Жас блогерлер жіберетін қателіктер
блог
Жас блогерлер жіберетін қателіктер
Бұл жазба Массагетке жаңадан тіркеліп, блог жазуды енді қолға алғандарға арналады. Бірнеше ай бұрын «Массагет сайтына блог жазу» тақырыбымен жарияланған материалда блог жазудың бүге-шүгесіне дейін суреттерімен бірге көрсеткен едік.
Грамматикалық, орфографиялық қателіктерге жол бермеу жөніндегі ақпаратпен мына сілтемелерге өту арқылы таныса аласыздар:
Сауатты жазуда мынаны ескерейік
Жас жазушылар жіберетін қателіктер
Жазу шеберлігін арттыруға арналған жаттығулар #3
Блог деген не? Блогқа не жазамын?
Бүгінгі тақырып блог жазудың техникалық жағына арналмақ.
Ең алдымен айтылатын мәселе, блог тақырыбы. Блогыңыз оқылуы 70 пайыз тақырыбына байланысты екенін белгілі. Блогтар бөліміндегі «Өзім туралы» айдарын ашсаңыз, барлық тақырып біркелкі, бір-біріне ұқсас келеді. Ал қызығырақ тақырып қойылған блогтардың көрілімі көп екенін аңғару қиын емес.
Тақырып* деген жерге блог атауын жазғаннан кейін мәтін ішіне тақырып атауын қайта енгізудің қажеті жоқ. Суреттен кейін тақырып қайталанып жазылып тұрғаны жақсы көрінбейді.
Анонс* бөлігін де «жетім қалдырмауға» тырысыңыз. Мұнда жазылған санаулы сөйлем де блогыңызбен көп оқырман танысуына жол ашады. Яғни, мұнда айтқыңыз келген ойдың ең маңызды тұсын беретініңіз түсінікті.
Кей жазбаларда басты сурет орны бос тұрады, бірақ мәтін ішінде сурет бар болады. Сіздің жаңа блогыңыз осылай тұрса, мына жайды ескеріңіз. Суретті ағаш бейнесі тұрған белгіні басу арқылы енгізгенде, ол тек мәтін ішіне енеді.
Ал басты сурет орны бос қалады. Мәтініңіздің басты суретін мәтін астындағы "Выберите файл" батырмасы арқылы енгізіңіз. Басты суреті қойылмаған жазба «Ең қызықты блогтар» қатарына шығарылмайды.
Блог жазуда оқуға ыңғайсыздық тудыратын тағы бір жайттар бар.
Бір абзацта 6-7 сөйлемнен артық болып, көбейіп кетсе, көрер көзге оқу қиын секілді көрінеді. Сондықтан мәтініңізді қиысынын қиыстырып, бірнеше азат жолға бөліп жазуды ойластырыңыз.
Үтір-нүктеден, басқа да тыныс белгілерінен кейін бос орын қалдырмай жазу – сауатсыздық белгісі, әрі оқырманға да қолайсыздық туғызады. Дефис пен сызықшаны шатыстыру да осы қатарды толықтырады.
Барлық мәтінді енгізген соң, Ctrl+A пернелерін қатар басу арқылы, тұтас мәтінді белгілеп ап, жазбаның екі жағын түзулеп, «қыздың жиған жүгіндей» етіп қойыңыз.
Сақтау пернесін басқан кезде блогыңыз алдымен шимайға сақталады. Ашып, қалай шыққанын тексерген соң, өзгерту тетігін басып, Статус бөлігіндегі «Шимай» сөзін «Жарияланды» деп ауыстыруды ұмытпаңыз. Әйтпесе сіздің жазбаңызды өзіңізден өзге (сайт тілшілерін қоспағанда) ешкім көре алмайды.
Осы шарттар орындалмаса, блогыңыз оқуға жарамсыз демейміз. Жақсыны жақсырақ етуге бір табан жақындату мақсатында жазып отырмыз.
Іске сәт!