Ер болсаң, Қасымдай бол, қазақ жігіті!
блог
Жұрт жыл санап, күн санап күткен «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмі көрерменге жол тартты. Әріптес ағам Ернар Алмабек «Түсіру режиссерге сын, бармау көрерменге сын» дегесін, қазақтығымызға сын болмасын деп, елдің даттау, сынауына қарамай, фильмді көзбен көруге біз де бардық. Өзіме ерекше әсер еткен тұстарын тізбектейін.
«Кітап ұстағандар емес, қылыш ұстағандар ел билейді» деген Бұрындықтың сөзі еш нәрсеге «мұрындық» бола алмады. Фильм бұл пікірді жоққа шығарып, жастарды кітап оқуға шақырады.
Трилогия бойынша, Қасым кейін бәрібір хан болады. Биікке ұмтылып, жанталаспай-ақ, адамдықтан аттамай-ақ, билік қолына тиеді. «Таста тамыр жоқ, төреде туыс жоқ» деген сөзді ұстанып, туған бауырының көзін жоюға да баратындар емес, адамдықтың ақ туын көтергендер ел туын да көтеруге лайықты.
Қасымның зеректігі, кітаптан тапқан пайдасы әр сөзінен көрініп отырады. Әкесі де жас демей, оның пікірімен санасады. «Әкем бауырым екеумізді ешқашан бір-бірімізбен салыстырып, бірімізді артық қойған емес» деуінде қанша мән жатыр... Анасына берген сертін бұзбауы өз алдына, «серт беріп ем» деп ел алдында күмілжімей, «Шаһ-Мұхаммедті өлтіргенде не түседі, аз халықтың берекесін босқа қашырмайық» деп аталы сөзбен тереңдігін таныта түседі...
Қасым мен Шаһ-Мұхаммед бір үйдің қыздарынан, яғни апалы-сіңлілі екі анадан тәрбие көрді, бірақ екеуі мүлде екі әлем. Бәрібір әкеден көрген үлгі, қанмен дарыған қасиет басым болады.
Қазағымның барша азаматына бірін бірі батыр деген Керей мен Жәнібектің татулығын нәсіп етсін Тәңірім! Ер болсаң, Қасымдай бол, қазақ жігіті! Тәрбие берсең, Жәнібек пен Жаған-бикедей бер, ата-ана!