Бауыржан Қарағызұлы: "Сағынасың қара өлеңнің дауысын..."

Бауыржан Қарағызұлы: "Сағынасың қара өлеңнің дауысын..."

Мassaget.kz сайтының оқырмандары Поэзия бөліміне өздері ұнатқан ақындардың өлеңдер топтамасын жариялауды ұсынып, хаттар жолдайды. Кезекті бір тілектің иесі талантты ақын Бауыржан Қарағызұлының өлеңдер топтамасын шығаруды ұсынған болатын. Біз, сол себепті, өлеңсүйер қауымға есімі жақсы таныс ақынның кейінгі жазған жырларын топтастырдық. 

Ақынның бір топ лирикалық өлеңдерін бүгінгі туған күніне орай ұсынып отырмыз. 

Жан бауырым...

Туғандай бір мөлдіреген тұмадан,
Жан бауырым, қал-жайымды сұраған.
Кітаптардан "үй" салар ем, бес бұрыш,
Өлең жазу ұйқас болса құраған...

...Көз алдымда ағып жатыр Сағатым,
Есінейді ала түн.
Жан бауырым, таусылғанша дəм-тұзым,
Таусылмасын төзім, сезім, тағатым.

Ала түнде құл "көсемдер" сөйлейді,
Теледидар... Кіл "шешендер" сөйлейді,
жөткірініп кербезденіп сөйлейді,
күйсей берсін ей, мейлі...

Үміт-үйі құлаған,
Обал ғана бір бұрышта жылаған.
Өлім жайлы түс көреді, шошынып,
Ой, бір адам - құл адам...

"Жасай берсін жарық күн"
Ол да өзінің өтірігінен жалықты.
Неге, неге айқайлайды аналар,
Дауысымен халықтың...

Аппақ ойы қағып-қағып қанатын,
Тағдырының сыбырына қонатын,
Қайтқан құстың көздерінде мөлт еткен,
Ақын едім тілінен күз таматын...

Жан бауырым - мөлдіреген жанарым,
Жүрегіңе ой көзімен қарадым...
...О дүниеден бұ дүниеге келгенмін,
Енді қайда барамын?!
Енді қайда барамыз?!


***

Жүрегің мен жан-дүниең жарасып,
Өміріңе кәне, күліп қарашы.
Сені мұңға мені түнге сүйреткен,
Уайымшыл ой мен сөздің арасы...

Мынау Жолда әрі көктем, әрі күз,
Жанымызға жылынады жанымыз.
Құдай жақтан жарлық келіп, амалсыз,
Екі жаққа айрылғанша жолымыз...

Кетсе кетсін біреулерге есеміз,
Жан түйінін қанағатпен шешеміз.
Мейірімді махаббаттың нұрымен,
Ұзааақ ғұмыр кешеміз.

Уақытша бұлаңдаған сынаққа,
Жаным, енді сабырыңды жылатпа.
Сендік көңіл - жүрегімнің жалауы,
Көңіліңді құлатпа.

Мұңлы оймен мөлдіреген жанары,
Білесің ғой, барлық тағдыр жаралы...
Жылайсың ба? Жылап алшы ағылып,
Бәрі жақсы болады...

***
Өмір - өмір... Бәрі көркем... Әдемі...
Жүзеге асқан ойларыңның әлегі...
Шартараптан сөздің исі бұрқырап,
Құбыладан есіп Құдай Сәлемі...

Жазмыш Жолдың елесіне ереді,
О, қайран бас, барлығына көнеді.
Кейде бар ғой, қызық өзі сенсеңіз,
«Жақсылығына» шайтанның,
Біртүрлі...
Жылап алғың келеді...

Ол да көркем, түсінгенге, білгенге,
Өмір деген тотықұстай түрленген,
Жамандығы жақсылық боп соңында,
Күрсінісіңде гүлденген... 

Өмір - өмір... Бәрі көркем... Әдемі...

Неге?!

Мен Сізге неге бардым, неге кеттім?!
Асығып әр нәрсені себеп еттім...
"Уақыт - түн жылатқан гүл" дедіңіз, 
Сағынып қалыпсыз ғой, елемеппін.

Қазір түн. Ұйқыңыз да елемеген,
Далада қара жаңбыр себелеген...
Есікке есім кетіп елеңдеймін,
Есікке елеңдеймін неге, неден?!

О, неге ұйықтамадым түніменен?
Ой, тоба, түк шықпайды түбі менен.
О, неге, неге Сізді ойлай бердім?
Қалдым ба ғашық болып шыныменен?!

Жан толқып сөйлесеңіз сөзіңізде,
Өмірім мөлдірейді көзіңізде.
Жүректің тіліменен Сәлем айттым,
Кездескен қасиетті кезімізге... 

...Мен Сізге неге бардым, неге кеттім?!

***

Өмірімнің мөл-мөлт етіп жанары,
Уақытпен бірге ағып барады.
Білсен ғой сен.., көңілімнің көз жасы,
Тырс-тырс етіп түн төсіне тамады.

Өмір Ары — Сауап және Обалдан,
Нұрлы үміт, сағынышқа оралған.
Ал мендегі махаббатың жүрегі,
Сенің іңкәр дауысыңнан жаралған.

Мұңын айтып мезгілдердің көшіне,
Естеліктер оралады есіме.
Саған жауап бермесімді білсең де,
Хабарластың несіне??!

…Түңгі қала. Сол саябақ көнерген,
Ол да өзінше тыныштыққа бөленген. 
Сенің мұнда келмесіңді білсем де,
Неге күнде келем мен??!

***

...менің нәзік жаным үшін ерексіз.., 
бөлексіз..,
Жанның мұңын аспан ғана ұғады...
Жүректерді жолықтырған себепсіз,
Жолдар шығар кінәлі.

Дәрігер – уақыт, Сізді, Түнді емдейді,
Ұмытыңыз барлығын.
Жүрек жайлы сөз қозғағым келмейді,
Дәл бүгін.

Түңілмеңіз, түсінікті жайымыз,
оған куә, мынау қаңтар жөтелген.
Көңілімді ауламай-ақ қойыңыз,
Жалғыз Сіз бе, жанның мұңын көтерген?!

Мен өзімді өтірікке сендірдім,
Біліңіз.
Көзіңізден домаласа мөлдір мұң,
Қимастық деп ұғыңыз...

Гүл мұңы

Менің жаным жалғыздықпен тiлдесiп,
Түн iшiнде күтеді Оны талығып...
...Мен Бiреудi сағынамын мұң кешіп,
Сағынамын көзімде жас қамығып...

Гүлдің талай мұңайғанын көргенмін,
Ол да мендей адасқақ қой қайғылы.
Оны да сол дұғасымен емдер түн.
Құбыладан естілгенде Ай үні.

Гүлдің кеше күрсiнгенiн естiдiм,
Сондай нәзік, сондай жалғыз жұпарым!
Жұбата алмай жылап қайттым, кешқұрым,
Түнге тоңып, мұңға тоңып құшағым.

Түн iшiнде жан уілдеп шынайы,
Түн iшiнде мен де басқа күйге енем,
Түн iшiнде о, ғашығым – Тәңiрiм,
Түн iшiнде гүлді Сіздей сүйген ем...

Тереземде ақ тамшылар билейді,
Менің жаным әрбір күннен үмітті.
Мүмкін, мені сүйе алмады, сүймейді.
Бәлкім, мені мәңгiлiкке ұмытты..

Маңдайыңда мөлдiр тағдыр...

Маңдайыңды мөлдір тағдыр оқысын, 
Түн жұтады сөздің тегін хақысын...
Жүрегімнің нұры, көрдім үніңді,
Мейір тұнған жақын түгіл жат үшін...

Таңдайыңнан қанат қаққан самалға
Періштелер оранған.
Мен не деймін, не айтамын бұл түнге,
Үміттері жоғалған...

Жан сертіне қауышу -
Сағынасың қара өлеңнің дауысын.
Өмір деген - бір мөлт еткен көз жасы,
күлгін жастан ақ ғайыпқа ауысу...

Маңдайыңда мөлдір тағдыр, ақын-мұң,
Түк те сезбей теріс қарап жатыр түн...
Қарындасым, не айтамын, не деймін,
Мен де сендей жүрек тыңдап отырмын.

***

Құрметтім,
Рухым Жерге тасталған сәттен,
Өмірім сәтті басталған сәттен,
Өлім сағатын сарылып күткен,
Жүрегімді тыңда...

Жан болып аңқылдап сөйлеген,
Ар болып саңқылдап сөйлеген,
Дәл сендей күйінген, сүйінген,
аңғалдау,
адасқақ
Жүрегіме үңіл,
Жүрегімді парақта.

Сезіммен табысқан шақтарда,
Махаббат танысқан шақтарда...
Шынайы толқыған шақтарда,
Дүние Сәлемі шалқыған шақтарда...
Құдайға құшақ жая жүгіріп,
Жүрегіңді оқы,
Жүрегімді парақта.

Тағдыр мұңайтып...
...өзіңе-өзің жұбанған кезде,
Жападан жалғыз қуанған кезде...
ЖолДостарың жоғалған кезде,
Тоналған кезде көңілің...
Гүлсіз қолыңа қарап,
Үнсіз жалғыздық жылаған кезде,
Құлаған кезде сенімнен...
Жүрегіңмен егілген,
Жүрегімді парақта.

Құрметтім,
Аспан сағыныш әуенін сөз еткен,
Құстар асығып оралған мезетте...
Не
Жусан исіне сіңген бала шағыңды аңсап,
Болашағыңнан шаршап,
Екі дүния арасында сенделген мезетте,
Жүрегіңді ойла,
Жүрегімді парақта.

Гүл мұңайған кезде,
Түн күрсінген кезде,
Жасыл Сөздер жарқ еткенде ғайыптан,
Жұмбақ дерттен айыққан...
Тамшы мөлт еткенде,
Ойын гүл еткен,
Гүлдей дір еткен,
Жаралған аңсардан, тілектен,
Құрметтім, қош келдің Жүрекке!

Ұқсас жазбалар: 

Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!

Бауыржандағы ғарыштық сана жан тебірентеді

Бауыржан Қарағызұлының «Бейуақыт» өлеңі немесе Мәңгілікті іздеу философиясы

Интернетте өлең ұрлау әдетке айналып барады

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vk.com, oboibesplatno.ru

Ш. Талап