын байқайды.

«Мен келістім. Сенің махаббатыңды қабылдадым...».

Ертесінен бастап олар сабаққа бірге баратын, бірге қайтатын болды. Біраз мезгілден соң, жігіт өз жүрегінің шынымен-ақ сол қызға байланып бара жатқанын, оны шынайы сүйіп қалғанын аңғарады. Ақылды бойжеткеннің сабаққа үлгерімі күн сайын төмендей береді. Тентек те болса, ақкөңіл жігіт мұның бәрі өзінің кесірінен екенін біліп, іштей қиналып жүреді. Жоқ! Оған бәрін айтуым керек. Одан аулақ болғаным ол үшін де жақсы болар. Жігіт ақыры осы шешімге келеді.

Сол күні кешкісін олар сабақтан бірге қайтып келе жатты. Жігіт бұрынғыдай көңілді емес еді. Бойжеткен нәзік саусағымен оның білегінен ұстай бергенде, тартып ала қойды. «Мен сені ежелден сүйген емеспін. Сенімен махаббаттасу – достарымның алдында берген уәдем үшін ғана болатын. Сені жақсы көруім де мүмкін емес. Кешір». Қыз жылаған жоқ. Тіпті, сасқан да жоқ. Тек күліп қана: «Сенің осы сөзіңді күтіп ем. Ата-анам университет бітіргенше ешкіммен махаббаттасуыма рұқсат етпейтін. Олар ажырасатын болғандықтан ғана,  ерегесіп осылай істегенмін. Қазір олар да жарасып қалды. Маған сабақ оқу керек. Сенің де керегің қалған жоқ. Айтқаның болсын». Ол мұның бәрін ештеңе болмағандай жайбарақат айтып шықты. Жігіт мына сөздерге қанша ызаланса да, қайғырса да, ештеңе сездірместен қоштасып кетіп қалды.

Жігіт достарының қонағасында отырып та, көңіліндегі жараны сездірмеуге тырысты. Оның жалған күлкісі, астарынды қайғы жатқан әзіл-қалжыңы достарын сезіктендірді.

- Сен оны шынмен-ақ сүйіп қалыпсың, - деді әлдебіреу қалжыңдап.

- Бұл мүмкін бе?! Менің мына жүрегімнен орын алу – кез келген қыздың маңдайына жазбаған!

Ол осылай деп кеудесін қақса да, жүрегінің шаншып бара жатқанын тек өзі ғана білді.

Ол бұл түні шылқа мас болды. Кез келген қыз атаулы оған сол бейнені елестеті. Бәріне жалынды. Сүйетінін айтты. Оның бұл бейшара халін достарының бәрі де көрді.

Ертесі сабаққа сұлу бойжеткен өзге бір жігіттің қолынан жетелеп кірді. Қанша тәкаппар болса да, оның бұл көріністі көруге дәті жетпеді. Сөйтті де, бір жола безініп, шыға жөнелді. Ол қайда кетіп бара жатқанын өзі де білмейтін. Тек шырылдап қоя берген телефон дауысы ғана ұйқысынан оятты. Қысқа хабарлама келіп тұр екен. «Сен қайда кеттің, саған айтар маңызды сөзім бар еді. Кездесейікші». Ол ештеңе елемегендей миығынан күліп қана қойды. Бірақ бұл күлкіде жүрек сыздатар жан жарасы бар еді. Тәкәппарлығы, асқақтығы жіберген жоқ. Сәлден соң тағы да хабарлама жетті. Онсыз да зорға төзген жалған намыс біржола еріді. Телефонын қолына сығымдай ұстап хат қайтарды «Мені кешір! Сені шексіз сүйемін. Менен айрылмашы, өтінейін...». Ол осыны жазып болғанда, көкірегінен булығып шыққан өксіктің қалайша кірпігінен үзіліп түскенін сезбей қалды. Алайда қыздан ешқандай хат-хабар келген жоқ.

Сол күннен бастап оның сүйіктісімен байланысы мүлдем үзілді. Оны іздеп телефон да шалды, хат жолдап та көрді, тіпті, үйіне, жатақханасына дейін іздеп барды. Ешқандай хат-хабар жоқ. Біржола ғайып болғандай. Оны іздеп қанша аласұрғанымен, ешқандай хабар болған жоқ. Тек, арада үш күн өткен соң ғана бойжеткеннің құрбысы оған бір күнделік дәптер мен оның ұялы телефонын әкеліп берді.

«24 наурыз күні біздің группаға бір келбетті жігіт ауысып келді. Мен өмірімде жақсы көру деген сезімнің қандай болатынын басымнан өткердім. Оны бір көргеннен ұнаттым. Бірақ өзгелердің оның бірбеткей, тентектігін естіген соң, тіпті, сәлемдесуге де бата алмадым».

«1 сәуір күні ол сабаққа тым кешігіп келді. Бірақ үнемі осылай кешігіп жүретін. Ол тіпті сабақ беріп тұрған мұғалімді көзіне де ілген жоқ. Өзгелер айттса айтқандай-ақ, мінезі тым жаман екен. Жек көріп қалдым. Бірақ... Мен оның осы «тентектігін» ұнататын сияқтымын».

...

«14 маусым күні ол маған «Сені сүйіп қалдым» деп хат жазды. Тәңірім-ау, мен қазір жүрегімді қайда қоярымды білмеймін. Жоқ! Мүмкін ол мені де өзгелердей алдағысы келетін шығар. Мен ешқандай жауап қайтарған жоқпын...»

«1 шілде. Оның хаттары толастаған жоқ. Еш жауап қайтармасам да, оның маған хат жазғанын күтетін болдым. Әрбір хатын сағына аңсаймын...».

...

«5 шілде. Мен өзгелерден оның мені тек ойын үшін ғана алдағысы келетінін, достарына берген уәдесі үшін ғана менімен махаббат байламақ болғанын естідім. Осы күнге дейін жалған сөздерге алданған жүрегімді кешіре алар емеспін. Жек көрдім. Өмірімде тұңғыш рет біреуді қатты жек көрдім!... Егер мені шын сүйсең, менен аулақ жүр!»

...

«20 шілде. Оның хаттары толастар емес. Мен тіпті кімге сенерімді де білмеймін! Неге?! Біреудің өзімді ақымақ еткісі келетінін біліп жүрсем де, оның хаттарын күтемін. Неге сонша ақымақ болып жаралды екем?!..»

...

«3 тамыз. Бүгін емханаға бардым. Талайдан бері айықпас дертке душар болғанымды өзім де сезіп жүруші ем. Ал дәрігер маған тек жыл соңына дейін ғана ғұмыр кеше алуың мүмкін дейді. Мен шынымен өлемін бе?! Ата-анам, достарым, бауырларымды қайтемін. Сүйген адамым ше? Олардың бәрінен осылай айрылып қаламын ба?! Әне, ол тағы да хат жазды. Енді мен оның жалған хаттарын да көре алмайтын болдым...»

«4 тамыз. Ол маған не үшін сабаққа бармағанымды сұрап, телефон шалды. Оған ештеңе айта алмадым. Солқылдап жылай беріппін. Оны алдадым, ата-анамның ажырасып кеткенін айттым. Ол менің көңілімді жұбатты. Оған мақұл болғанымды, сүйетінімді айттым. Одан жуықта айрылып қалатынымды білемін. Алайда, ол мені сүймейді ғой бәрібір. Бірақ ғұмырымның соңғы күндерін онымен бірге өткізгім келеді»

«4 қазан. Менің ғұмырымның ең соңғы күндері бақыттың, ләззаттың, шынайы махаббаттың құшағында өтуде...»

«21 қараша. Неге екенін білмеймін. Өзімді бүгін-ертең өмірден өтетіндей-ақ сезінеудемін. Жүйке-жүйемді қуалаған ақ қан рагы өне бойымды бүкілдей шарпып болғандығын дәрігерімнен естідім. Менің санаулы ғана күндерім қалды. Ең өкініштісі, ол бүгін барлық кінәсін мойындады. Мені сүймейтінін айтты. Жүрегім жан шыдатпай сыздап тұрса да, оған қалайша күліп сөйлегенімді білмеймін. Дұрыс, ол менен алыстап кетуі керек. Осындай күннің келерін білетін ем. Тек, өлімнен бұрын жетерін ойламаппын. Мен тағдырыма ризамын. Бәріне көндім...»

22 қараша. Бүгін таңғы ұйқымнан оянғанымда өне бойымның ауырлап, жүре алмадым. Ажал қолы ақыры жеткен екен. Бірақ ағама университетке баруым керек екенін, жанашыр достарымды соңғы рет көргім келетінін айттым. Олар менің ауру азабымды білмесе екен деймін. Тісімді-тісіме басып ағамның қолынан ұстап университетке бардым. Ол мені шынымен де сүймейді екен. Есіктен кіргенімді көрді, бұрылып қарамастан кетіп қалды. Мүмкін өз ісіне ұялған шығар. Бірақ, сүйіктім, мен сені соңғы рет көру үшін осында келдім ғой... Неге менің хал-жайымды сұрамайсың?!...»

«Тәубе, мен көрген жігіт оның ағасы болғаны ма?!». Жас жігіттің омырауын өкініштің көз жасы жуып кетті. Бойжеткеннің телефонында әлі оқылмаған хабарлама тұр еді. «Мені кешір! Сені шексіз сүйемін. Менен айрылмашы, өтінейін...». Ол сүйіктісінің ең соңғы хатын көре алмастан, бұл дүниеге қош айтып кете барыпты...

Ол қатты жылады. Өз қолындағы бойжеткеннің телефонына қоңырау шалып, егіліп жылады: «Ақымақ қыз, мен сені шын жүректен сүйемін! Мен тек сенің болашағың үшін алаңдадым. Бар ғұмыры мен секілді опасызға байланбасын деп солай істедім. Кешірші! Мен мәңгі-бақи тек сенімен біргемін. Сүйем, сүйем! Сені шексіз сүйемін!»

Ол осы сөздерді айтып, тізерлей отырып, егіліп жылады...

Дәл сол күннен бастап, оның қайда кеткенін ешкім де білген жоқ!..

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек