Экран түзелмей, ел түзелмейді...

Экран түзелмей, ел түзелмейді...
жеке
блог

Қадірлі сайтымыздың оқырмандары мен блогшылары! Естеріңізде болса, апта сайын үздік блогтың анықталып отыратынын айтқан едік. Massaget.kz сайты тілшілерінің шешімімен бұл жолы Шуақ Қайратқызы  жазған "Экран түзелмей, ел түзелмейді..." атты блог үздік деп танылды. 

Редакциядан 

Бәріміз де көпті көрген көреген қарияларымыздың өнегелі сөздерін бойымызға сіңіріп,  мол тәлім алып өстік..Әлі есімде атам мен әжем өз замандарын, әсіресе, жалынды жастық шақтарын айтқаны...  Мынандай сұрапыл заманда көгілдір экраннан небір сұмдықтарды көргенде, «Біздің кезімізде теледидар жоқ болса да, теледидар не тәйірі, шырақ жоқ кезде, май шамның түбінде отырып, жақындарымызбен әңгіме дүкен құрып, сыр шертісетін едік». Сол кезде шынайы жандар , шынайы ілтипат, түзу ниет болғандығын , сол заманды сағынатындарын бір-ақ  ауыз сөзбен жеткізетін, ол- «шіркін» деген сөз еді... Ал енді уақыт өте келе олардың айтқан сөздерін жете түсінгендеймін.

       Жаһандану заманы - XXI  ғасыр. Айтсақ, бір керемет сөз! Мүмкін басқаларға ғажап ғасыр, ғажап ұғым, ғажап дүние  болар... Мен үшін олай емес... Егер бұл өмірде уақыт машинасы болса уақытты кері айналдырып, сол сыйластық пен шынайылықты ту еткен ата- әжелерімнің заманында өмір сүрер едім... Күннен күнге көгілдір экраннан  адам айтса нанғысыз жайттарды көріп жағамызды ұстаймыз. Дастархан басында көгілдір экранға қараудан ұяласың, кейде.  Ал осыларды көрмей- ақ  қояйықшы деп, басқа арналарды қарасақ, ұзын- сонар  сол пұтқа табынушылықты уағыздайтын «Ананди» мен «Ича»(телехикаялардың атынан қарағанда, кейіпкерлердің аты жадымызда  тез сақталады ғой) Бұлардан басқа да үндінің әдет-ғұрыптарын насихаттайтын телехикаяларымыз күн санап көбеюде. Жақында енді « Мадхубаласы» шығады. Ана-апаларымға  қазір балаларының болашағынан қарағанда, Ананди мен Ичаның болашағы  көп толғандыратыны арқама аяздай батады.Балғын балдырғандарымыз да үлде мен бүлдеге оранып алып,  маңдайына  қып – қызыл бояу жағып,  үндінің биін билеп,  жүздері бал-бұл жайнап жүр. Анасы үндінің телехикаларының шырмауына түссе, баласына не айта аламыз?!  Отандық өнімдерді көбейтетіндері қайда?!  Бірең- сараң ғана қазаққа тән телехикаяларымыз бар. Ал оның да қадір-қасиетін  кетіріп, «көрермендердің сұрауымен» деген желеумен қайта-қайта көрсетіп, халықты жауыр қылды. Кішкентай кезімде экранымызды мексиканың телехикаялары жаулап алып  еді... Осы сәтте «Қосылар күн бар ма екен сүйгеніме?» деген Палома, Диего деген кейіпкерлерден тұратын бір түйірде тәрбиелік маңызы жоқ телехикая есіме түсіп отыр. Тіпті таныс аға- аталарымыз  жаңа  үйлерін  тұрғызғаннан қарағанда, осыны көруге асық болатын...Айтпағым, үй тұрғызып жатып, осы басталды дегенде алды артына қарамай, асығып- үсігіп кетіп қалады екен. Сосын түркияның телехикаялары. Бәріне топырақ шашпаймын, тәрбиелік маңызға ие телехикаялары да бар болатын... « Отбасы тауқыметі», « Күзгі жапырақтар», «Қайта бүр жарған шынар»  бәрі шындыққа жанасады,өмірден алынған. Адамға үлкен ой салады. Телехикаялардың желісі: Ата-анасы баласы үшін шыр-пыр болып, жанын шүберекке түйіп жүргендері, ал ата- ана қадірін түсінетіндерде бар, түсінбейтіндерде бар, түсінбесе, кеш түсініп, өткенге өкінетіндер де жетерлік; бейтаныс жандарға бойжеткен қыздың жаңа  өмір сыйлауы ( қыздың қайтыс боларының алдында басқаларға өз ағзаларын беруге ризашылығын білдіруі) Ал қазіргілер бір сарын. Атыс-шабыс,  телехикаяға жаңа серпін  беру үшін  аяқ астынан психикалық ауытқуы бар адамның  пайда болуы, мұрагерлік үшін талас-тартыс т.б. Әлі  экраннан түспей келе жатқан ана « Ұмытылмас» қандай тәрбие береді бізге?! «Соның түйіні не?» деген оймен сан рет қайталап көрсем де,  түк түсіне алар емеспін. Апалы- сіңілілердің бір жігітке ғашық болуы не деген сұмдық?! Түркияның телехикаялары да саябырлады, орнын баяғы үнді телехикаялары басты. Ендігі кезек кәріс телехикаяларында. Кәріс халқы өз тарихын дәріптесе де осылар жақсы еді... « Ханзада Жумоң», «Қайсар  ханша»,  « Ұлы ханша Сон Док», « Кэбек», « Ұлы әмірші  Куаң  Ге То» т.б. Басқа елден қарағанда, кәріс телехикаяларының үлкенге құрмет, кішіге ізеттілігі қандай телехикаялары болсын тайға таңба басқандай айқын аңғарылып тұрады. Ал қазір кәріс телехикаясы бізде түп –тамырымен жойылып кетпесе де , сирек көрсетіледі.

   Қорыта айтқанда,  көгілдір экраннан мағынасы терең, мазмұны бай, шынайылыққа толы  фильмдерді, телехикаяларды  көрейікші, жамағат! Қадыр Мырза Әлінің: «Адам боп туу – анадан, айуан боп кету – өзіңнен!» деген қанатты сөзін жадымызда мәңгі сақтай білейік! Экран түзелмей, ел түзелмейді...