- Негізгі бет
- Психология
- Сізге бәрібір ме...
Сізге бәрібір ме немесе пофигист деген кім?
Пофигистер өмірдің шынайы бейнесін таразыға тарта алатын адамдар
Авторы белгісіз
Түймедейді түйедей етіп, кішкене нәрседен үлкен қиындық жасап алуға әуеспіз. Пофигистер өмірдің еш жерде жазылмаған, қатып қалған заңдарына қолдарын бір сілтеп, өз заңдарымен өмір сүретін адамдар.
Әркімнің ұлы ұстазы - Өмір. Пофигист болу үшін пофигист болып туу керек десек те, адам тағдырдың сан түрлі сынақтарына шыңдала келе, пофигист болып шыға келуі әбден мүмкін.
Пофигизмнің мәні көп нәрсені ұту үшін аз күш жұмсау. Бұл жағынан алғанда пофигистерде эгоистік бар деуге болады.
Бәзбіреулер пофигистерді жалқау адамдар деп есептейді. Бірақ, олай емес. Пофигистер күш-қуатын өздер маңызды деп санайтын жұмыстарға сақтап, көрінген жағдайға жігерлерін сарп ете бермейді. Ал тығырыққа тіреліп, қиындыққа қалып қойса, күйзеліске түсіп кетпейді. Бұл жағдайда оларда оптимистік көзқарас бар.
Бір жылда 52,5 миллион минут бар. Уақыт алтыннан да қымбат дейтініміз сондықтан. Жүйке шипагерлерінің зерттеуінше, өмірде кездесетін ірілі-ұсақты қиындықтың тек 7 пайызы ғана расымен қайғыруға тұрарлық жағдайлар. Басқаларын бей-жай қабылдап, өмірдің сырғып өтіп бара жатқан әр секундын бақытқа толтырып өткізуге тырысу керек. Әрбір ұсқа қиындықты күрделендіретін өзіміз. Неге соларға қолды бір сілтемеске?
Пофигистер дауыс беру, митинг, сауалнама дегендерге қатыса бермейді. Дегенмен, пофигистіктің жағымсыз жақтары жоқ емес. Мәселен бір студент-пофигист сабаққа қолын бір сілтеп бармай-бармай, ақыры оқудан шығып қалды. Кім ұтты, кім ұтылды?
Сондықтан пофигист болудың жөні осы екен деп, болып жатқан барлық жағдайға бей-жай қарау дұрыс емес. "Орайы келгенде орақ орып", қажет тұста өзіндік жеке пікірі бар тұлға екендігіңізді көрсетіп қойғаныңыз жөн. Психологтар сау пофигизм - жүйке жүйесін дін аман сақтайды дейді. Яки, кез келген нәрсеге бас ауырта бермей, тек маңызды нәрселерге бас қатыру сау пофигизмнің белгісі. Олар өз-өздеріне билік жүргізе алатын жандар.
Пофигизм бәріміздің де бойымыздан табылып жатады. Ал сіз пофигиссіз бе?
Сурет: tyrana.beon.ru, favim.ru
Дайындаған: Мейіргүл Сержанқызы
Р. Роза