"Көшпенділер" трилогиясындағы махаббат тақырыбы

"Көшпенділер" трилогиясындағы махаббат тақырыбы

Мынау қатігез дүниені нұрландырған махаббат... Мейірімділіктен жұрдай жүректерді дір еткізген іңкәрлік...

Халық басына қатер төнген запыраны көп заманаларда ел тұтқасын ұстап тұрған хандар мен бекзадалардың жанына демеу, көңіліне медеу болған да ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлудың аппақ тілегі мен кіршіксіз жүрегі еді...

Айтулы атпал жазушы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» атты шырмаулы шежіреден сыр шертетін тарихи романында Махаббат тақырыбының мәңгіліктің мәңгілік әңгімесі екені тағы бір дәлелденеді. Мәселен, Әбілхайырдың келіні, Шах-будақ сұлтанның жесірі Аққозы-Бегім мен Орақ жылқышы арасындағы махаббатты сөз етсек, әлеуметтік теңсіздік те сезімдеріне тосқауыл бола алмағанын көреміз. Оны жазушы былай береді: «Жоқ, Орақ пен бұның арасында құдай алдында күнәлі дер, не ауыл арасында өсекке ілігер еш нәрсе болған жоқ. Тек, біраздан бері бір-біріне құмартқан ыстық жүректер, көріскендерінше шыдай алмай алас ұруда...». Моғолстанның негізін салған Иесен-Бұға мен бейтаныс қыз, Қобыланды мен Гүлбаһрам, Қабанбай мен Гәуһар... Арыстандай ақырған хас батырлар да сезім отына күйіп, аласұрған.

«Жәнібек Жаған мергеннің бетіне бетін таяп: «Мен сені, Жаған, жақсы көріп қалдым» деді». Бұл Жәнібек – қазақ хандығының негізін салған Жәнібек хан...

Романның оқиғасы негізінде қалмақ пен қазақ арасындағы алауыздықпен, бітіспен соғыспен өріледі ғой. Дегенмен, қалмақтардағы махаббат та жазушы назарынан тыс қалмаған: «Тас жүрек Сыбан Рабдан қызының Шәңгерек ноянды қаншалықты жақсы көріп келгенін енді түсінді».

«Батыр Баян» поэмасындағы Баянның інісі Ноян мен жоңғар қызының бір-біріне деген трагедиямен бітетін сүйіспеншілігі де романда әсерлі беріледі: «Осы күннен бастап, Ноян мен Құралай арасында махаббат оты өрши түсті».

Айбынды Абылайдың жүрегін махаббат жалыны шарпыған кез мейлінше әсерлі суреттеледі: «Абылайдың бойын бір орасан қуаныш билеп кетті. Осы жасқа келгенше талай ұзын етектіні жолықтырды. Бірақ оған біреуі де мұндай ұнап көрмеген-ді. Жігіт болып ат жалын тартып мінгелі, басынан өткізгені кілең жорық, ұрыс, талас. Алған әйелдерінің бәрімен де тек төсек үстінде танысты. Сұршақызбен де солай кездесті. Бірақ ол қартайғанда кез болған ең қымбат қазынасы тәрізденді»...

«Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды». Бұл Алтыншаш пен Байтабынның сезімдері суреттелген жолдар...

Махаббатың қадірі де күту мен сағыныштан құралмай ма? Аттың қомы, түйенің жалында жүрген алмағайып заманда дүйім дүниенің әдемілігі кірпігіне жиналған хас сұлулар айбаты мен қайраты келіскен жаужүрек батырларын шайқасқа аттандырып тастап, оларған деген нәзік сезімдерін жүрек түкпіріне сақтап қойып, апталап, айлап, жылдап сүйіктісі оралғанша зарыға күткен. Адал сезіммен...

Роман өзегі – тарихи тақырып. Дегенмен, қантөгіс ұрыстар арасында іңкәр жүректердің бір-біріне деген лүпілі жалт еткенде бейне өзің де ғаламат тәтті бір әлемге енгендей құштарлана, қызыға оқисың...

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: kinopoiski.su 

М. Оңғарова