Жазу шеберлігін арттыруға арналған жаттығулар #3

Жазу шеберлігін арттыруға арналған жаттығулар #3
Фото: lifehacker.ru

Адам өмірге келе сала жазушы не журналист болып тумайды. Қай-қай нәрсе де 1% дарын мен 99% еңбектің арқасында келетіні белгілі. Шығармашылық шеберлік те адам еңбегімен өркендейді. Еркін тақырыпты бәріміз жақсы көргенімізбен, кейде қандай тақырып таңдарымызды білмейміз. Сіздерге жазу машығын қалыптастыру үшін қызықты тапсырмалар ұсынамыз.

БАСЫ

Бақшада өсіп тұрған жерінен біреу жұлып алған гүлдің монологын жазыңыз.

Ең оңай шешім қабылдаған кезіңізді бірнеше сөйлеммен сипаттаңыз.

Мына сөздерден әңгіме құрастырыңыз: ата, пошта, көлік, глобус, сіріңке, альбом.

Азық-түлік толып тұрған тоңазытқышқа әлдекім әлі ешкім кимеген шұлықты шатасып салып жіберді дейік. Дүниеге сол жаңа шұлықтың көзімен қарап, ой толғап көріңіз.

Бұрын оқыған мектебіңізге не қызмет еткен орныңызға қайтадан оралдыңыз деп ойлайық. Олар сізді қалай қарсы алуы мүмкін? Сондағы сезіміңізді елестетіп, қағазға түсіріңіз.

Саудагер бизнесі жақсы жүріп тұрған қаланы тастап басқа жаққа кетіп қалды. Оған не себеп болуы мүмкін? Кісінің ойына келмейтін жеті мысал келтіріңіз.

Бұрын өтіп кеткен істі қайта орнына келтіруге мүмкіндік болса, не жайында сөз қозғар едіңіз?

Жұмыстан қуылған адамға қалай басу айтуға болады?

Драматург қандай жағдайда қатты ұялып-қызаруы ықтимал? Жеті жағдай келтіріңіз.

Аяз атаға хат жазыңыз.

Құдық, тарақ, тиын, әңгіме, үгіттеуші, баспалдақ сөздерін қатыстырып мәтін құраңыз.

Жалақы түсуге әлі бір апта бар. Қалтаңызда соңғы 5000 теңгеңіз қалды. Осы ақшаны ойланбастан жұмсай алатын 10 заттың тізімін құрыңыз. Не себепті ол нәрселерді таңдадыңыз?

Жазған туындыларыңыздың бағасын білгіңіз келсе, блогтар бөліміне енгізіп, оқырман пікірін күтіңіз. Массагет тілшілері де артық-кемін түзетіп, ақыл-кеңесін бөлісуден қалыс қалмас.

@. @assel_assanova