Асығың алшысынан түссін, «Астана»!

Асығың алшысынан түссін, «Астана»!
Фото: massaget.kz, zurnal24.si

Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі ойындар басталады. Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» сырт алаңда Словенияның «Марибор» клубымен кездесетін болады. Ал біз сіздерге ойын алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

Станимир Стойлов жаттықтыратын клуб өткен жылы Еуропа лигасында плей-офф кезеңіне дейін жеткен еді. Топтық кезеңге бір адым қалғанда, Испанияның «Вильярреал» клубы тобықтан қақты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының УЕФА коэфициенттер рейтингіндегі көрсеткішіне ұпай қосумен ғана жарысты аяқтаған еді. Ал биыл қазақстандық жанкүйерлер ел чемпиондарынан үлкен үміт күтіп отыр.

«Астана» Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастағалы отыр. Елордалық клубқа жеребе жолдас болды деп айтуға келмейді. Себебі, Словенияның «Мариборы» - Еуропадағы танымал ұжымдардың бірі. Өткен маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынаған болатын. Лондондық «Челси» (1:1, 0:6), лиссабондық «Спортинг» (0:1, 1:1) және гельзенкирхендік «Шалькеден» (1:1, 1:3) ұпай еншілеген.

«Марибордың» қазақстандық клубтан тәжірибесі жоғары екені рас. 1960 жылы құрылған клуб Чемпиондар лигасына 12 рет қатысып, 2 рет топтық кезеңде бақ сынаған. Ал «Астана» болса Еуропаның басты бәсекесіне алғаш рет қатысқалы отыр. Яғни, елордалық клубты тарихи кездесулердің бірі күтіп тұр.

Словениялық клуб сапындағы ең қымбат ойыншылардың бірі – Петар Стоянович. Оның трансферлік құны – 2 миллион евро. Ал «Астана» сапындағы Фокси Кетевоманың да құны - 2 миллион евро. «Марибор» ойыншыларының жалпы құны 16 миллион евро болса, «Астана» ойыншыларының жалпы құны 12,3 миллион евроны құрайды. Ойыншылардың орташа жасы «Мариборда» 25,1 болса, «Астанада» - 24,5. УЕФА рейтингінде «Марибор» 84-ші орында болса, «Астана» 281-ші орынға жайғасқан.

Қазақстандық клубтың үшінші іріктеу кезеңіне өтуге мүлде мүмкіндігі жоқ деп айтуға келмейді. Себебі, ел премьер-лигасы дәл қазір нағыз қызған шағына келсе, Словенияда ішкі біріншілік басталған жоқ. Сондықтан да «Мариборды» нағыз бабында деп айта алмаймыз. Осыған дейін жаңа маусымда бір ғана ойын өткізді. Елдің Суперкубок ойынында «Коперге» ұтылды. Екінші ойын «Астана-Арена» стадионында өтетінін ескерер болсақ, елордалық клубтың өз алаңында атой салуына мүмкіндігі бар. Тек бірінші ойында «Астана» барлық тұрғыдан (психологиялық, физикалық) қарсыласына дайын екенін дәлелдей білсе болғаны.

«Марибор» мен «Астана» кездесуін қазақстандық жанкүйерлер ұлттық арналардың бірінен тікелей эфирде тамашалай алмайды. О баста «Қазақстан» арнасы көрсетеді деп шешілгенмен, кейіннен таратпайтыны белгілі болды. Себебі, ұлттық арна келісімге келген словениялық арналар кездесуді көрсетпейтін болған. Оған себеп - «Марибор» клубының трансляция үшін қомақты қаржы сұрауы. Есесіне қазақстандықтар бұл ойынды ғаламтор желісіндегі «ҚФФ-ТВ» жобасы негізінде көре алатын болады.

Букмекерлік орталықтар «Мариборды» фаворит санауда. Алаң иелерінің жеңісіне 1,76 коэфициент, тең ойынға – 3,5, «Астана» жеңісіне 4,79 коэфициент ұсынуда. Кездесудегі бас төреші - Карлос дель Керро (Испания).

Астана уақытымен түнгі сағат 00:30-да басталатын ойында қазақстандық клубқа сәттілік тілейміз. Елордалық клубтың ойыны - ел футболының Еуропадағы бір көрсеткіші. Асығың алшысынан түссін, «Астана»!

О. Сансызбай