Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!

Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!

БАУЫРЖАН ҚАРАҒЫЗҰЛЫ  1982 жылы 17 қазанда дүниеге келген. Топтама өлеңдері «Жас толқын», «Қызылжардан ескен леп», «Шынға шыққым келеді», «Айдыннан ұшқан аққулар», «Жеңімпаз жас ақын-жазушылар антологиясы», «Көкшетау жас ақындар антологиясы» атты ұжымдық жыр жинақтарға енген. «Жұмбақтасқа жауған күз», «Өң.Мен.Түс.» атты жыр-кітаптарының авторы. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері.

 

БЕЙУАҚЫТ

Батыста күрсініп күрең Күн,

Бақшада торықты торы күз.

Аспаным, о, неге түнердің???

Жай ғана елеспіз бәріміз.

 

Айтылмай қалды ма жан сырың?!

Мұнарлы, мұңлы мекенім.

Мен бүгін қоңыр көз тамшымын,

Иә, ертең буланып кетемін.

 

Аялда, аяулым, өтінем...

Жаныңды жаныммен сезініп,

Ойыңды ойыммен көрейін.

Болмаса, бүлкілдеп көмейім,

Тізерлеп отырып түнімен,

Дұға оқып берейін...

Сөйлеші, жаңбырдың тілімен.

 

Сен жаққа қарайлап жүреді,

Құдайға сыйынып жүрегім.

Кәусарға зарыққан үнемі,

Түз мінез, таулардың ұлы едім...

 

...Күллі әлем және сен. Күрең Күн.

Бақшада торыққан торы күз...

Уақытқа жұтылған жұлдыздай,

Қайда ағып барамыз бәріміз???

 

 

КЕЙ

Мейірім күзеткен жүрекпен

Қайырым іздеген ізеттен –

Мен де бір адасқақ Жан едім, ағайын,

Жоғалған Ой едім, ағайын...

Ой, Алла-ай, неліктен ызғарлы сөздерің?!

Жылылық сезбедім...

Сұлулық көрмедім...

О-о-оо, бүгін бір көрсе, көрмесін көздерім!

Түү! Неге көмескі шығады үндерің???

...Білмедім...

 

Далада күңіреніп аруақтар арманы...

Қалаға қып-қызыл құмарлық орнады...

Ағайын, ал, енді той жаса!

Ол да бір мақтаныш.

Мақтаныш – егестің сұңқылы ойдағы...

Ал, сөйле...

Езуден ессіз сөз сорғалап,

Есіңде есінеп қайдағы...

 

Күндер-ай, күндер-ай... дерексіз –

өтірік мақтаулар керексіз.

Сіз неге үндемей қалдыңыз...

...Ағасы?!

Демек сіз... Шамасы...

:) Жә, болды, кешірім беріңіз,

Ешкімге айтпаймын сеніңіз.

 

 

МЕН

...Ол қайтыс болды. Бірақ, өлген жоқ.

 Р.S.

Құран самалы Құбыладан есіп тұр...

Оны тек

соқырлар көріп,

мылқаулар оқып,

кереңдер ғана естіген,

шығып алып өсегінен бес күннің.

Есін алмай ешкімнің.

Ақиқаты – Ол, Ол емес – адасқақ.

Ол  – Жан мен Тәннің сүйісінен жалығып,

Сөзге айналған махаббаты Біреудің???

Сол Біреуге ғашық еді өлердей,

ұмытты.

Ұмытты ма, жоқ, әлде уақыттан тыс жерде,

Өз хаятын өзгеше бір кітаптан

өзі оқып,

өкінішінде уатылып отыр ма?!

........................................................

Гүл көзінен домалаған тамшыдан;

Көктемдегі жас қайыңның

жапырағындағы күлкіден;

Маусымдағы көк шөптің былдыр-былдыр үнінен;

Күрең күзде билеген жапырақтың әнінен;

Өксігінен мұхиттың;

Уілінен ғарыштың,

Өткен шағы мен келер шағы қосылып,

Жылайды да күледі,

Күледі де жылайды.

Көз жасында – бұ дүнияның

қуаныштары күлімдеп,

Күлкісінде – о дүнияның

қорқыныштары дірілдеп тұрғандай...

Қызық өзі.

Не жетпейді?

Кімді іздейді?

Қайтеді?

Сосын тағы сағынады Біреуді?

Мүмкін Оның сағынышы өтірік..,

     өтірік..,

өтірік...

Ол кейде ойларынан қашып шығып,

бурыл қабақ таң туғанда шығыстан,

Жер бүйірін Күн сүйгенде елжіреп,

не

Жел ысқырса қызыл кештің өтінде,

не

Қап-қара Түн күрсінгенде солқ етіп,

Сыйынады тағы Соған,

Бәлкім, Оның құлшылығы жаттанды?!

Бісмилла...

Өмір мәнін түсініп,

Ұмытқанын түсірсе егер есіне,

Содан соң, Ол,

Өлімді

Өлең қылып үнсіз ғана оқыса,

Періштелер аспан жақтан түсіп кеп,

Сүйер еді ернінен..,

Әтте-е-ең!!!

 

 

ҰЛДАРЫМА

Ұлдарым, бұл Өмір – Сабыр мен Кешірім,

Мейірім Самалы – Періште мақтаған ең ұлы Есімін.

Ақылдың көзімен қарасаң Ақиқат көзіне,

Жүрегің ашады Бақыттың есігін.

Бақыттың есігі – ол сенің тағы да Сабырың,

Тағы да Кешірім.

 

Әр ісің Әлемнің – қайырымды сәлемі.

Қарашы, дүние не деген керемет үйлесім,

не деген әдемі!

Әр ойың ақ болса – Әулиенің дұғасы,

Әр адам – бауырың, әр адам – жолдасың,

Оларға жалғанның шаттығын сұрашы,

Жаратқан Сәлемін жолдасын!

 

Бұл сенің Отаның – Қазақтың иманды даласы,

Иә, шүкір, қарашы...

Әр адал қадамың – таусылмас ырысың,

Санашы...

Бісмилла, бір, екі, үш...  Бұл Сенің – Білімің,

Білімің – Еліңді сүюің.

 

Ұлдарым, Ақылың – Сабыр мен Кешірім,

Әділет Иесі – күллі әлем мақтаған Есімін.

Құрметтеп Өмірді, құрметпен қарасаң өзіңе

Жүрегің тербетер махаббат бесігін,

Махаббат бесігі  – ол сенің тағы да Сабырың,

Тағы да Кешірім.

 

сурет ақынның жеке мұрағатынан алынды