Бір тамшы сыр
жеке
блог

Бір тамшы сыр

Қадірлі сайтымыздың оқырмандары мен блогшылары! Естеріңізде болса, апта сайын үздік блогтың анықталып отыратынын айтқан едік. Massaget.kz сайты тілшілерінің шешімімен бұл жолы  Мақпал Құрбанқызы жазған "Бір тамшы сыр" атты блог үздік деп танылды. 

Редакциядан

 

Үйде жүрмін. Ауызғы бөлмеге шықсам қақ төрде әкем отыр. Дәлірек айтсам, әдеттегі орнынан жоғарырақ жерде жастықты шынтақтаған күйінде жантайып жатыр екен. Анам жанында отыр. Жүзі бал-бұл жанады, өте қуанышты, ерекше жайдарлы. Көңілденіп әңгіме айтуда. Аулада мал сойылып, қазан асылып жатыр. Сегізіміз түгел ауылға келгенбіз. Үйдің іші абыр-сабыр. Әкемді көрген мен керемет күйге ендім. Ол кісі алыстан келгендігін әңгімелеп қояды. «Әкеміз өлді дейміз, ол тірі екен-ау. Масқара, біз оның қырқын да өткізіп қойдық емес пе?! Тіпті, газетке естелігімді де беріп үлгердім ғой» - деп іштей күбірледім. Сөйтіп, «әкем келді» - деп бәріне хабарлап жатырмын. «Сыртта жүргендерге «әкем келді» деп айта салыңдаршы» - деймін шығып бара жатқандарға.

  Көзімді аштым. Түсімді жалғастырғым келді. Қайта жұмамын. Көргенімді көз алдымнан өткізіп жатырмын. Тіпті, дәл осы сәт ұйқымнан оянғаныма да өкінетіндеймін. Жүрегім сыздады. Не деген бақытты шақ?! Шіркін, қандай керемет күн?! Міне, әкем келді, анам жанында, бәріміздің басымыз қара шаңырақта қосылыпты-ау. Бір таңғажайып сәт туып, осының бәрі өңіме айнала кетсе деймін. Дәп бір сиқырға сенетін бүлдіршін бала секілдімін. Өзегім өкініштен өртеніп кетті. Енді анамыздың жанында дәл осылай әкеміз отыратын бұл сәттің ешқашан тумайтынына өкіндім. Мұның бәрін тек түсімде ғана тамашалауыма тура келетініне мұңайдым. Бетімді көрпемен көлегейлеп, қараңғылықтың құшағына ендім де, жастығымды жасқа толтыра бердім. Сонан соң бұл түсімді «Әкем бізді алыстан бақылап, бәрін де көріп-біліп жүр екен-ау» деп іштей жорыдым.    

  Менің әкем асыл адам еді ғой. Ол кісі керемет әке бола алды, ал мен сондай жанның қызы болғаным үшін бақыттымын. Қажет болса мен әкемнің басқан ізіне де тәу етуге даярмын. Иә, иә, әкешімді үлгі ретінде ұлықтауға құқым бар, себебі ол кісі қадір-құрметтің бәріне де лайықты болды. Жүзі мен жүрегінен жылылықтың нұры тамып тұратын еді-ау, шіркін... Жаным әлі де ауырады, әкемнің өлімімен бірге жүрегімнің жартысы үзіліп түскендей. Өмірімдегі әдемі суреттер әп-сәтте жаңбыр жуған секілді жағалданып кеткендей болды. Бұл - ешқашан, ешуақытта ұмытылмайтын қайғы, жазылмайтын жара. Өкінішті-ақ...    

  Тым кішкентай кезім. Қуыршақ ойнаймын. Ағамның балаларының бесікте жатқанын көріп айттым ба екен, білмеймін, әйтеуір: «Маған да бесік әперіңдер» деп бой бермеген болуым керек. Әкем: «Мен саған қазір бесік жасап беремін» деп шығып кетті. Ол кезде қазіргідей сан түрлі ойыншықтар қайдан болсын?! Содан үйдің артындағы гаражға кіріп кетті де, біразға дейін шықпай қойды. Шіркін, әкем ұста еді ғой... Бір кезде ағаштан қуыршағымның бойына шақтап жасалған әдемі бесікті үйге алып кірді. Қуанышымда шек жоқ. Тартпа бауларын шүберектен анама жасатып алдым. Тойдан келген бе екен, ойымда жоқ, әйтеуір басында ақ желегі бар үлкен қуыршағым болатын. Сол ойыншығымды біразға дейін бесікке бөлеп қойып, әлдилеп ойнап жүргенім әлі есімде. Шіркін, балалық бал күндер-ай... Неткен уайымсыз, қамсыз күндер десеңізші...

  Балалық шағым. Үшінші не төртінші сыныпта оқитын болуым керек. Жаңа дәптер алып, өзімше іші-сыртын әрледім. Сөйттім де, сыртына бадырайтып: «Өлең дәптер» деп қарындашпен қатырып жазып қойдым. Содан «ақындық» қасиетім ашылып, көзге көрінгеннің бәріне өлең арнап, түрлі-түрлі тақпақтарды тізіп қойдым. Қай бір ұйқасы келіскен керемет шығарма дейсіз?! Әйтеуір, шалдыр-шатпақ бірдеңелер. Бірақ, мен үшін баға жетпес туынды болып тұрғаны айдан анық. Содан мақтаншақтығым ұстап, өлеңсымақтарымды әкеме көрсеттім. «Оқы» деді маған. Оқи жөнелдім. Әр өлеңім біткен сайын, «Туһ, неткен шумақтар мыналар, қалай жазады, ә?» деп мақтауымды асырып қояды. «Кәне, тағы қайсы?» дейді, мен келесісін тағы да орағытып оқып шығам. Соңында «Әй, естіңдер! Тыңдаңдар мына қыздың жазғандарын, сендер осылай жаза аласыңдар ма? Әрине, жаза алмайсыңдар. Бұл қызға жету қайда сендерге...!» деп барып тоқтады. Өзі ғана емес, үйдегілердің бәрін отырғызып, тыңдатып қойды. Сондағы түрімді көрсеңіз. Екі езу екі құлақтың ұшына ілініп қалған мен мәз-мейраммын. Өзімді керемет ақын санап қоям. «Шынында да тамаша жаза алады екенмін» деймін өз-өзіме. Сөйтем де, жазған шатпақтарымды қайта-қайта парақтап, қарап шығам. Кейінге дейін сақталған сол дәптерімді біраз бойжете бастаған шағымда оқып қарап, «ешкім көрмесін» деп ұялып  жыртып тастағаным өзіме ғана аян. Қазір ойласам, сол балалық әрекетім күлкілі болғанмен, әкемнің әр мақтауы «баланың беті қайтып қалмасын» деген оймен жасалған ісі екен ғой деймін.

  Мектеп бітірген жылым. Қолыма алған бір парақ қатты қағаз – менің бітіру туралы куәлігім. Ішіндегі бірінің астына бірі тізбектеліп қойылған бағалар да мақтанарлық. Осы көкшіл құжат – менің арманымның алғашқы бастамасы еді. Бір баспалдақты артқа тастап, келесісіне аяқ басқалы тұрған шағым. «Журналист болам» дедім. Әпкелерім үдере қалды. «Журналисті несі, медицинаға бар, дәрігер бол, бір отбасыға бір дәрігер керек қой, ауырмай тұрмаймыз дегендей» деп үгіттей бастады. Әрине, оған дер кезінде мақұлдап көне қоятын мен бе, еркелік мінезіме басып: «Жоқ, өзім сүйіп оқымаған соң, сірә, менен жақсы дәрігер шыға қоймас» деп ырық бере қоймадым. «Бәлкім, бухгалтер боласың, көбіміз осы саланың басын ұстадық қой» деп тағы бірдеңе айтқылары келеді. Мен баяғыша бас шайқаймын. Осы кезде бағанадан үнсіз тыңдап отырған әкем бір-ақ сөзбен бәрін тиып тастады: «Болды, доғарыңдар, журналист болам деді ма, журналист болады. Өзі біледі, сендердің шаруаларың қанша?!». Сол күн, сол сәттен бастап менің болашақ мамандығым қайта талқыға салынбады. Мен де дегеніме жетіп, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің студенті атанып шыға келдім. Осылайша асқар тауым - әкемнің қолдауымен мақсатыма жетіп тындым.

  Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, тұрмысқа шықтым. Екі баланың анасы атандым. Екінші ұлым дүниеге келмес бұрын іштей: «Қандай ат қойсам екен?» деп ойланып жүретінмін. Ерекше есім іздеп, «нұр» сөзінен басталатын әдемі атаулардың бәрін өзімше санамалап қоятынмын. Себебі, «нұр» сөзінің мәнісі керемет ұнайтын. «Алланың нұры жаусын», «нұрға бөленсін» деген тіркестердің астарынан жақсы мағына байқайтынмын. Перзентханада жатып, «Нұрбек, Нұралы, Нұржаусын, Нұрлыбек, Нұрлыхан, жо-жоқ, қалай қойсам екен, ммм, Нұрлы-ы-ы...» деп тізімді ары қарай жалғастыра алмай, ойға батып отырып қалатынмын. Содан перзентханадан шығуға таяған күні әкем хабарласа кетті. Сөзінің аяғында: «Ұлдың атын Нұрлы деп қойсақ қалай болады?» дегені. «Апаңмен, тағы да басқалармен ақылдас, олардың да ойлағаны бар шығар, ойларын ескерусіз қалдыруға болмайды, қызым» деп тағы да нақтылап қойды. «Өзің шешерсің енді, мен тек ой қосушы ғанамын» деді сөз соңында. Қуанып кеттім. Әдемі есім емес пе? Айтуға оңай, астары терең. Оның үстіне жиі кездесе де бермейді. «Неге баста ойыма келмеген?!» деп жазғырып қоямын өз-өзімді. Содан ақылдаса келе, ұлымның туу туралы куәлігіне осылай деп жаздырдым. Бір қызығы, мен әлгі ойымды ешкімге, тіпті жолдасыма да айтқан емес болатынмын. Сөйтіп, әкемнің көрегендігі соншалық, жырақта жүрген менің ойымды дөп басып, баламның атын қойып берген еді. Осы оқиғаға біразға дейін таңқалып та жүрдім. Кейін сол ұлымның тұсауын да әкем өзі кесіп, ақ батасын берген болатын.

  Ол кісі менің өзімді Мәкентай десе, жолдасымды Бекентай деп еркелетіп қоятын. Анда-санда телефонмен хал сұрасқанда менің екі балам - Айназым мен Нұрлымды  «Айекең қалай? Нұрекең не істеп жүр?» деп сыпайылап сұрайтын. Одан соң: «Болды, даусыңды естісем болды, сол жетеді маған, қалған жаңалықтарыңды кемпірге айта бер, сосын өзім одан сұрап алам» деп сөзін аяқтайтын. Екеуміздің арамыздағы қысқа ғана екі ауыз сөзден құралған диалог әкем үшін жеткілікті болатын. Қазір ойласам, сондағысы менің даусымнан менің көңіл-күйімді байқағаны екен ғой. «Басқаларыныңкін білмеймін, бірақ Айназдың туған күні – 26-қаңтар» деп қоятын. Сол күні құттықтауды да ұмытпайтын. Басқа немерелерінің дүниеге келген күнін есте сақтай алмаса да, менің қызымның туған күнін жадынан шығармайтын.

  Әкемнің кенже әрі ерке қызы - маған деген махаббаты өте ерекше болатын. Анам мені отыз тоғыз жасында өмірге алып келіпті. Сондықтан да болар, әкешімнің мен дегенде жаны бөлек еді. Үйдің ең кішісі болғандықтан, солай болуы заңды да шығар. Бірақ, әкемнің маған деген қамқорлығы мен мейірімі өте ыстық болатын. Маған жаны ашығыш еді. Көңіліме кірбің түскенін байқаса, іштей уайымдап қалатын. Менің жайымды да басқа балаларына қарағанда көбірек ойлайтын. Алматыда оқуда жүргенімде де, тіпті тұрмысқа шыққан соң да «Ана қызға қараңдар, керегін әперіңдер, бас-көз болып, қарайлап жүріңдер» деп аға-әпкелеріме үнемі тапсырма беріп отыратын. Қыдырып келсем, төрге шығарып, әкелік сый-құрметін көрсететін. Көбіне-көп мені бала секілді етіп, қасына отырғызып алушы еді. Сөйтіп, соқталдай болсам да, әке-шешемнің орталарында отыратынмын. 

  Қайын жұртымда Серікбек есімді нағашы ағамыз бар. Ол кісі көзі ашық, көкірегі ояу, көпті көрген, білетіні мол жандардың қатарынан. Әңгімесі әдемі, сөзі салиқалы. Сол кісі менің әкемді әрдайым әңгімесіне қосып отыратын. Мені көре қалса: «Әке-шешең қалай, аман-есен бе?» деп сұрайтын да бірінші осы ағамыз еді. Әкемді «супер құда» деп қоятын сөз арасында. Екеуі бірін-бірі көрген жерде біразға дейін шүйіркелесіп, әңгімелері  жараса кететін. «Сенің атаң мен енең - керемет жақсы адамдар. Олардың сондай болғанына сен қуан» деп үнемі күйеуіме де айтып отыратын. Серікбек аға әкем өмірден кеткен соң көңіл айтып үйге келді. Сол кезде де жолдасыма: «Сенің атаң өте көреген жан болатын» деп дастархан басында айтып қалды. Бұл сөздер – мен үшін үлкен ғанибет, зор мақтаныш екенін сол сәт ешкім сезбеген де болар. Десе де, әкем туралы айтылған осы бір ауыз сөз – менің мерейімді ерекше көтерген еді.   

  Иә, осылайша, көзді ашып-жұмғанша сүйікті де ардақты адамым өмірден өтті де кетті. Шындығында, «әкем қайтыс боп кетті» деген сөзді айту – мен үшін өте ауыр. Сол сөзді айтқан кезде, қарсы алдымда отырған біреу жеңіл қабылдап, «е-е-е» дей салса, көңіліме қатты тиетінін де жасырмаймын. Әкемді мәңгі жасайтындай көруші едім. Сөйтсем, бәрі де маңдайға алдын-ала жазылып қойған талқы тағдыр екен ғой. Қайғы мен қасіретке ұласқан «ажал» атты алыс сапары арамызды әп-сәтте алшақтатты. Содан қайта қайтпайтынын білсем те, әлі күнге дейін оның жоқтығына сенгім де, көнгім де келмейді. Міне, қазір әкемнің ақылға толы әңгімесі мен «Мәкентайым, балапаным» деп еркелеткен сөздерін аңсаймын. Көзілдіріктің ар жағынан кейде таңдана, ал кейде паңдана қараған әдемі көздерін аңсаймын. Бәрінен де, орны бөлек, қымбат жан - әкешімнің ортамызда жүрген бақытты шақ, керемет кездерін аңсаймын. Оған деген сарқылмайтын сағыныш, таусылмайтын махаббат бойымды әлі де кернеп тұр.

  Әкем кеткен соң өзімді әлемде жалғыз қалғандай сезінгенім де рас. Келбеті көз алдыма келе қалса, жүрегім шымырлап, жаным ауырады. Көңіл-күйім күрт өзгереді. Анамның жесір, ал өзімнің жартылай жетім атанғаныма шыдай алмайтындаймын. Бір білерім, әке рухы біздерді әрқашан қолдап-қорғап жүретініне сенімдімін. Өкініштісі сол, енді тек әке туралы ойларыммен ғана өмір сүруіме тура келеді. Себебі, әке бейнесі жанымыздан кетсе де, жадымыздан ешқашан кетпек емес.