Грант құтты болсын, "балмұздақ"!

Грант құтты болсын, "балмұздақ"!
жеке
блог

Сәлем, массагеттіктер! 

Грант иегерлері тізімінің жариялануы қазақстандықтар үшін бүгінгі күннің басты жаңалығы болды. Дәл қазір қазнет қолданушылары әлеуметтік желіде, телефон арқылы бір-бірін құттықтауда. Білім грантын ұтып алған талапкерлер еңбегінің ақталғанына, күні ертең студент атанатынына қуанып жатқаны анық. Алайда, бабы келіспей, не бағы жанбай, грантты уысынан шығарып алған екінші топтың көңілін мұң шалып тұрғанын айқын...

Өз кезегімде, грант иегерлерін Массагет редакциясының атынан шын жүректен құттықтаймын! Қолыңыздағы "алтынның" қадіріне жетіп, бар уақытыңыз бен қуатыңызды сапалы білім алуға жұмсаңыз. Ал грантқа қолы жетпеген замандастарды сабырға шақырамын. Бұл сәтсіздікті мотивация қайнаркөзіне айналдырсаңыз, келесі жылы грант тізерлеп алдыңызға келеді. Күмәніңіз болмасын! Қайта тұрып, жүгіруге ешқашан, ешуақытта кеш емес. Нанбасаңыз, Кэрол Дуектің "Гибкое сознание" кітабын бір парақтап шығыңыз. 

Контент-менеджер кезім. ҚазҰУ, 4-курс студенті, 2015 ж.

Осы блогты жазып отырғанда, экс-әріптесім Қарлыға есіме түсті... Осыдан 3 жыл бұрын Қарлыға "Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?" деген сериялы сұқбат-мақала жасаған еді. Соның бір санына кейіпкер болып, өз тәжірибеммен бөлісуімді сұраған. Жаңа соны оқып, ҰБТ-ға дайындалып жүрген кезіме бір саяхат жасадым. Бір жерінде көңілім босаса, енді бірде еріксіз күлдім. Қызық болса, мына сілтемеге өтіп, сіз де күліп алыңыз:)

Бас редактор болғалы сирек жазатынды шығардым, рас. Жазғым келмегеннен емес, редакцияны басқару, сайттың даму стратегиясымен айналысу үлкен жауапкершілік жүктейді, көп уақыт алады. Бірақ, алдағы уақытта өздеріңізге жиі "хат жазып" тұруға тырысамын.

Осылай хат жолдауды қолға алсам, пікір арқылы кері жауап бересіздер ме, достар?