Бие сүтінен дайындалған өнім қатерлі ісікті емдейді

Бие сүтінен дайындалған өнім қатерлі ісікті емдейді
Фото: massaget.kz

Қазақ тағамтану академиясы бие сүтінен дайындалған торттар мен шоколадтарды онкологиялық және психологиялық ауруларды емдеу үшін пайдаланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы баспасөз өкілдеріне ұйымның президенті Төрегелді Шарманов айтты.

«Жақында бие сүтінен жасалған тағамдардың көмегімен онкологиялық, психологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдедік. Ауруы қозған, көңіл-күйі жоқ адамдар үшін пайдасы мол. Жүрек-қан тамырлары аурулары осы өнімнің арқасында емделіп жатыр», - дейді Т.Шарманов өнімді таныстыру рәсімінде. Мұнымен қатар ол бие сүтінде сиыр сүтіндегідей трансмай қышқылдарының жоқ екенін айтып өтті.

«Өніміміздің құрамында сиыр сүтіндегі зиянды заттар жоқ. Ал сиырдың табиғи сүтінде трансмай қышқылдары болады. Ол - улы зат. Біз тұтынып отырған бие сүтінің құрамында остеопороз, диабет, атеросклероз сынды ауруларға қарсы тұруға көмектесетін зеттектер мен ақуыз бар», - деді Т.Шарманов.

Төрегелді Шармановтың айтуынша, трансмай қышқылы онкологиялық ауруларға әкеліп соғады екен.

«Емізетін баласы бар аналар құрамында трансмай қышқылы бар сүтті ішіп, артынша оны сүт безі арқылы баласына береді. Осының салдарынан баланың танымдық қабілеті төмендеп, шектен тыс артық салмақ қосады. Трансмай қышқылдары сүт безі арқылы шығатындықтан, бұл мүше оба ауруына шалдығады. Ал ерлерде простата обыры дамиды».

Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Юрий Синявский бие сүтінің клиникалық тәжірибеден өткенін айтты. Сондай-ақ, бие сүтінен емдік өнімдер дайындау үшін академия патент алғанын хабарлады.

«Бұл өнімдер жүрек-қан тамырлары аурулары, туберкулез кезінде, есірткі қатерлі ісігі кешенді терапиясында қолданылады. Біз клиникалық тексеру жүргізіп, оң нәтиже алып отырмыз. Бұдан өзге химиялық, сәулелендіру терапиялары кезінде пайдаланылады», - деді ол.

Дәл қазір Қазақстанда бие сүтінің негізінде жасалған 15 түрлі тағам бар. Айта кетсек, Қазақ тағамтану академиясының басшылығымен өз жұмысын бастаған «Амиран» зауыты торт, шоколад, ірімшік, йогурт, печенье сынды өнімдерге бие сүтін қосып жатыр. Аталған зауыт өзі шығарған өнімдерді былай атаған екен: «Денсаулық» және «Саламат» торты, «Сенім» шоколады, «Береке» және «Дауа» йогурты, «Бақыт» балмұздағы, «Асыл» печеньесі және «Шипа» атты ірімшік.

Аталған өнімнің науқастарға пайдасы тиер деген үміттеміз! 

Ж. Өрісбай