
блог
«Сарыарқа» газетіндегі Жүсіпбек Аймауытовтың қолтаңбасы
«Сарыарқа» газеті – Алаш орда өкіметінің ел арасына кеңінен тараған басылымдарының бірі. Халықтың мұң-мұқтажы мен ұлттық мәселелерді көтерген газетте Алаш партиясының саяси бағдарламасы, Алаш орда өкіметінің қаулылары мен түрлі маңызды құжаттар жарияланып отырды. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Тұранбаев сияқты қайраткерлермен қатар Жүсіпбек Аймауытов та «Сарыарқа» газетінде мақалаларын жариялап отырған. Тіпті 1917-1918 жылдары газетте қызмет iстеп, қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді қозғаған.
Ж.Аймауытовтың «Сарыарқаға» жарық көрген алғашқы мақаласы – «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!». Қыр қазағына, жастарға бостандықтың таңы атқанын, теңдіктің не екенін түсінетін уақыт жеткенін айтады. «Біздің қара халық бұ теңдік, бұ бостандық кімге келген теңдік, бостандық, неменеге келген бостандық екенін әлі білген жоқ сияқты» деп, қара халыққа бостандықтың не екенін, әсіресе, сөз бостандығы берілгенін түсіндіруге тырысады. «Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманның» келмеске кеткенін, енді бас қосып, ұйым болып, жұдырықтай жұмылатын ел болатын уақыт келгенін айтады. Халықтың мұңын жоқтап жүргендерге іргелі мемлекет болуға шақырды.
«Партия» атты мақаласы жарық көрген Жүсіпбек Аймауытов «Сарыарқа» газетінің белді мүшесіне айналады. Қазақ арасындағы партия ұғымының ескіргенін айтып, ендігі уақытта жаңаша көзқарас болу керектігін түсіндіргісі келеді. Басқа жұрттың партиясы секілді тұрмысты жөндеуге, әлеуметтік-құқықтық теңдік алуға, пайдалы іс қылуға шақырады. Халықты соңына ертетін партияның қандай болу керектігін баяндаған қайраткер ел жақсыларын халыққа қызмет етуге үгіттейді. Ол «Партия басыларға баяғыдан бергілері де жетер, енді партия шығарып, елдің шырқын бұзбау, жақсылық заманның тілеуінде болып, елге береке келтірер деп сенеміз» деп бақытты болашақ үшін күресу керектігін айтып, халық арасын былғаған партиядан бас тартуға шақырады. Осы газетке шыққан «Азық-түлік» жайлы мақаласында да халықтың мұң-мұқтажын көрсетеді. Әр ауылдың ауылнайы облыстық азық-түлік комитетінен келіп, керек-жарағын алуға көмектесетінін, заттардың тізім арқылы берілу керектігін қозғайды. Осы мақаладан-ақ Жүсіпбек Аймауытұлының ұлтжанды, күрескер екенін байқаймыз.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Сарыарқа» газетінде жарық көрген мақалаларынан қоғамдық-саяси, әлеуметтік істерге араласқанын, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға тырысып, атсалысқанын көруге болады. «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген ұстаныммен өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытовтың мақалалары осының дәлелі.