Бір кем дүние
жеке
блог

Бір кем дүние

Сөз басы

"Зәулім үй", "Үлкен арман" деген қыздардың жазбаларынан кейін кезекті жазбама кірістім. 

Пенде болғандықтан, әлбетте, ананы-мынаны көріп, "осындай болсам ғой", "мынадай үйде тұрсам ғой", "осындай көлік мінсем ғой, әдемі көйлек кисем" ғой деп армандаймыз. Және ол арманның орындалуына ұмтыламыз. Бірі өз күшімен, біреуі өзгенің көмегімен. Әйтеуір, сол тіршілікпен өзгелерден қалып қоймай, аяңдап, анық басып өмір сүреміз.

Расында да, сол зәулім үйде кімнің тұрғысы келмейді. Әрқайсысымыз көз алдымызға алып үйдің ішінде жүргенімізді, баспалдақпен жоғары көтерілгенімізді, жазда алма ағаштарының саясында демалғанымызды, қыста ақ қар жамылған ауламызда асыр-салып ойнағанымызды елестетеміз. Ертең үйіңе қонақ келсе де дастарханыңды үлкен етіп жайып, кең отырасың. Ағайын-тумаларыңмен бас қосып, уақыт өткізесің. Әлбетте, мұның барлығы керемет. Бірақ, мұның барлығы дауыл соқса, құлайтын, тасқын болса, сумен шайылатын, жер сілкінсе, қирайтын дүние. Өтті, кетті, бітті, ада болды. Бұл өмірдің мәні емес. 

Үлкен әкемнің жақында туған күні болды. Мерейтой. Асқаралы алпысын көруге аз алғанда қайтпас сапарға кетті. Артында біз қалдық аңырап, жоқтап, жоғалтып. Ол кісі тірі болса, әй бәлкім, сол зәулім үйде ұлан-асыр той жасар ма едік.

Ұлтарақтай жерге ие болған бойда ол кісі үй сала бастады. Шағын ғана емес, қонақ келсе, тарылмайтын үлкен үй соқты. Өзі құрылысшы болғандықтан, үйдің жобасын өзі жасады. Керек-жарақтарды өзі есептеп, құрылысшыларға өзі тапсырма беріп жатты. Көп ұзамай әпкем ұзатылып, үлкен той жасады. Сол кезде: "Жер үйдің аты жер үй. Амандық болса, ұлым үйленсе, құдаларымды жаңа үйде күтемін" деп еді. Ойдағы мақсат-арманына жетуге асықты. 

Үйді толығымен бітірді. Керект жиһаз-мүліктерді әкелді. Сол үйге кірді өткен қыста. "Қонақ күтемін, келгендер кең отырсын" деуші еді. Әттең, ағайын-тума қоныс тойға емес, сол кісінің жаназасына келді. Жылдар бойы тұрғызған жаңа үйінде небәрі тоғыз ай ғана өмір сүрді. Ағамның кең үйін көп туыстар қонақасында ғана көрді.

Өткен жазда ол кісі ойда-жоқта о дүниеге кеткенде барлығымыз жөн-жоралғымен шығарып салуға асықтық. Жас-кіші демей, үйдің де, түздің де жұмысын істедік. Ағам білгендей айтыпты. Жер үйдің аты жер үй екен. Көңіл айтып келген кісі таршылық көрмеді. Барлығын жақсы күтіп алдық. Ақтық сапарға шығарарда қаншама адам аулаға сыйып кетті. Үлкен үйдің артықшылығын көрдік сол кезде.

Қанша уақыт тұрғызған алып үйдің қызығын да көрмей кетті. Бір кем дүние деген осы болар