52,5 миллион минут

52,5 миллион минут
жеке
блог

Кеше бір танысымды кездейсоқ жолықтырып қалдым. Әлі пессимист күйі. Өмірі жолым болмайды деп өз-өзін әбден жеп, тек құр сүлдері қалыпты. Оған әсер еткім келді. Әсер ету үшін ерекше бір сөз табу керек. "Хм..." Таптым! Кешегі жазған материалдағы сөзді айтайын... 

-Бір жылда қанша минут бар екенін білесің бе?

-Жоооқ.

-Бір жылда 52,5 миллион минут бар... Әрбір минутың құнды. Сондықтан адам әр минутын қадірлей білуі керек. Ім...

Сөзімнің соңы қойыртпақтанып кетті. Пафосқа ұқсап кетті ме... Оған әсер ете алмағанымды сездім. Танысым жалынсыз көзін бір төңкерді де, мұңайған күйі сағатына қарады.

Жоқ, сәл де болса, әсер еткен сияқтымын... 

-Менің кетуім керек. Сағат болып қалыпты...

-А... Иә... Иә...

Бекер қуаныппын. Әлем өзгерте алмаған адамды, менің бір ауыз сөзім өзгертсін бе?.. Оны аяп кеттім. Дұрысы оны бақытсыз бейбақ санап, оған ақыл айтып көлгірсіп тұрғаным үшін өзімді аядым... 

Өмірдегі әр адам өз қалауымен өмір сүруге құқылы. Ол өзі қалаған жолымен тыныстасын. Бәлкім, оның өмірі менің өміріме қарағанда әлдеқайда бақытты шығар?.. Әсілі, бақыт деген дүние әркімнің өз әлемінде дербес өмір сүреді емес пе? Әркімнің қабылдауына, түйсінуіне байланысты... 

Шекесі шалқыған бай болуды арман етпеймін. Құдай бір нәрсені көп берсе, бір нәрсені кем береді. Бір кем дүние. Байлықты неғылам дейді кейбір ел. Байлық пен бақыт бір-біріне кереғар ұғымдар ма деп қалам кейде. Байлықты өздері бай болмаған соң, кейбіреулер ашкөздік һәм уақытша рақат деп түсінеді. Бай-бағлан болған жаман ба? Әлбетте, жоқ. Не ішем, не кием демейсің, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. Бірақ, бақыт болмаса... Иә, бақыт болмаса, байлықтан не қайыр?

Дұрысы, тағдыр маған бақытын сыйласын.  

Кейде  айна алдында тұрып, өзімді танымай қалам. Қарсы алдымда тұрған басқа адам сияқты. Өзінің өмірі бар, өзінің әлемі бар. Мен, яки мен. Өзімнің жаһанның бір түкпіріндегі кішкентай бір құмды ауылда туған қарапайым пенде екеніме, дәл қазір осы болмысыммен бар екеніме көндігем. Көндігіп тұрып, мақтанам.

Пенде екеніме.

Кейде тесіліп қарап тұрған нәрсеңді қалың ойдың құшағында тұрып, көрмейсің ғой... Қарайсың, бірақ көрмейсің. Мұңды, зарлы дауыстарды естісем де, есіткім келмейді. Кейбір нәрселерді дәл сол қалпында қабылдау керек екенін түсінсем де, түйсінгім келмейді.

Адамдар сондай құнсыз сияқты көрінеді. Біздің бөтен біреудің тағдырымен шаруамыз жоқ. Бейтаныс адамның тағдыры біз үшін өмір сүрмейді.

Мысалы біреумен таныстық делік. Сол танысқанда, оның өмірін, тағдырын бастан-аяқ ойлап шықпайсың ғой.

«Бана бір баламен таныстым. Аты Пәленше. Осы жерде оқиды (не жұмыс жасайды), осындай жылғы. Сымбатты (симпа) былай». Жақсы әсер қалдырса, құрбымызға осылай дейміз. Бітті. Ары қарай, ол баланы қайтып ойламайсың да.

Әркім өзіне жұлдыз. Ешкім өзін ешкімнен төмен көргісі келмейді. Әркім өзіне әулие, өзіне күнәсіз. Заң солай. Еш жерде жазылмаса да, бәрі білетін тағдырдың сондай. Тағдыр демекші, тағдыр дегенде, ойымызға қуаныштан бұрын, қиындықтың сап ете қалатыны несі екен? 

Әлемді өзгертсем ғой... Жапырақты қызыл, гүлді жасыл түске бояп емес. Адамдарды екі қол емес, үш қолды етіп құрап та емес... Бақытты көбейтіп... Иә, иә, бақытты көбейтіп... Әр адамға бір сәтте бар бақытты үйіп-төгіп берсем...

Әлем онсыз да сондай. Әркімге тым құрығанда бір мүмкіндік беріледі. Тек оны қалт жіберіп алмау керек...

Сондықтан, ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Өзгерем деу де бос сөз. Бір орында тұралап қалмай, өзіңді жетілдіру өзгеру емес. Бұл мақсатқа ұмтылу. Ал мақсатқа ұмтылам деп сен сол қарапайым кезіңде тырысқансың. Егер аңсаған арманыңа жетсең, ол дәл қазіргі жеңімпаз болмысыңның емес, сол кездегі қарапайым болмысыңның жеңісі. Қалай барсың, өмір бойы сол болмысыңмен өтесің...

Бәрі басында мұқият ойластырылып қойған. Өмір сонысымен де құнды. 

Сурет: netpresso.ru