Бактерияларды өз-өзін қалпына келтіретін бетон жасауға пайдалануда

Бактерияларды өз-өзін қалпына келтіретін бетон жасауға пайдалануда

Делфт техникалық университетінің лабораториясында өз-өзін қалпына келтіретін бетон сынақтан өтіп жатыр. Оның ерекшелігі бетонның бактериялар арқылы жұмыс жасауында болып отыр. Бактериялар әктас жасап, бетон жарығына су түсуден сақтайды. Бұл жаңалық бетон жұмысын жақсартып, ұзақ жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Сонымен бірге қаржыны да үнемдеуге септігін тигізбек. 

Зерттеумен айналысып жатқан мамандардың айтуы бойынша, бактериялы бетонды құрылыс саласында 2-3 жыл ішінде пайдалана бастайды. 

Бетон - ең кең таралған құрылыс материалы болып саналады. Бірақ уақыт өте келе онда жарықтар пайда болып, бетон жұмысына кедергі келтіреді. Сондықтан оны болат арматурамен жабдықтайды. 0,2 мм болатын жарықшақтар құрылысқа қауіпті болып есептелмейді. Бірақ уақыт өте осы жарықшақтарға су кіріп, үлкен жарыққа әкеледі. Бұл өз кезегінде бетонның жарылып, істен шығуына септік болмақ.

Мамандар бетонға зиянсыз Bacillus атты бактерияларды қосып, сапасын жақсартуды көздеп отыр. Жарықшаққа су түскен сәттен бастап бактериялар әктас жасап көбейе бастайды. Бактериялар өз кезегінде кальций лактатымен қоректенеді. Бұл құрамды бетон жасау кезінде бірге қосады.

Зертханалық сынақтар көрсеткендей, бактериялар көлемі 0,5 мм болатын жарықшақтарды толтыра алады екен. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: zhelezyaka.ru

Б. Қосмағамбет